• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Ән 17 Қазан, 2023

«Жанымды ұғар басқа кім?»

3954 рет
көрсетілді

Әнде тарих болмаса, оның әсері әлсіз. Музыка миға қонған сәтте адам беймәлім ырғақтың желісіне байланады. Одан оны ажырата алмай қаласыз. Мәселен, әуесқой композитор Оралхан Көшеровтің «Достарға» әні біздің сонау сәби көңіліміздің аспанында әлі қалықтап жүр. Өзіміз сүйіп тыңдаған, жарыса орындаған жасампаз шығарманың шежіресі шырқаған сайын әлдебір сырдың теңізін бойлап бара жатады.

Шығарманың қайыр­масынан үзінді ұсынайық.

«Жабыққан сәтте қас-қағым,

Жанымды ұғар басқа кім?

Жаңа бір әуен бастадым,

Сендерге арнап, достарым». Енді есіңізге түскеніне шүбәм жоқ.

Кішкентай қоңыр радионы қосқанда сызылған нәзік даусымен әнші Жанар Айжанова қайта-қайта осы әнді орындап жатады. Біз де тыңдаудан жалықпаймыз. Құймақұлақ содан ұмытсын ба? Қонаққа бара қалсақ, жастармен жиыла қалсақ, тіпті тойда үлкендер ортаға алғанда осы дос туралы тамаша жыр құтқарып қа­лады. Әуені жеңіл, сақаудың өзі нотасына дәл түсетін тәп-тәт­ті туынды әрбір мерекенің сә­ніне айналды. Асық ойнап, ләңгі тепкен ауыл баласының берекесін көркейте түскен де осы ән болса керек, қолымызды бір-біріміздің иығымызға асып алып, әлемді жалпағынан баса шырқап бара жатқан аяулы сәттер әріде қал­ғанда, ырғағы ойға оралады.

Бұл мөлдір шығарманың түу басында күршімдік қос талант Оралхан Көшеров пен ақын, журналист Хасен Зәкәрия тұрғанын кейін білдік. Білдік те «еее» деп елемедік. Сөйтсек, біздікі ет пен терінің арасындағы желіктен туған, бардың бағасын білмейтін жастық максимализм екен ғой. Онымыз оңбастың ісі болыпты. Бүгін түйсініп қайран қалып отыр­мыз.

«1995 жылдың қаңтар айы. Өскеменде өнер сайысы өтіп, артынан Оралхан Көшеров, Есен Мәженов, Мұрат Тастағанов сын­ды әнші-жыршы, ақындар бар кілең шығармашыл қауым бас қосып отырады. Кенет отырыс үстінде Оралхан ағамыздың ты­нысы тарылып, жағдайы нашарлайды. Оның бұрыннан сырқаттанып жүргенінен бейхабар жұрт қатты абыржып, дереу жедел жәрдем шақыртады. Ауруханаға жеткізілген сазгерді тексеруден өткізген дәрігерлер жағдайдың қиындап кеткенін, тез арада күрделі ота жасамаса, науқастың халі нашарлап кететінін ескертеді. Ал ота жасау үшін 20 мың теңге ақша табу қажет. Мұн­дай қомақты қаржы қарапайым шығармашылық адамдарының қайсыбірінің қалтасынан табыла қойсын. Шын ниеттес, жанашыр азаматтар ақылдаса келе, сазгердің өнерін ерекше құрметтейтін Күр­шім ауданының тумасы, кә­сіпкер Жанарбек Білімбаевқа келіп, жағдайды айтады. Кәсіпкер көп ойланбастан бар қаржысын жиыс­тырып, қажетті соманы тауып береді. Соған орай операция да сәтті өткен екен. Сөйтіп, Ошан (көп­шілігі солай атап кеткен) об­лыс­тық ауруханада табаны күрек­тей екі ай, жиырма күн жатады». Мұны Хасен Зәкәрия ән туралы естелігінде жазған.

Емханаға композитордың сыр­қатынан құлақтанған Өске­мендегі көңілі жақын дос-жаран, тілеулес замандас атаулы тегіс келіп, көңілін сұраумен болады. Бел­гілі журналистер Уәлихан Тоқ­патаев, Сұңғат Әліпбай, Мұрат Тастағанов жұбайларымен бірге келіп, науқастың ас-суын әкеліп беріп, біраз сүйеу-демеу көрсеткен.

Ауруханадан аман-есен шы­ғысымен Орағаң тура ауылына тартады. Бұл хабарды естіген бойда Қойтастан сазгердің бұрыннан бергі жақын досы Хасен Зәкәрия автобусқа мініп, арасында жаяу жүріп, әйтеуір ымырт үйіріле сазгердің туған ауылы Топтерекке әрең жетеді. Есікті ашып кіргені сол еді, қарсы алдынан әдеттегі еңгезердей «сары аю» (денесінің ірілігіне қарай достарының әзілдеп қойған аты) емес, жүзі боп-боз болып қуарған, жағы суалған жігіт ағасы қалқайып тұр. Өз көзіне өзі сенбеген Хасен ағамыз досының мұн­шалықты аянышты жағдайын көр­генде жүрегі елжіреп, жанарына еріксіз жас іркілгенін айтады.

Содан жақын достар бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, көптен жиналып қалған сырларын ақтарып, түн ортасы ауғанша әңгімелеседі. Ертеңінде Хасен ағамызды үйіне шығарып салып тұрып Оралхан Көшеров: «– Ха­се­ке, менің осы дерттен аман қал­ғаным, бірінші Құдайдың, екінші достарымның арқасы. Бір ән арнасам деймін соларға, «Достарға» деген өлең жазшы!» – деп өтініш білдіреді. Уәдесін беріп аттанған ақын ағамыз қат-қабат тірліктің қа­мымен жүріп, мұны есінен шы­ғарып алса керек. Біраз уақыт өткізіп барып «Достарға» деген өлеңнің сөзін жазып, Күршімге кетіп бара жатқан ауылдасынан «сазгердің қолына табыс ет» деп әннің мәтінін беріп жібереді.

Мойындау керек, әсерлі әнді жұртқа әйгілеген – Жанар Ай­жанова. Көп ұзамай құнарлы тіл, құлаққа жылы тиер сазды әуенмен үйлесім тапқан жаңа шығарма жиын-тойларда шырқала бастайды. Ал 1999 жылдың қараша айында көмейіне бұлбұл ұялаған қазақтың аяулы әншісі Жанар Айжанова әннің тұсауын үлкен сахнада қиған сәттен бастап-ақ  тыңдарман жүрегіне жол тауы­п, жоғары сұранысқа ие болады. Әнші мен әннің бірін-бірі табуы да – қызық әңгіме. Сол 1999 жылдың тамыз айында Зайсан көлінің Күршім ауданына қарайтын жағасында Ақсуат ауылының тумасы, марқұм Уәйіс Сұлтанғазин елу жасқа тол­ған мерейтойын кең ауқымда атап өткен-ді. Айтулы мерекеге алматылық әртістермен бірге Жанар Айжанова қонақ болып қатысады.

Осы жиында жергілікті өнер­паздар атынан мерейтой ие­сіне тарту ретінде сазгер Оралхан Кө­шеров жүрек түкпірінен шымырлап шыққан өзінің әндерін орындап берсе керек. Олардың ішінде көпшіліктің, соның ішінде, әсіресе, Жанар Айжанованың ерек­ше ықыласын аударған «Дос­тарға» әні болады. Бұл ән әншінің бағын жандырды, мерейі өсіп, көпшіліктің көзайымына айналды.