Керекудегі Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театры үшін осы жыл ерекше болып тұр. Жаңа маусым басталғалы өнер ұжымы екі республикалық, бір халықаралық фестивальға қатысып, барлығында аты озды. Алдағы күндері актерлер труппасы Ресей астанасында өтетін «Подмосковные вечера» VII халықаралық театрлар фестивалінде өнер көрсетіп, жылды жемісті қорытындыламақ.
Наурыз айында алғаш сахналанған Шәкәрімнің «Ұждан» әпсанасы нағыз «көзірге» айналып отыр. Аймауытов театрының актерлері бұл қойылымды қай сахнаға, қай сынға апарып ойнамасын, барлығында оза шауып, көрермен мен сыншылардың үлкен қошеметіне ие болып келеді. «Ұждан» қазіргі қоғам үшін өте пайдалы әрі өте көкейкесті туынды екенін дәлелдеп үлгерді. Наурыз айынан бері актерлер оны үлкен сахналарда ұзын саны 10 рет қойып үлгеріпті. Енді қазан айының соңы мен қараша айының басында Мәскеуде өтетін халықаралық фестиваль керекулік театр үшін өнер шыңына ұмтылу мен көрермендер шекарасын кеңейтуде тың қадам болмақ.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, театртанушы, өнертану докторы Бақыт Нұрпейістің пікірінше, Жүсіпбек театрының ұжымы кейінгі жылдары үнемі шығармашылық ізденістерімен көзге түсіп жүр. Театр өз репертуарын әр алуан туындысымен толықтыруды басты нысана етіп ұстауы құптарлық қадам.
– Айталық, биылғы маусымда театр сахнасында жарық көрген Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» әңгімесі желісінде қойылған спектакль еліміздің мәдени өміріндегі елеулі жаңалықтардың бірі болды. Режиссер Азамат Нығманов заманауи театрлық үдерісте пайда болған жаңа тәсілдерді спектакльде еркін қолданған. Қойылым басталғаннан-ақ оның постдрамалық негізі бірден байқалды. Режиссер шешімінде басты кейіпкер деген ұғым жоқ. Мұнда барлығы бірдей әрекет етеді. Бұған режиссер театрлық дискурс жасау арқылы қол жеткізген. Яғни қойылым мәтіні барлық қатысушы актерге бөлініп ар, намыс, ұждан т.б. мәселелерге қатысты ойлар ақтарылады. Спектакльдің символдық-метафоралық қатары режиссер мен суретші Эли Ранше жұмысының нәтижесін көрсетті. Сахнада басы артық зат жоқ. Шаршы кеңістік ортасында орналасқан биік төртбұрыш ағаш конструкция өзінің жеңілдігімен оқиғаға байланысты құбылып отырады. Қойылымға қатысқан актердің барлығы да өз замандастарын толғантатын жайларды: отбасылық және әлеуметтік мәселелерді, жаһандану мен бәсекелестіктің қыспағын, жеке адамдар арасындағы күрделі қатынастарды, жалғыздық пен қоғамнан оқшаулануды, адам санасын билеген қорқыныштар мен үрейлерді өз денелерінен өткізе отырып шынайы бейнелер сомдады. Кейіпкер жан дүниесін түсінудегі негізгі режиссерлік құралдың бірі – спектакльдегі пластика партитурасының мәнерлілігі. Спектакльдің өн бойында ұжданға қатысты ойлардың философиялық мәні би арқылы шешім тапты. А.Нығманов ар, намыс, ұждан шарпылыстарын сөзбен бірге, би қимылдарымен беретін сахналарды семиотикалық белгілерге сыйдырып көркемдеп беруден көп ұтқан. Пластикалық бейнелі би қойған Илья Подчезерцев пен режиссер актерлердің дене қимылдарын тиімді пайдаланып, кейіпкер болмысын суреттеуде нақтылыққа жеткен, – деп баға берді танымал театр сыншысы.
Жыл басынан бері бұл премьераны Павлодар, Семей, Өскемен, Қарағанды, Талдықорған, Солтүстік Қазақстан өңірлерінің жұртшылығы тамашалады. Әр қойылым көрермендердің ыстық ықыласына бөленгенін аңғардық. Әрине, елдің мұндай құрмет-қошеметін көре тұра, «Ұжданның» елден ерек Мәскеуге шақырту алғаны кездейсоқ жағдай дей алмаймыз. Сыншылар айтып отырғандай, «Ұждан» қазіргі қазақ театрындағы шығармашылық өсудің жаңа бір бағыты сынды.
