• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Президент 16 Қазан, 2023

Жаңа тұжырымдама ынтымақтастықты нығайтады

236 рет
көрсетілді

Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуел­сіз Мемлекеттер Достас­тығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Қазақстан Президенті қо­­нақ­жай­лылық көрсеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысын­да Қыр­­ғызстанның табысты жұмыс ат­­қар­­ғаны үшін Садыр Жапаров­қа алғыс айтты.

Мемлекет басшысы ТМД жанын­­дағы Серіктес және Бақы­лау­шы мәртебесінің бекі­ті­луін бүгінгі отырыстың айтулы оқи­ғасы ретінде атап өтіп, бұл ше­шім Ұйымның ке­меліне кел­ге­нін және оны дамытудың жаңа ке­зеңіне қадам басқанын көр­се­тетініне назар аударды. Қазақ­стан Пре­зиденті геосаяси қай­шы­лық­­тардың шиеленісе түске­нін, әлем эконо­микасын­да тұрақ­сыздық күшей­генін айтты.

– Қазақстан жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер ететін эко­­­но­­микалық санкцияларды қол­дануға түбегейлі қарсы, – деді Мем­лекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қа­тыс­­ты пікір білдірді.

– Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ха­лық­­аралық қатынастарда әділ­­­­дік қағидатын орнатуды, халық­­аралық қоғамдастықтың бар­лық мүшесінің заңды және еге­мендік құқығын ескере оты­рып, оны демократияланды­ру­ды жақтайтынын жеткізді. Мем­лекет басшысы БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйым­­ның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшей­туге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді.

– Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сін реформалау ісінде асы­ғыс­тық танытуға болмайды. Біз­дің ойымызша, бұл маңыз­ды органға әлемнің барлық айма­ғы­ның елдері, соның ішінде жаһан­дық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұс­танымды осы жиынға қаты­сып отырған мемлекеттер басшы­лары­ның барлығы құптайтыны  қуантады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ын­тымақтастықты ны­ғай­ту үшін жаңа салаларды із­деуге бағыт­­талған ТМД форма­тын­дағы белсенді ықпалдас­тық­ты жалғас­тыруға шақырды.

– Тығыз сауда-экономикалық байланыстарды дамыту негізгі міндет болып қала береді. Достас­тыққа мүше елдердің нарықтары біз үшін қашанда басымдыққа ие. Өткен жылдың қоры­тындысы бо­йынша Қазақ­станның сыртқы сауда айна­лымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5  миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайда­лан­уымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсімдерді жеңіл­детуге баса мән беру қажет. Сонымен қатар Президент Дос­тастық кеңістігіндегі көлік дәліз­дерін дамыту маңызды екеніне назар аударды.

– Біз өзіміздің бірегей гео­графиялық артықшылы­ғымыз­ды пайдаланып, жаһандық нарық­тарды ұштастыруымыз керек. Осылайша, аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз. Әлемде жаңа эконо­ми­калық география қалыпта­сып, сауда ағындары ұлғая түс­­кен қазіргі жағдайда бұл ба­ғыт стратегиялық маңызға ие бола­ды. Бүгінде Еуропа мен Азия ара­сындағы құрлықтық-тран­зит­тік тасымалдың 80 пайызы Қазақ­стан арқылы өтеді. Біз Транс­каспий көлік бағытын, Солтүс­тік – Оңтүстік дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақ­стан – Түрікменстан – Иран темір­жо­лының мүмкіндіктерін толық­қанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал  теміржол жоба­ларын тезірек іске асыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ел­дері­­­міздің транзиттік әлеуе­тін ны­ғайту үшін қазіргі қолда­ныс­­тағы инфрақұрылымды жаңғыртып, әкімшілік рәсімдерді қысқарту және интеграцияланған логистикалық, соның ішінде цифрлық шешімдерді енгізу шараларының маңызды екеніне арнайы тоқталды. 

Президент ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштас­тыру тұжырымдамасын әзір­­леуді ұсынды. Оның пікі­рін­­ше, бұл құжат Еуразия кеңіс­ті­гін­дегі Достастық елдерінің мүд­­делерін ескеретін жаңа тран­зиттік-логистикалық кодқа айналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін келесі басымдық ретінде атап өтті.

