Көптен күткен Digital Bridge 2023 халықаралық IT-форум ойдағыдай өтті. Іс-шарада қандай бастамалар көтерілді, нендей жаңалықтар болды? Қорытындылап көрейік.
Жиынға IT-саладағы ең табысты отандық және шетелдік сарапшылар, 30 елден келген делегация, 300-ден аса IT-компания өкілдері, 450 спикер, 100-дей инвестор, 150-ден аса стартап авторлары қатысты. Барлығын қоса алғанда 30 мың қатысушы жиналды. Форумның биылғы тақырыбы – «Жасанды және адами интеллект: дұрыс тепе-теңдік».
Пленарлық отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі бес жылда аталған форум Орталық Азиядағы IT-индустрияның соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған ірі алаңға айналғанын атап өтті. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Форум шетелдік инвестициялар мен ірі халықаралық компанияларды тарта отырып, Қазақстанда IT-саланың дамуына белсенді ықпал етеді. Бұл өз кезегінде елдің IT-саласындағы экономикалық көрсеткішіне оң әсер етеді», деді.
Айшықты IT-жиынға венчурлық инвестор, Драпер университетінің негізін қалаушы Тим Драпер, TikTok бас директоры Шоу Цзы Чу, Digital Nomads қауымдастығының негізін қалау Әсет Әбдуалиев, ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучер, SpaceX компаниясының Starlink мәселелері бойынша вице-президенті Лорен Дрейер, Аrbuz, Aviata, Pinemelon USA және Ticketon онлайн қызметтерінің негізін қалаушы Алексей Ли, Barrat Media директоры Джеймс Баррат қатысты. Форумда Қазақстанның IT-ел ретінде дамуының маңызды тақырыптары, креативті индустрия, білім беруде GPT технологиясының қолдануы, Smart city тұжырымдамалары, цифрлық экономикадағы әйелдердің жаңа перспективалары, венчурлық нарықтардың дамуы, ғарыштық байланыстағы прогресс, 5G-дің цифрлық трансформацияға әсері, No Code трендтері, сондай-ақ жасанды интеллект пен демократияның өзара іс-қимыл мәселелері, басқару әдістері талқыланды.
«Digital Bridge 2023-тің ең қызықты әрі көптен күткен бөлігі IT-әлемдегі ең ірі стартап-шайқастардың бірі ретінде Astana Hub Battle іс-шарасын айтуға болады. Оған Орталық Еуразиядан 200-ден астам IT-компания қатысып, өздерінің IT-өнімдерін одан әрі дамытуға 125 мың доллар көлемінде жалпы жүлде қоры үшін бәсекеге түсті. Жеңімпаздар бес аталым бойынша анықталды. Олардың әрқайсысы 25 мың долларға ие болды. MyMind, Porte, Beksar, MyStory және Qtap стартаптары жарыстың үздіктері деп танылды», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов.
Ал нақты әрекеттерге келер болсақ, Digital Bridge 2023 алаңында мемлекеттік органдар, ірі компаниялар, халықаралық технопарктер және басқа да ұйымдар IT-инновацияларды дамытуға бағытталған 29 құжатқа қол қойды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 3 меморандумды бекітті. Оның ішінде ICPC қорымен 2024 жылы Қазақстанда бағдарламалау бойынша әлем чемпионатын өткізу туралы келісім жасалды. «Astana Hub» халықаралық технопаркі өңірде венчурлық инвестицияларды танымал етуге Орталық Азиядағы технологиялық стартаптардың экожүйесін, еліміздің венчурлық нарығын дамытуға бағытталған 8 меморандумға қол қойды.
«Digital Bridge 2023 алаңында дәстүрлі түрде көрмелер мен түрлі тақырыптық алаң ұйымдастырылды. IT-мектептер мен аймақтық IT-хабтар көрмесінде еліміздегі 16 үздік IT-мектеп және 14 өңірлік хаб өкілдері келушілерге цифрландырудың дамуы, білім беру бағдарламалары мен өңірлердегі стартаптардың жетістіктері туралы айтып берді. Pitching Zone-де, сондай-ақ VC, стартаптар мен компаниялар көрмелерінде IT-кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынып, жетістіктері мен жоспарлары туралы әңгімеледі, түрлі саладағы ірі корпорациялар өкілдерінің пікірін біліп, ынтымақтасу мүмкіндігін талқылады. Форум алаңында ғана емес, метағаламда да өткен вакансиялар жәрмеңкесінде 20 ірі компания 500-ден аса бос жұмыс орнын ұсынды. Осылайша, ниет білдіргендерге әлемнің кез келген жерінен жәрмеңкеге онлайн қатысу мүмкіндігі берілді», деді «Astana Hub» халықаралық технопаркінің офис директоры Дәулет Беймұрзинов.
Ең қызығы, «Meet the Drapers» стартаптары туралы реалити-шоу түсірілді. Форумда америкалық реалити-шоудың 7-маусымының бірінші эпизоды түсіріліп, онда төрт отандық стартап инвесторлар алдында 1 млн доллар инвестиция алу үшін өз өнімдерін ұсынды. Ескерте кетейік, биыл Meet the Drapers шоуы өзінің тарихында алғаш рет Орталық Азияда түсірілім жасады.
Мектеп оқушылары мен студенттер роботтехника аймағында ауыл шаруашылығы, аэроғарыш құрылысы және киберқауіпсіздік салаларындағы инженерлік-техникалық жобаларын ұсынды. Ұшқышсыз аппарат ұшыру жарысы мен роботтар шайқасында FIRST әлемдік қозғалысының чемпиондары және Drone Racing бақ сынады. Қонақтар 190 елдің арасынан үздік деп танылған чемпиондардың жобаларын тамашалады. Сондай-ақ форумда алғаш рет «Google for Startups» саммиті өтті. Google for Startups акселерация бағдарламасына қатысушы компанияның серіктес 15 елінің өкілдері Қазақстанға келіп, сараптамалық іс-шара өткізді. Бұл кездесу Silkway Accelerator аясындағы Google for Startups пен «Astana Hub» арасындағы табысты ынтымақтастықтың әрі қарай дамуын айқындай түсті. Айта кетейік, бұл бағдарламадан 37 стартап өтіп, жалпы құны 400 млн доллар бөлінетін болды.
«Барлық қатысушыға, қонақтарға, спикерлерге, әсіресе демеушілерге қолдауы мен экожүйені дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Бұл форум – өңірдегі технологиялық кәсіпкерлікті дамытудағы, сондай-ақ отандық стартап мәдениетін насихаттаудағы және экожүйеге жаңа қатысушыларды табудағы негізгі миссиямыздың бірі. Біз форумды ұйымдастыруға атсалысқандардың бәрін Орталық Азиядағы ең ірі IT-форумының сәтті өтуімен құттықтаймыз және инновациялар мен стартаптар әлемінде жаңа жетістіктер күтеміз», деді «Astana Hub» технопаркінің басшысы Мағжан Мәдиев.
Еліміздің инклюзивті және тұрақты дамуында жасанды интеллектінің маңызы зор. Бұл бағытта жаһандық бәсекелестік баяғыдан қарқын алып келеді. Біз де бұл ағысқа ілесіп келе жатырмыз. Осы форум өзекті мәселелерді талқылауда тиімді алаңға айналып, әлеуетті жобаларды іске асыруда негізгі алаң бола білді.