• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жоба 18 Қазан, 2023

Жаңашыл һәм жанашыр жоба

180 рет
көрсетілді

Қазақ жастары медициналық диаг­ностика жасайтын жоба жасап шығарды. Бұл стартап Дубай қорынан 250 мың доллар инвестиция тартты.

Тоты Сматова 2021 жылдың желтоқ­санында «CheckDoc» стартапын жүзеге асырды. Цифр­лық зертхана үйде диаг­ностика жүргізуге мүмкіндік береді. Же­дел медициналық сервис әрбір клиентті сапалы тексеруден өт­кі­зіп, ауруды ерте кезеңде анық­тайды. Жас ұжым емді сапалы әрі қолжетімді еткісі келген. Мед­­бикелер тұтынушылардың үйі­не барып, анализдерге биома­териал жинайды немесе ПТР тес­тін жасайды. Содан кейін оны зертханаға апарады, онда зерттеулер жүргізіледі. Нәтижелер сайттағы қолданушының жеке профиліне жіберіледі.

«Astana Hub» халықаралық техно­паркінің қатысушысы – CheckDoc стартапына «Almak Capital» Дубай қоры инвестиция құйған. Қаржыландыру қызметі технологиялық бөлікті дамытуды және нарықтағы өсуді жеделдетеді.

«Біздің дәстүрлі зертхана­лар­дан айырмашылығымыз бен артықшы­лы­ғымыз – техно­ло­гия­лық ДНҚ, тап­сы­рыс және келу үдерісін өңдеу жылдам­дығында. Тапсырыс берген сәттен бастап оны жүзеге асыруға дейін 40-60 минут өтеді. Біз медициналық диагностиканың Airbnb-і сияқ­тымыз. Біздің күшіміз – клиент­ке не қажет екенін білеміз және қалай байланысу керектігін түсінеміз», дейді Т.Сматова.

Отандық диагностика қыз­метінің қа­зіргі мақсаты – диаг­ностикаға басымдық беретін №1 медициналық қызметке айналу. Осы кезеңде олар жасанды интеллект көмегімен жобаның IT құрамдас бөлігін күшейтуге жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жергiлiктi диагностика нарығының 15 пайызын қамту­ды жоспарлап отыр. Т.Сматова ұлт денсаулығына өз үлесін қо­сып, халықтың халін жақ­сартып, тұрмысын түзегісі келеді. Ол инвесторлар жобамызға қолдау білдірсе, шетелдерге де жол ашылар еді дейді.

«Жаһандық цифрлық ден­саулық сақтау нарығы жыл сайын өсіп келеді. Тек кейінгі үш жылда бұл екі есеге жуық өсті. Айталық, 2020 жылғы 216 млрд доллардан 2023 жылы 417 млрд долларға дейін ұлғайды. Біз цифрлық денсаулық сақтау жобаларының болашақта табысы артады деп ойлаймыз. CheckDoc – тұрақты қаржылық моделі бар стартап. Компания тек оң динамика көрсетіп келеді. Сондықтан біз компанияның жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беріп, стартаптың технологиялық жағын жетілдіру үшін инвестиция құйдық», дейді Almak Capital бас­қарушы серіктесі Олжас Өкенов.

Осыдан біраз жыл бұрын кә­сіпкер Т.Сматованың енесі қатерлі ісікке шалдығады. Бұл дерт­тен арылу үшін отбасы Испа­нияға көшіп, сол жақта операция жа­сатады. Операциядан кейін апта са­йын емханаға бару қажет бол­ған­дықтан, қалыпқа келуге ұзақ уақыт кеткен. Өзі аурудан жа­ны қиналып тұрған адамды жол әб­ден титықтатып тастайтыны рас. Бұл науқасқа өте үлкен күй­зе­ліс әкеледі. Сонда Тоты неге меди­ци­налық қызметкерлер өздері па­циенттердің үйі­не бармайды деп ойлана бастайды. Осы идея­мен елге оралып, Астанада СheckDoc көшпелі диагностика сервисін құрады.

Жобаның алғашқы қадамда­ры 2021 жылдың жазында жа­сала бастайды. Ол дәрігерлермен сөйлесіп, жүйенің мән-жайын зерттейді. Мамандар меди­ци­на­ның 70 пайызы диагностикадан тұра­ты­нын айтқанда, биомате­риалдарды жи­­науға сұраныс әр­қашан болатынын тү­сінген. Жо­баны жүзеге асыруға білікті қыз­­меткер табу да қиынға соқ­папты. Се­бебі жобаның жаңа­шылдығы мен жа­на­шыр­лы­ғы жақсы мамандарды өзі-ақ тартқан.

«Алғашында медбикелер­ді жалдауда ешқандай мәселе бол­ған жоқ. Біз жобаны енді ғана бастағанымызға қарамастан, адамдар бізбен жұмыс істеуге келісті. Мүмкін олар қарапайым зертханалардан жалыққан шығар. Елестетіп көріңізші, күнде бір бөл­меде отырып, сарғайып күту­мен уақыт өтеді. Ал бізде динамика бар. Орындардың үнемі ауысуы және ыңғайлы жағдайдағы адамдармен қарым-қатынас жақсы көңіл күй сыйлайды», дейді Тоты.

CheckDoc басты назарды қызметтің сапалы, жайлы болуы­на аудар­ған. Бұл жердегі негізгі мақсат – биоматериалды жинауды күйзеліссіз жүзеге асыру. Ол үшін адамдарға гематогендер, дәрумендер беріп, мейлінше сыпайы сөйлесуге тырысады. Бұл қарапайым нәрсе сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ клас­сикалық ауруханалардан көре алмайтын, жетіспейтін дүние.

«Жобамыздың жүзеге асуы жақсы болды, бірақ мінсіз деп айта алмаймын. Мы­салы, бірнеше айдан кейін медбикелер жұмыстан кетіп қалып жатты. Бұл жобаға ауыр соғады. Сонда ғана олар­дың мәселелеріне көбірек көңіл бөлуім керек екенін ұғына бас­тадым. Бұл сала біздің әлеуетті бә­секелестерімізден серіктестер жа­сайды. Біз классикалық кли­ни­калардың нанын тартып алмай­мыз. Керісінше, оларға өз қуа­тын барынша арттыруға және кө­бірек ақша табуға көмектесеміз. Сон­дықтан қазір медициналық ком­панияларға бірлесіп жұмыс істеуді ұсынамыз», дейді сервис басшысы.

Жаңашыл жоба медицинадағы бір­қатар мәселені шешеді. Сырқат шаршат­қан қан­шама науқас кезек күтіп отыратыны өтірік емес. Цифрлық технологияны жүйе­сіз­дікті жоюға пайдаланғанымыз құба-құп.