Көкшетау қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин музейінде ардақты тұлғаның әулетінде атадан балаға мирас болып келген қасиетті Қағбаның жібек жіппен әдіптелген мақпал жамылғысы – Қисуа сақталған.
Қағбаның жамылғысы әр дәуірде түрлі түсте болыпты. Мұхаммед пайғамбар оны Ақ Йемен матасымен жапқан. Біздің қазіргі көріп жүрген қара түсті жабу 749-1258 жылдары Араб халифатын билеген – Аббасидтерден (Мұхаммед пайғамбардың немере ағасы Аббас ибн Абдуль-Мутталибтен тараған) бастау алған.
Жамылғыны жылына бір рет ислам күнтізбесі бойынша Зул-Хиджа айының (қажылық айы) 9/10 күні ауыстырып отырады. Арапа күні, яғни Қағбада қажылар болмайтын уақытта ескі қисуа жаңартылады. Жылына бір мезгіл қажылық сапарға барғандар Қағбаны көзімен көріп, алақандарымен сипап, оған қол тигізіп қана қоймай, мүмкіндік болса, қисуадан тұтамдай болса да тәбәрік алып қайтады.
Музейдің аға ғылыми қызметкері Мейрамгүл Шаяхметқызының айтуынша, 1892 жылы Мәлік Ғабдуллиннің арғы аталарының біріне қасиетті Қағбаның осы тәбәрігі бұйырған. Қисуаны академиктің әкесі Ғабдолла қария қастерлеп ұстап, жайнамаз ретінде пайдаланған. 1995 жылы музей ашылғанда батырдың ұлы Баттал мен немересі Әрсен оны музей қорына тапсырады. Қазір құнды жәдігер музейдің «Ұядан ұшып қияға самғаған» атты экспозициялық залының төрінен орын алған.