• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Қазан, 2023

Қауіпсіздік қағидаты

174 рет
көрсетілді

Астанада Үндістан мен Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық қауіп­сіздік жөніндегі кеңесшілері мен Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының екінші кездесуі өтті. Жиынға еліміз атынан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Іс-шарада сөйлеген сөзінде Ғ.Нұр­дәулетов қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтаухатын оқып берді. Онда «Орталық Азия – Үндістан» мемле­кеттерінің басшылары қатысқан бірін­ші саммитте өңірлік қауіпсіздікті нығайту өзара іс-қимылдың бас­ты ба­сымдықтарының бірі ретінде бел­гіленгені айтылған.

«Елдеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерінің екінші кез­десуі осынау өзекті міндетті жүзе­ге асыруға маңызды үлес қосады. Қа­зақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде әділетті әлем мен келісімге қол жеткізу жолында әлемдік бірлік туралы бастама көтерді. Онда ұсынылған қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы жаһандық оңтүстік пен жаһандық солтүстік арасындағы ашық диалог ұстанымдарына негізделген. Өңірлік деңгейдегі ынтымақтастығымыз бү­кіл Еуразия кеңістігіндегі өзара іс-қимылды дамытуға септігін тигізеріне сенімдімін. Мемлекеттеріміздің алдында ортақ күш-жігерді талап ететін бірқатар жалпы өзекті сын-тегеурін тұр. Оның қатарында халық­аралық терроризм, экстремизм, есірт­кі тасымалы және трансұлттық қыл­мыс бар», делінген Президенттің құт­тықтаухатында.

Мемлекет басшысы жиынға қа­тысушыларға жолдаған үндеуінде тәуекелдердің басым бөлігі Ауған­стандағы әскери-саяси және әлеу­мет­тік-экономикалық ахуалға байла­нысты екеніне назар аударады. Орталық Азиядағы мемлекеттер мен Үндістан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бірлесе күш салуға тиіс.

«Қазақстан АӨК өнімдерін жет­кізудің өңірлік хабын құру үшін қажетті ресурстар мен инфрақұрылымға ие. Өзге де салалар сияқты бұл бағытты дамыту көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Қазірдің өзінде Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы транзиттік тасымал жүйесінде маңызды буын саналады. Орталық және Оңтүстік Азия өңіріндегі көлік байланысы мәселесін шешу біздің жан-жақты ынтымақтастығымызды сапалы жаңа деңгейге шығаруға қабілетті. Елдеріміз ақпараттық қауіпсіздікке әсер ететін ықтимал және нақты қауіп-қатерлерге тап болып отыр. Сондықтан өзара тәжірибе алмасып, технологияларды үйренудің пайдасы мол болмақ», деді үндеуде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент үнемі ақпарат пен сарап­тамалық бағалаулармен, оның ішінде өңірлік қауіпсіздіктің архитектурасына қатысты жаңа әдістермен алмасу маңызына тоқталды.

«Жалпы, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, біз сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі тереңдету және мәдени-гу­манитарлық байланыстарды кеңейту үшін мығым іргетас қалаймыз. Осындай форматтағы көпжақты диалог қазіргі заманғы сын-тегеуріндегі үнқату бо­йын­ша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру үшін лайықты алаңға айналарына сенімдімін», делінген Мемлекет басшысының құттықтаухатында.

Президенттің сәлемдемесін оқып шыққаннан кейін Ғ.Нұрдәулетов жиын­ға қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қауіпсіздік – өзара ын­­тымақтастықтың басты бағытына айналып отыр.

«Бұл бағыттағы байланыс күшейді. Бірінші кездесуден кейін биылғы нау­рызда ШЫҰ алаңында кездестік. Жалпы, өңірлік және халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал диа­лог дер кезінде, уақтылы бастал­ғанын көрсетеді. Бұл заманауи қауіп-қатер­лерге қарсы тұруға күш біріктіруде жақсы мүмкіндік береді», Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы.