Көпшілікке танымал «Келінжан-2» комедиясы 19 қазаннан бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Продюсер Гүлнұр Мамасарипованың айтуынша, сценарийде қызықты оқиғалар көп, тіпті алдыңғы түсірілген бірінші фильмнен де ерекше шыққан.
Аталған сериал 2018 жылдан бастап «Хабар» арнасынан көрсетіле бастаған болатын. Бүгінде 126 сериясы көрерменге жол тартты.
«Келінжан» тек қана арзан күлкі емес, айтары бар дүние болды. Қашаннан ең басты құндылық – отбасы болып саналған. Бұл жолы да сол отбасына басымдық берілді. Биылғы «Келінжан-2» Айсараның еншісіне тиіпті. Басты кейіпкер Айсара деуге тұрарлық. Негізі олай болғанын монтаждаған кезде бір-ақ көрдік», дейді бас продюсер.
«Хабар» телеарнасының директоры Жайна Сламбекқызы сериалдың биыл бесінші маусымын көрсеткенін атап өтті.
«Осының өзі бұл сериалдың деңгейін дәлелдеді. Менің білуімше, отандық телесериал нарығында 5 маусым бойы түсірілген сериал жоқ. «Келінжан-2» де сериалдың жалғасы немесе жақсы кесінділерін жинаған жиынтық дүние емес. Кәдімгідей толыққанды фильм», деді телеарна директоры.