«Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағында индустриялық парк салу жобасы аясында «Қытай-Қазақстан халықаралық индустриялық қаласы» ЖШС құрылыс жұмыстарына кірісті. Кәсіпорын 200 гектар аумақта құрылыстың алғашқы кезеңін қолға алмақ. Оның ішінде инженерлік желілер жүргізу мен магистралдық көшенің құрылыстары бар.
Инвесторлар биылғы қарашадан бастап АЭА аумағынан тыс салынатын әкімшілік ғимараттар мен қонақүй нысандарының алғашқы қадасын қағып, құрылысын бастауға құлшыныс танытты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жобаның басты мақсаты – индустриялық парк салу және де «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-да өндірістік, логистикалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ өнеркәсіптік қуаттарды ҚХР-дан Қазақстан аумағына ауыстыру. Бұл жобалар ҚХР-дың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын, инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын және «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат пен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамаларын негізге алады.
Жобаның құны – 330 млрд теңге. Оған бөлініп отырған жалпы жер көлемі 1000 гектарды құрайды. Соның арқасында жақын елді мекен тұрғындары үшін 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтіледі.