• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қазан, 2023

Елордада Мұсылман ақсақалдар кеңесінің өкілдігі ашылды

230 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Астанада Мұсылман ақсақалдар кеңесі өкілдігінің ашылу рәсіміне қатысты. Аталған іс-шара бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының ХХІ отырысы аясында өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев Ұйымның Орталық Азиядағы өкілдігін ашу туралы ұсынысты Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінде Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед әт-Тайеб жасағанын айтты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға қолдау білдірді.

«Мұсылман ақсақалдар кеңесі барлық діндердің ынтымағын нығайтуды көздейді. Осындай беделді ұйымның аймақтағы өкілдігінің Қазақстанда ашылуы біз үшін үлкен мәртебе. Кеңес дәріптейтін толеранттылық, бейбіт қатар өмір сүру, өзара қамқор болу сияқты құндылықтар Қазақстан үшін де маңызды басымдыққа ие. Алдағы уақытта Съезд Хатшылығы конфессияаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде дамыту бағытында Кеңеспен бірге белсенді жұмыс істейді», деген Мәулен Әшімбаев жаңадан ашылған өкілдіктің жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Мұсылман ақсақалдар кеңесі – бейбітшілік пен жаһандық дінаралық диалогты нығайту мақсатымен құрылған тәуелсіз халықаралық ұйым. Кеңестің филиалдары бұған дейін Швейцария, Мысыр және Марокко елдерінде ашылған.