– Анағұрлым өнімді әрі эколо­гиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзара ықпал­дас­тықты күшейткеніміз жөн. Озық тәжірибемен бөлісіп, өн­діріс пен өткізілетін өнім ара­сын­­дағы тізбекті жолға қою, сон­­дай-ақ фитосанитарлық және вете­ринарлық талаптарды оңтай­ландыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, климаттың жаһандық деңгейде өзгеруі елдеріміздің орнықты дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді.

– ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттің аумағында қазіргі экологиялық ахуал нашарлап, шөлге айналу және су қорының сарқылу жағдайында бұл пробле­маны елеусіз қалдыруға болмайды. БҰҰ бағалауына сәйкес 2050 жылға қарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшы­рауы мүмкін. Қазірдің өзінде Орталық Азия елдері Жер ша­рындағы орташа темпера­тураның көтерілуіне байланысты күрделі проблемаларға тап болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент елі­міз­дің аталған саладағы ма­ңыз­ды жобалары туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдырмай, Еуразия кеңіс­тігіндегі экологиялық ката­к­лизмдердің салдарын еңсеру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондай-ақ ТМД аясында осы бағыттағы конструктивті қарым-қатынасты нығайту аса маңызды деп санайды.

Бұдан бөлек, мәдени-гума­ни­тарлық ынтымақтастық мәсе­лесіне айрықша мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше елдер арасындағы көпжақ­ты ықпалдастықта орыс тілі ерекше рөл атқаратынына тоқталды.

– Биыл ТМД-да «Орыс тілі жылы» деп жариялануының сим­волдық мәні бар. Сонымен қатар біз бүгін Орыс тіліне қатыс­ты халықаралық ұйым құру туралы Шарт пен Жарғыға қол қою жөнінде тарихи шешім қа­был­даймыз. Бұл ұйым дербес ха­­лық­­аралық құрылымға ай­на­­ла­ды, құқық субъектісі ретін­­де та­нылады. Жаңа ұйым бар­­лық ел үшін ашық болады. Әри­не, бұл – жаһандық гу­мани­тар­­лық ынтымақтастық тұ­рғы­сы­­нан өте өзекті. ТМД кеңісті­гінде және одан әлдеқайда кеңі­­рек халық­аралық ауқымда орыс тілін насихаттау үшін қа­­был­­данып жатқан шаралар елдеріміздің ұлттық бірегейлігін нығайту үрді­сіне кері әсер етпейді. Қазақ­с­тан қазақ тілінің мем­лекеттік тіл мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Достастық елдері­нің волонтерлер бірлестік­тері­нің күш-жігерін жұмылдыру маңыз­ды екеніне назар аударды.

– 2024 жылды ТМД-да Во­лон­терлік қозғалыс жылы деп жариялау бастамасын құп­тай­мыз. Қазақстан 2020 жылды Волон­тер жылы ретінде атап өтті. Еріктілердің ізгі амалдары қо­ғамымызда тілеулестік, мейі­рімділік және жанашырлық қа­сиет­терінің терең тамыр жаюына елеулі үлес қосады. Мұндай адамгершілік талпыныстарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді ұсынды.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында 2024 жылы Ресей Феде­ра­циясының ТМД-ға төрағалық етуі және кезекті саммитті келесі жылы күзде Мәскеуде өткізу туралы шешімді қолдады. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті ТМД-ның Құрмет белгі­сімен марапаттау туралы Қыр­ғызстанның бастамасын құптады.

Сонымен қатар жиында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Пре­зи­денті Ильхам Әлиев, Бела­русь Президенті Александр Лу­ка­шенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.

Мұнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңей­тілген құрамдағы отырысына қатысты. Саммит қорытындысы бойынша Достастық елдерінің президенттері бірқатар құжатқа қол қойды.

Мемлекеттер басшылары кеңе­сінің келесі отырысы 2024 жылы Ресей Федерациясының төрағалығымен өтеді.