• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Қазан, 2023

Нейрохирургия бөлімшесіндегі бір күн

420 рет
көрсетілді

Елдегі нейрохирургия мамандары жылына 30 мың операция жасайды. Бұл бағытта отандық медицина сәт сайын дамып, өзгеріп жатыр. Мұқияттылық пен біліктілікті талап ететін күрделі саланы жіті тану мақсатында №1 көпбейінді қалалық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне барып қайттық.

Аурухана – денсаулық пен өмірдің қа­ді­рін білгізетін орын. Мұны табалдыры­ғы­­­нан аттаған сәтте-ақ ұғынасың. Бұл бө­­лім­шеге жылына мыңға жуық нау­қас тү­седі. 8 дәрігер, 9 медбике, 7 таза­­лық­­шы жұмыс істейді. Бө­лім­ше­де орта­лық және перифериялық нерв жүйесінің пато­ло­гиясын, деге­нера­циялық ауру мен омырт­қа бағанасы жа­рақаттарының зардап­тарын емдей­ді. Ми мен жұлын ауруларын диагнос­тикалаудың да барлық түрі жүргізіледі.

Осы хабарларға қанық болғаннан кейін аурухана ішін аралауға кірістік. Сөзге сенуін сендік, нәтижесін көз­бен көруге асықтық. Әлқиссаны ем­делушілердің жағдайын білуден бастадық. Бақылауымызша, бөлімшеде 12 бюджеттік және 2 ақылы төсектік орын бар. Бос орын көрмедік. Әр төсек­те өмір үшін арпалысып жатқан жан­дар жатыр. Пациенттерге жайлы жағ­дай жасалғанын ұғынып, қуанып та келе­міз. Бір немесе екі орынды пала­талар, олардың әрбіреуінде себезгі, сани­тарлық торап, жазу үстелі, киімге ар­налған шкафтар бар екен. Содан 72 жас­тағы емделушіге жолығып, сөзге тарттық.

– Жағдайымыз жақсы. Бұл жерде бәрі ме­йі­ріммен қарайды. «Әжелеп» көңі­лім­­нен шығ­уға тырысады. Дәрігер­лер­ден бас­­тап тазалықшыларға дейін жақсы қарым-қа­ты­нас жасайды. Өзім ауырып, жаным қинал­ғанда бұл маған өте үлкен көмек. Бір аптадай төсектен тұра алмай қал­ған кезім ұшырасты. Сонда мені бала­ша жуындырып, та­мақтандырып жағ­дайым­ды жасады. Қызық айтайын, осы­­дан төрт күн бұрын мені басқа бөлім­шеге ауыст­ырды. Ол жақтан кеткенше асықтым. Бұл бөлімшенің өзінің бір тыныш­тық күйі, құндылығы бар, – деді Қорғал­жын­нан келіп, емделіп жатқан Қантай Қалиқызы.

Басқа да науқастардың айтуын­ша, шынымен, бұл бөлімшенің ерек­ше атмосферасы бар. Оның себе­бін де емделушілердің өзінен сұрап көрдік. Түсінуімізше, бірінші пси­хо­логиялық жұмыстар жүргізіледі екен. Дәрігерлер науқасқа ауруын байыппен түсіндіріп, талдап, емдеу жолын жік-жігімен ұғындырады. Содан науқастар белгісіздіктен арылып, көкейлерінде бір шырайлы үміт пайда болады. Екіншіден, бөлімше жұмысшыларына «Сыпайылық, мейі­рім, жанашырлық» деген қатаң талап қойылған. Үшіншіден, әкімшілік тазалық пен жайлылыққа ерекше назар аударған. Мысалы, науқастар жатқан бөлмеге күніне екі рет кварцтау жұмыстары жүргізіледі.

– Бізге қатаң талап қойылады. Басшылық жұмысқа ерте келеді. Ең бастысы, қатемен жұ­мыс істет­кізеді. Дәрігерлердің, медби­келердің, тазалықшылардың жіберген қате-кемшіліктері талданып, жеке қада­ға­лаумен қатесін түзеткізеді. Ес­кер­­те кетейін, мұның бәрі – еш­қан­дай айғай-шусыз біліктілікпен жүргізілетін жұмыс. Одан кейін тек науқастармен емес, бізбен де психо­логиялық жұмыс жүргізіледі. Негізгі мақсатымызды еске салып, табан­дылық пен салқынқандылықты ерекше талап етеді. Бұған қатысты практикалық жұмыстар да жүреді. Сосын тек оқу орнынан алған білім ғана емес, өзімізден әрі қарай да ізденіп, шетел тәжірибелеріне қарауымызды сұрайды. Бірақ менің ойымша, ең басты ерекшелігіміз – адамдардың жанын түсініп, тәнін кәсіби түрде емдейтініміз деп ойлаймын, – деді осы ауруханада 11 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аға медбике Аида Серікқазықызы.

