• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Құтқарушы 12 Қазан, 2023

Ұлымды құтқарған азаматқа шын жүректен ризамын! – дейді өрттен құтқарылған 12 жастағы баланың әкесі

223 рет
көрсетілді

Жуырда Петропавлдың өрт сөндірушілері бір баланы ажалдан құтқарып, 12 адамды, оның ішінде 3 баланы жалын ошағынан эвакуациялады.

Ажалдың аранынан жас баланы  аман алып қалу – өмір бойы есте қалатын ерекше ерлік деп атасақ, еш қателесе қоймаспыз.

Күтпеген дабыл 101 телефонына 27 қыр­­күйекте сағат 14.00-де түсті. Жуков көше­сі, 3 үй мекенжайындағы 6 қа­бат­­ты­ тұрғын үйдің соңғы қаба­тын­да­ғы пәтер­ден от лаулап жатқаны хабар­ланды. Дереу жеткен петропавлдық өрт сөндірушілер баспалдақ тамбурына­ жетер-жетпестен алдыңғы есіктің астынан будақтаған қалың түтінге тап болады. Улы түтін пәтер тұрғындарын, әсіресе жоғарғы қабаттардағы жандарды эвакуациялауға кедергі келтірді. Соған қарамай өрт сөндірушілер 12 тұрғынды, оның ішінде 3 баланы баспалдақпен көшеге шығарды, ал газды түтіннен қорғайтын қорған-шлемдері бар топ түтін бұрқырап жатқан пәтерге кірді.

«Пәтердің барлық бөлмесін қою түтін тұмшалапты.  Шамасы жатын бөлме болса керек, сол жақта ша­тыр­лап жеке заттар жанып жатты. Біз бөлмелердің бірінде бала бар екенін алдын ала білдік, өйткені ол 101 қызметіндегі диспетчер Жанерке Жиен­таеваға бейне-қоңырау арқылы өзі­нің қай жерде екенін көрсеткен екен. Біз оны түкпір бөлмеде басын бұғып отыр­ған күйінде таптық. Бірден терезені ша­ғып, таза ауамен дем алдырдық. Қолы­нан жетелеп, кіреберістен шығарған соң жедел жәрдем қызметкерлеріне тап­сыр­дық. Жолда ол мүмкіндігінше тыныш­талды. Осы кезде өзімнің үйде кү­тіп отырған үш балам есіме түсті», дей­ді ТЖД Өрт сөндіру қызметінің №2 маман­дандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлім­ше­сі­нің командирі, азаматтық қорғау аға сер­жанты Балқат Төкин.

Электр сымдарының қысқа тұйық­та­луынан тұтанған өрт 14 сағат 34 минутта толық сөндірілді. Оның шар­пы­ған аумағы 5 шаршы метрді құрады.  Өрт­ сөндіруге жеке құрамның 23 адамы және 7 бірлік техника жұмыл­ды­рыл­ды.­ Түпкілікті себеп пен залал алдағы уақытта анықталады.

Осылайша, денсаулығына әсер ету дәре­жесін анықтау үшін ауруханаға жет­кі­зілген 12 жастағы бала ажалдан құт­қа­рылды. Қазір оның өміріне қауіп жоқ.

Жәбірленушінің әкесі Юрий Гри­горье­вич өрт сөндірушілерге шын жүрек­тен алғысын білдірді. Ол «шын жүрек­тен» деген сөзін көп қайталап, «ұлым­­ды құтқарғаны үшін ризамын... Осы қызметке рахмет!» деп облыс орта­­лығының өрт сөндірушілеріне рия­сыз көңілден шыққан ризашылығын біл­дірді.

 

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобының бас маманы

 

ПЕТРОПАВЛ