Алда келе жатқан Республика күніне орай, Қостанайдағы «Қонай» шағын ауданында көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа үйге баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен кәмелет жасына толған жетім балалар қоныстанды. Еңселі үйдің ауласында өткен қоныс қуанышына қала әкімі Марат Жүндібаев қатысып, баспаналы болған отбасыларға пәтер кілттерін табыс етті.
Бірнеше жыл бұрын қала шетіндегі тақыр жерге салына бастаған тұрғын үйлердің бүгінде қатары көбейіп, енді еңсе тіктеп келе жатқан жаңа шағын ауданға айналған. Қазір мұнда 33 көпқабатты тұрғын үй бар. Желтоқсан айында 900 оқушыға арналған мектеп құрылысы аяқталып қалуға тиіс. Мектептің жанынан 75 орындық балалар шағын орталығы салынып жатыр. 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық тағы бір мектептің құрылысы басталады.
Тұрғындар жаңа қоныстанған 83-кварталдағы №1 үйге бейнебақылау құрылғысы, домофон, мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына ыңғайлы арнайы пандус орнатылған. Аулада балалар алаңы, спорт алаңы, кең автотұрағы бар.
Машмановтар отбасы бұған дейін бес баласымен қала іргесіне орналасқан саяжайдағы қуықтай бір бөлмелі үйді паналап келіпті. Көптен күткен арманы орындалған көпбалалы ана көзіндегі қуаныш жасын жасыра алмады.
– Қостанайға 2015 жылы көшіп келдік. Үй кезегіне осыдан үш жыл бұрын тұрғанбыз. Бұлайша тез аламыз-ау деп ойламаппын. Бүгінде елімізде мен сияқты көпбалалы аналарға үлкен қолдау жасалып жатыр ғой. Соның бәрін сезініп жатырмыз. Бес балам бар, үлкені – 11 жаста, кенжем – үште. Көпбалалы ана ретінде кішкентайларымның керегіне жұмсайтын жәрдемақы алып тұрамын. Облыс басшыларына алғысым шексіз, ешқашан жамандық көрмесін. Бүгінгі қуанышымыз баршаға жұғысты болсын, – дейді бес балдырғанның анасы Айгүл Машманова.
Қоныс қуанышына жиналғандардың ішінде пәтер иелерінің ата-анасы, жақын туыстары, әріптес жолдастары да жүрді. Баласы баспаналы болып жатқан зейнеткер Күлжан Күмісбекова көпшілік алдында облыс басшылары мен құрылысшыларға алғысын жаудырып, қоныстанушыларға көл-көсір ізгі тілегін арнады.
– Он алты немерем бар. Бүгін пәтер алып жатқан Тортай – ұлым, Арай – келінім, екеуінен бес немере сүйіп отырмын. Енді, міне, Республика күні мерекесіне орай, балаларым баспаналы болып, соған төбеміз көкке жеткендей қуанып жатырмыз. Он жылдан бері біреудің босағасын жалдап тұрды. Бүгін, міне, ақ түйенің қарны жарылып, тілегім орындалды. Қарапайым халыққа осындай керемет үй салып беріп, қарасып, қамқорлық жасап жатқан жанашыр мемлекетіміздің қуаты артып, дамып, нығая берсін! Алла Тағала бірлік атты алтын белдігімізден, ынтымақ атты елдігімізден айырмасын! Алда келе жатқан үлкен мерекеміз – Республика күні құтты болсын! Еш жамандық болмасын! Заман тыныш болсын! – дейді батагөй әжей.
Бірінші топтағы мүгедек, жетім өскен Руслан Қонақбаевтың пәтер кезегінде тұрғанына бақандай 14 жыл болыпты. Бұған дейін мемлекет уақытша деп берген бір бөлмені паналап келген Руслан бүгін көппен бірге жаңа үйдің бірінші қабатынан бір бөлмелі пәтер алды.
– Көпбалалы аналарға қарағанда, жетімдерге кезекке тұрып пәтер алу қиын. Сондықтан бүгін өз пәтерімнің кілті қолыма тиіп, қуанышым қойныма сыймай тұр. Президентіміз әлжуаз әлеуметтік топтарды баспанамен қамту, мемлекеттің қамқорлығына алу мәселесін үнемі қадап айтып, тиісті орындарға міндеттеп отырады. Бүгінгі қуаныш, бір жағынан, осындай мемлекеттік тұрғыдан жасалып жатқан жанашырлықтың нәтижесі деп білемін. Теңдік пен әділет үстемдік құрған ізгі қоғамның қамқорлығын сезінгендей үлкен бір толқыныста тұрмын, – дейді Руслан.
Қала әкімінің айтуынша, Қостанайда биыл төрт жалдамалы тұрғын үй пайдалануға беріледі.
– Жыл басында «Әуежай» шағын ауданында бір үйді ел игілігіне өткізіп бердік. Екіншісі – бүгін, міне, өздеріңіз кіріп жатқан үй. 24 қазанда «Юбилейный» шағын ауданында тағы бір үй пайдалануға беріледі. Ал жыл соңына қарай «Аэропорт» шағын ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындарына пәтер кілтін тапсырамыз. Бұл төрт үйге бас-аяғы 370 отбасы қоныстанады. Олардың 200-ден астамы – көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетімдер. Қонайда келесі жылы көпқабатты тағы 10 үй тұрғызу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі мектеп, бір балабақша жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулатория, емхана салынады. Жалпы алғанда, «Қонай» шағын ауданы алдағы бес-алты жыл ішінде 400 гектар аумақты қамтыған 80 мың тұрғыны бар іргелі елді мекенге айналмақ. Кейінгі бір-екі жылдың ішінде жаңа шағын ауданға жол салынып, қазір қоғамдық көліктер қатынайтын болды. Көшелерге жарық орнатылып жатыр. Жыл соңына дейін газ құбырын тарту жұмыстары толық аяқталып, әр үйге көгілдір отын кіреді. Мұның сыртында, биыл «Қонайда» 1 500 түп ағаш көшеті отырғызылады. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, бақыт, табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қонысқа қоныс қосыла берсін! – деді Марат Жүндібаев.
Салтанатты іс-шарадан кейін бірнеше пәтерге кіріп шыққан қала әкімі тұрғындармен бірге жаңа үйдің ауласына шырша көшеттерін отырғызды.
Қостанай облысы