Сенбі күні Астана – Көкшетау тасжолының бойында атақты жүйрік Құлагерге арналған ескерткіштің салтанатты жағдайда ашылу рәсімі өтті. Оған Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев, жазушылар Тұрсынбек Кәкішев, Нұрғожа Ораз, Әкім Тарази және басқа да азаматтар қатысып, жұртшылықты Құлагер монументінің ашылуымен құттықтап, осы оқиғаға байланысты өз пікірлерін ортаға салды.
Құлагер – Ақан серінің Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде жеке-дара озып келе жатқанында қастандық жасалып, мерт болған атақты жүйрігі екені белгілі. Ол Ерейментаудағы Құсақ көлінің тұсында қанішер Батыраштың қолынан мерт болды. Тарихымызда бұрын-соңды болмаған бұл қанды оқиға тұлпарды бәріміз артық көретін қазақ халқының қабырғасын қайыстырып, есеңгіретіп кетті. Сондықтан Астананың маңында Құлагерге ашылған монументтің ұлт үшін, ұрпақ үшін мәні де, маңызы да зор деуге болады. Бұл ескерткішті салудың идеясының авторы әрі негізін ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, атбегі, жазушы Сәдібек Түгел. Оның айтуынша, Құлагер бейнесі Бішкек қаласында профессор Базарбек Садықовтың шеберханасында жасалды. Мүсіннің авторы – Сұлтан Иляев. Белгілі мүсінші ескерткішті сомдағанда қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын Ақан сері мен оның тұлпарының трагедияға толы тағдырымен етене танысып, мүсінді жасап шыққан. Сөйтіп, ескерткіш ұзындығы – 8 метр, биіктігі – 5 метр, салмағы – 5,5 тонна, жалпы биіктігі – 11 метр еңселі болып жасалынды.
Ал жалпы, Құлагерге арналған алғашқы белгі бұған дейін де болғанын көзі қарақты оқырман жақсы білуі тиіс. Ол Ерейментау қаласы мен Павловка елді мекенінің нақ ортасындағы дөңеске орнатылған еді. Сол кездегі ескерткіш 1989 жылы еліміздің абзал азаматтарының бастамасымен, биіктігі 3 метрлік обелиск етіп орнатылған болатын. Алайда, ол 17 жыл ғана тұғырында тұрып, қазіргі заманның “батыраштарының” қолынан қапталған түсті металл сыпырылып әкетілген еді. Бұл оқиға 1996 жылдың ақпан айының 6-ында болған. Содан бері Сәдібек Түгел сияқты тұлпарды қастерлей білетін азаматтардан тыныштық кетіп, ақырында олар Құлагерге арналған жаңа монументті тұрғызуды қолға алды. Оның айтуынша, бұл іс оларға оңай болған жоқ. Дегенмен, бастапқыда қиынға түскен істе олардың жанынан жүрегі елім, жерім, туған Отаным, тарих деп соғатын, қолы ашық, атымтай жомарт нар азаматтар табылды. Осы орайда Сәкең ескерткіштің мемлекетке салмақ түсірмей, Үкіметтен бір тиын қаржы жұмсалмай салынуына, оны орнатуға нақты көмек көрсеткен Альберт Рау, Бошай Кітапбаев, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхаммед Көпей, атбегі азаматтар Талғат Ермегияев, Кеңес Рақышев, Төкен Егінбаев, Бауыржан Исаев, Айдын Рақымбаев, Дархан Қалетаев, Анатөлі Құлназаров, Елсияр Қанағатов, Сергей Дьяченко, Қадырхан Отаров, Саят Қамзебаев, Лашынтай Дүйсенов, Асқарбек Үйсінбаев, Ермей Нұғыманов және басқа да азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс сезімін жеткізгісі келетінін жасырмайды. Сонымен бірге алғашқы күннен бастап ескерткішті орнатуға моральдік қолдау көрсеткен Жазушылар одағының мүшелері – Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Жекен Қалиев, Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Нұрғожа Ораз, Сәбит Досанов, Жанболат Аупбаев, Ұлықбек Есдәулет, Қойшығара Салғара, Әнес Сараев, Дүкенбай Досжан, Серік Тұрғынбеков, Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбай, Табыл Құлияс және басқа да қаламгерлердің, Қайрат Сатыбалды бастаған Ұлттық Спорт түрлерінің қауымдастығы да азаматтық танытқанын атап өтуге болады. Қазір Құлагер идеясы бүкіл халықтық сипат алды. Бүгінде, ең бастысы, осы идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолдап отыр.
– Ескерткішті салудағы басты мақсатымыз, – дейді С.Түгел – зұлымдыққа тойтарыс беріп, ізгілікті баянды ету, жер бетінде әділдік бар екенін паш ету, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, оны ел игілігіне жарату, қазақ жауынгерінің, азаматының сенімді серігі, досы, жеңіс жылқысы – қазанаттың мықтылығын, жүйріктігін, төзімділігін көрсету. Бұл монумент тұңғыш автобан бойымен бауырын кеңге жазып, құйындап бара жатқан Құлагер бейнесі, Ақан серідей халқымыздың ардақты арыстарының өмірін өксікпен өткізген кешегі заманды, тәуелсіздікке ие болған бүгінгі өмір өзгерісін, халқымыздың жарқын болашағын, туған еліміз – Қазақстанның қарышты қадамын аңғартады. Құлагердің еңселі ескерткіші – ұлтымыздың болашағы, жас ұрпаққа да арналған. Тағылымы мол монументтің “Жастар ештемеден қалыс қалмаңдар, өмірдің бәйгесінде алда болыңдар, өміршең заманмен көсіле шабыңдар”, – деп тұрғандай көрінеді.
Осы күні жылқы мінезді қазақтың кеудесі қуанышқа кернеп, жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанған, Құлагерге арналған еңселі ескерткіштің қазақтың кең жазира Сарыарқасының төсінде мәңгілік тұғырға мінген күні болашақта осы оқиғаға байланысты ипподорм салынатын жерде ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, мерекелік шаралар өткізілді. Онда Қазақ театрының әртістері қойылымдар көрсетіп, мың бұралған биші қыздар би билеп, халық әндері орындалған соң, “Құлагер” медалі ескерткіштің салынуына үлес қосқан азаматтарға табыс етіліп, “Құлыным” атты жаңа журналдың тұсауы кесілді.
Дастан КЕНЖАЛИН, АСТАНА.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.