Кешеден бастап Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге бейнебайланыс арқылы кеңес беруге кірісті. «Байланыс орталығы» деген атаумен іске қосылған қанатқақты жоба салық төлеуге байланысты туындаған сан түрлі сауалға толыққанды жауап беріп, мәселені егжей-тегжей түсіндіріп беруге ниетті.
Расымен де, жобаның мақсаты – арнайы Qr-кодты сканерлеу арқылы немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz порталындағы сілтеме арқылы немесе Telegram-да Salyqbot-та «Бейнеқоңырау» арқылы түскен қоңырауларды қабылдап, осы бойынша салық төлеушілерге неғұрлым ыңғайлы және жылдам форматта консультациялық қызметтер көрсету.
Сервис кеңес алу үшін хабарласқан абоненттерге бейнебайланыс барысында мәтіндік хабарламалар мен қажетті сілтемелер жіберуге мүмкіндік береді.
Кіріс комитеті осындай жаңашыл қызметтерді іске қосу арқылы салық міндеттемелерін орындау үдерісін қарапайым, ыңғайлы және қолжетімді етуге күш салмақ.