– Бір қызық оқиға айтайын. Жуықта Петропавл қаласында мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалiнде өнер көрсеттік. Сонда өзге этнос өкілдерінің «Ұжданды» кәдімгідей ұнатып, біздің актерлердің ана тілімізде не айтқанын түсінбесе де, ойынына сүйсініп отырғанын аңғардым. Бұған қарап, алда Мәскеуде өтетін фестивальға деген сеніміміз нығая түсті. Енді есіл-дертіміз Ресей жеріндегі көрерменнің жүрегін жаулау. Әрине, атақты Станиславский негізін салып кеткен қазіргі театр жүйесінің отанында өнер көрсету оңай емес. Біздің ұжым үшін алдағы фестиваль – өнердегі үлкен бір баспалдақ болмақшы. Азамат Нығманов осы жазда бірнеше мәрте Павлодарға келіп, актерлермен апталап жұмыс істеді. Төгілген тердің текке кетпесі анық, – дейді Аймауытов театрының директоры Арман Темірбек.
Айтып өтейік, «Ұждан» қойылымы биыл КСРО Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған ІI республикалық «Сын – шын болсын» театр фестивалінде (Қарағанды) «Үздік қойылым» аталымын, Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалінде (Талдықорған) «Б.Римова атындағы арнайы жүлде» мен «Amanat» партиясының арнайы жүлдесін, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен өткен Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалiнде (Петропавл) оза шауып, «Үздік режиссерлік шешім» аталымын жеңіп алды. Бұл жетістіктің барлығы оңай келмегені анық. Актерлер жатса-тұрса дайындалып, шеберліктерін күн сайын шыңдағанына куә болдық. Сыншылардың сөзімен айтсақ, павлодарлық қазақ театры тарихындағы ең сәтті әрі табысты премьералардың біріне айналған қойылымның арқасында Аймауытов ұжымының өзі бүгінде еліміздегі ең озық театрлардың бестігіне еніп отыр.
Ал «Ұжданның» сахналық нұсқасын жазып шыққан Нұркен Тұрлыбек оны дайындау барысында мың парақ жазылып, мың парақ жыртылғанын айтады. Этюдтерді қазіргі заман тұрғысынан қарап, көрермен талғамына сай етуде театр ұжымы қосыла жұмыс істеген.
– Негізгі ойымның 80 пайызы қойылымда көрініс тапқанына көңілім толады. Өздеріңіз байқағандай, мұнда басты рөл деген атымен жоқ. Әркім әр кейіпкердің бойынан басты рөлдің иесін көргісі келеді. Мәселен, үнемі қоғам ортасында жүретін ұжданның бір бөлшегі – аты жоқ кейіпкерді көрермендердің бірі бай, енді бірі дін қызметкері деп қабылдайды екен. Өткенде бір сыншы «Молдаларыңыз жақсы ойнайды екен» деген пікірін жеткізді. Айтқанына еріксіз күлдім. Шындап келгенде, әр көрермен қалай қабылдайды мәселе сонда. Әрине оның бәрі біз үшін қызық әрі маңызды. Тіпті кейде өзіміз «Ұжданды» көріп отырып, кейіпкерлерді жаңа қырынан танып жатамыз. Бұл – қойылымның потенциалы жоғары екенін, келешекте де ұзақ уақыт қоғам үшін өзектілігін жоғалтпайтынын аңғартса керек, –дейді ол.
Көрерменді терең ойға жетелейтін, көріп отырып сахнадағы кейіпкерлер арасынан өзін іздейтін қойылым Мәскеу төрінде де сәтті шығады деп үміттенеміз. Жалпы, әпсанада 26 актер ойнайды. Мұның сыртында бірге еріп баратын әкімшілік және техникалық қызметкерлер бар. Жалпы саны 40-тан аса адам Мәскеуге аттанып барады. Фестиваль театр үшін үлкен мәртебе болғалы тұр. Мытищинский драма және комедия театрының сахнасында өтетін сынға жалпы саны 14 театр қатысқалы отырса, Қазақстаннан Аймауытов театры – жалғыз үміткер. Мәскеуде қазақ зиялыларының мол шоғырланғанын әрі режиссер Азамат Нығмановтың сол жерден екенін ескерсек, қойылым барысында көрерменнен кенде болмайтын сияқтымыз. Адами қасиеттердің биік шыңы саналатын ұждан мәселесі бүгінгі алмағайып заманда аса өзекті.
Павлодар облысы