Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Антропоморфты тас мүсіннің бейнесі сақталған. Бұл музейдің археологиялық топтамасындағы жұрт қызығып көретін экспонаттардың бірі.
Тас мүсін музейге 1986 жылы тапсырылған. Ол Қостанай қаласының маңындағы Қызыл партизан кеңшарының аумағынан табылған. Айтпақшы, 1976 жылы дәл осы төңіректен археология ғылымындағы тың жаңалықтың бірі саналған «Тобыл ойшылы» да табылған еді. Мүсін ақшыл сары түсті ірі түйіршікті құмтастан қашау және тегістеу техникасымен жасалған. Биіктігі – 19 сантиметр. Ғалымдар оны энеолит дәуірінде жасалған деп жорамалдайды. Яғни біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықтың соңы мен ІІ мыңжылдықтың бас кезіне сәйкес келеді. Мүсіннің беті сызылмаған, жағы жайлап кеуденің жоғары жағына ұласады, тек иегі ғана алға шығып тұр. Аузы шығыңқы бедер емес, ойылған сызықпен көрсетілген. Денесінің алдыңғы бөлігі өңделмеген және ешқандай ойығы жоқ. Дөңгеленген арқасы ептеп өңделген. Қолы мен аяғы бедерленіп берілген. Мүсін орнықты, бірақ тік осьтен сәл ауытқыған.