Бөлімше меңгерушісі Қанат Ахметовтың пікірін­ше, бұл жердегі мамандар Ресей, Гер­мания, Франция, Жапония, Аустрия, Оңтүстік Кореяның клиникала­рында тағылымдамадан өткен. Аурухана сырт­тан дәрі­герлер де алдыртып тұра­ды. Әсіресе Түркия, Германия, Из­раиль, Польша мемлекетінің медици­на мамандарымен тығыз байланыс орнатылған.

Содан операция жасайтын бөлмеге кірдік. Фототілші операция сәтінен суреттер түсіріп алды. Біз техникалық жағдайды саралап үлгердік. Операция­лық әрекеттер жоғары технология­лы әдістерді, шағын инвазиялық техниканы пайдалануымен жасалады екен. Нейрохирургиялық операция жасау бөлмесі озық технологиялы жабдықпен жарақтандырылған. Мы­салы, OPMI PENTERO 900 опе­рациялық микроскопы, нейронавигация, электронды оптикалық түрлендіргіш, радиожиілікті генераторлар бар.

Аурухана жаны – дәрігер. Сол себепті операцияға кедергі жасамай, сыртқа шығып, дәрігермен тілдесуді жөн көрдік. Рүстем Амантайұлы – білікті маман. Жылына 100-ден аса операция жасайды. Рекорды – 180 операция. Майталман маман туралы сөзді бірден ерекшелігінен бастайық. Оның айтуынша, операцияға үнемі көңілді кіреді. Науқасқа наркоз бергеннен кейін, бірден жанына жақын, әртүрлі жанрдағы музыка қосып, операция­ны музыка тыңдап жасап шығады. Негізі медицина қызметкерлерінің арасында мұндай үрдістің бұрыннан бары мәлім. Әр дәрігердің өз ырымы, әдеті болады. Біздің естігендеріміздің ішіндегі ерекшесі де осы болды. Ол жыл са­йын нейрохирургияға байланыс­ты шеберлік курстарынан өтіп, білімін жаңартып отырады.

– Мен өз пациенттеріммен үнемі байланыста болуға тырысамын. Олар­­дың операциядан кейін аяққа тұ­рып кетуі жаныма жылу береді. Өз мамандығымды одан әрі сүйе түсемін. Дәрігерге төрт нәрсе керек: білім, сабыр, жан-жақтылық, бірегей болмыс. Сонда ғана ол шын дәрігер бола алады. Мен өзге дәрігерлер секілді қалай дәрігер болғанымды, маман­дығымның ерекшелігін және басқа да тақырыптарды қозғамай-ақ қояйын. Өте маңызды бір дүние туралы айтқым келеді. Адамдар қазір өздерін күтуді қойды. Қазір бізге бас-ми, омыртқа, ісік ауруларымен ауыратын адамдар көп түседі. Шыны керек, мұның бәрі – күтінбеудің салдары. Адамдар қарапайым қағидаларға мән беруді қойған. Ұлы істерге, оқиғаларға жүгіреді. Бірақ денсаулықты сақтау қарапайым қағидалардан басталады, – дейді Р.Амантайұлы.

Жалпы, отандық нейрохирургия ұлт­тық орталық пен 39 облыс­тық және қалалық ауруханалар база­сын­­дағы 51 бөлімшеден тұрады. Кейін­гі 15 жылда елімізде нейрохи­рур­­гия­ның жаңа бағыттары пайда болды. Микронейрохирургия, эндовас­кулярлық нейрохирургия, тамырлы патологияларды емдеу, омыртқа мен жұлынның зақымдануы кезіндегі реконструктивтік операция, ісіктер мен мидың басқа да патологиясы кезінде нейромодуляция және нейронавигация жүйелерін қолдану бойынша 70 ин­новациялық технология енгізілген. Бұрын емделмейтін аурулар қазір емделетін болған. Медицина жағдайы біртіндеп жақсарып жатыр. Осы аурухана секілді заманауи жабдықтармен жарақтандырылған және құрамында тиісті салалық мамандары бар емдеу орындары кө­бей­ді. Шетелден тәжірибе алмасып, ем­деудің заманауи технологиялары мен әдістерін енгізу де қолға алынып жүр.

Түйгеніміз, жағдай жақсарып келеді. Бірақ түйткіл­дер де жоқ емес. Мысалы, арнайы төсектік орындар жеткіліксіз аймақ­тар әлі де бар. Балалар жататын нейрохирур­гиялық орын аз, кей өңірде мүлдем жоқ. Тереңдей берсек, тізбек жалғаса береді. Мәселелер шешімін тауып, медицинамыз әлі де жақсара түседі деп сенеміз.