Бірмандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Азиада-2023 ойындарында еліміздің көрсеткіші көңілімізге қаяу түсірді. Бұл тұста депутат спортшыларды даттаудың қажеті жоқ екенін айтып, барын салған спортшы ұл-қыздарға алғыс білдірді.
«10 ғана алтын медаль алған ел құрамасының көрсеткіші спорт жанкүйерлерінің көңілінен шықпады. Төрт жылда бір рет келетін Азия додасы біз үшін сәтсіз аяқталды», деп қынжылды депутат.
Оның айтуынша, бұрнағы жылдары болған Азиадалардың нәтижелерінде ұлттық құрама қоржынына кемінде 15 алтын медаль түсіп отырды, қазақ спортшылары үздік ондықтан түспей, әрдайым төртінші, бесінші орындарды иемденіп келген. Ал биыл көрсеткіш әлдеқайда төмен.
«Біз тіпті, Солтүстік Корея, Тайланд, Бахрейн секілді шағын елдерден де артта қалып қойдық. Әрине, мәселенің түпкі себебі осы саладағы жүйелі проблемаларда екені анық. Осы Азия ойындарына 530-дан астам спортшы қатысты, оған ұйымдастырушылар, бапкерлер, федерация мүшелерін қосқанда мыңдаған азамат барды. Сан бар, сапа қайда? Бізді күйретіп жатқан не мәселе?», деді Мәжіліс депутаты.
Кеше ғана Мемлекет басшысы Азиада қорытытындысы бойынша спорт саласын ащы сынға алып: «Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Бұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарау керек, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдары қажет», деген Президент сөзін тілге тиек еткен Д.Қасқарауов бірнеше мәселені айта кетті. Олар:
1) Соңғы жылдары Спорт министрлігін мүлдем спортқа қатысы жоқ кәсіби спортты тек теледидардан көретін лауазымды шенділер басқарып келді.
2) Спорт ұйымдары, министрлік, ұлттық олимпиада, федерация араларында өзара байланыс жоқ.
3) Бізде бітпейтін легионерлердің жыры. Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барынша еңбек етуге дайын өз спортшыларымыз жетерлік. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларымызға жол ашу керек.
4) Ауылдарда кәсіби спорт жоқ деуге болады, дарындылар жетеді, бірақ инфрақұрылым жоқ, себебі жағдай жасалмаған.
«Ашығын айтқанда мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат орынсыз жұмсалып жатыр. Айлығы шайлығынан артылмайтын бапкерлер, спорт мамандары, спортшылардан үздік нәтиже күту үшін қажетті жағдай қашан жасалады?», деп сөзін аяқтады Данияр Қасқарауов.