• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Қазан, 2023

«Жеңілгеннің сөзі...». Әлемнің үздік шахматшысы қазақтан ұтылғанын мойындамай сылтау айтты

766 рет
көрсетілді

Әлемнің үздік шахматшысы,  2013-2023 жылдары әлем чемпионы деген атақты ешкімге бермеген, рапидтен де, блицтен де дүниежүзінде өзінің тегеурініне тең келер қарсылас шыдатпаған норвег шахматшысы Магнус Карлсен қазақ баласынан қирай жеңілді.

Дохада өтіп жатқан Qatar Masters Open халықаралық турнирдің екінші кезеңінде жерлесіміз, әлемдік рейтингте (FIDE) 528-сатыда тұрған Әлішер Сүлейменов Магнус Карлсеннің ойын да, ойынын да шідерлеп тастады. 32 жастағы Карлсен шахматтың әлемдік рейтингінде топ бастап тұр.

Қазақта «жеңілгеннің сөзі құрысын» деген сөз бар. Магнус Карлсен өзінен он жас кіші, әлемдік ретингте қою шаңның арасындағы Әлішер Сүлейменовтің жеңісін мойындағысы келмегендей сыңай танытты.  «Ол сағат тағып келіпті, мұндай  бәсі жоғары бәсекеде сағат тағуға рұқсат па» деп төрешілерге шағымданыпты. Төреші не дейді? «Ақылды сағат» болмаса болды, өзгесін  тағуына рұқсат», депті.

Он жыл бойы ешкім жалын жыға алмай әлемнің алақанында жүрген Магнусты былтыр 19 жастағы америкалық  Ханс Ниман да жеңген болатын.  Карлсен  Ханс қитұрқылықпен жеңді деп сотқа дейін барып татуласты. Бұл жолы Әлішердің тегеурініне төтеп бере алмады. Магнустың «қарсыластың сағатына қарап ойымды тиянақтай алмадым» дегені расымен де сылтау. Әлішер Сүлейменов тарихи жеңісіне алғашында өзі де абдырап қалғанын айтты. Оңай ма, он жыл бойы әлем чемпионатында ешкімге есе жібермей келген мықтының мысын басу!