• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сараптама 20 Қазан, 2023

АЭС салынса, оған Балқаштың суы пайдаланылмайды

335 рет
көрсетілді

Әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, экономикасы бақуатты да еңселі ел болуды мақсұт тұтсақ, атом энергиясын бейбіт пайда­лану жолында батыл қадам жасағанымыз абзал. Әйтпегенде көрші елдер­дің қуат көздеріне көгенделіп, энергияға тәуелді күй кеше беретініміз анық. Мұны осы саланың мамандары мен ғалым­дары да айтып отыр.

Бойдағы үрейді жеңбесең, соғыста жеңіске жете алмайтының сияқты алапат ірі энергия ресурстарын батыл пайдаланбай, дербес үлкен экономика жасау мүмкін емес екенін дұрыс түсінетін кез келді.  Бұл  кез келген дамыған елдің тәжірибесінен айқын көрінеді.

Су реакторынан елге, ауаға, қоршаған ортаға ешқандай залал келмейтінін бұған дейін де жазған едік. Сондай-ақ атом электр стансаларына кім кө­рінген беталды соқтығыса қоймайды. Оның ондаған жақсы мысалын көлденең тартуға болады. Тіпті соғыс жүріп жатқан Украин­а­дағы АЭС-терге де дәл қазіргі күнде соқты­ға қоюға ешкімнің батылы жетпей­ді. Өйт­кені оларға қорған болып тұрған ха­лық­ара­лық ықпалды ұйымдар мен қауымдас­тықтар бар.

«Еуропадағы үлкен елдердің қата­рын­да­ғы Украинаны электр қуатымен 51 пайыз атом электр стансалары қам­тамасыз ете­ді. Ондағы АЭС-тің 95 па­йызын Росатом салған. Мәселен, қазіргі күнде ол елде соғыс әрекеттері жүріп жатыр. Бірақ АЭС-ке қауіп төн­ді­реді деген ешқандай мәселе көтеріліп жатқан жоқ. Демек, біз жоқ нәрсені сая­силандыра бермеуіміз керек. Ал енді қазір біздің елге неге АЭС керек? Біле білсек, болашағымызды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қам­тамасыз ете білуіміз шарт. Нақты айт­қан­да, энергетикалық қауіпсіздік үшін қажет. Десек те бізде АЭС-ті көрші ел­дердің тұрғызғанына партиялықтар үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан АЭС-ті француздар немесе жапондар салғанын қалаймыз. Әйтсе де Оңтүстік Корея да жаман емес, олармен де жұмыс істеуге болады. Қазіргі таңда ОК-да атом электр стансаларын салу қатты дамыған. Нақ­тылап айтсақ, олар әрбір ірі нысанға арнап шағын АЭС-тер орнатып жатыр. Біз бұл жаңа технологиялық әдісті де жіті бақылап отырмыз», дейді «Байтақ» жа­сылдар партиясының төра­ғасы Азаматхан Әміртаев.

Партия жетекшісі қазіргі кезде қар­­­сы­­­­лар­дың көпшілігі елімізде АЭС салу­­­ды босқа саясиландыра беретінін айтты. Әрине, ол дұрыс емес. Бұл жерде бірінші кезекте АЭС-ті тұрғызудың құны мен материалдық сапасы бірінші орынға шығуы керек. Кім арзан баға ұсынады? Өйткені бәрінің технологиясы бірдей. Бүгінде Энергетика министрлігі салынатын АЭС-тің бір бөлігін француздарға, екінші бөлігін жапондарға, ал үшінші бөлігін ОК-ға салдыру ұсынысын да қарастырып жатыр. Шындығында, Қа­зақстан өте көп энергияға мұқтаж. Сон­дықтан елге АЭС керек.

«Әрине, қазір мен АЭС-тің салынуы­на қарсы шықсам, өркениеттен аулақ көп адам қолдап шығып, артымнан ілесуі де бек ықтимал. Бірақ бізге нақты уақыт талабымен санасып, халыққа шынайы шындықты ұғындырып, тү­сін­діру маңызды. Сондай-ақ қазір Ұлт­тық қорымызда ақша бар кезде қолайлы сәтті тиімді пайдаланып, әр бәсекелі істе ұтысқа шығуымызды ойлау керек. Сондықтан болашақты мол энергия көзімен қамтамасыз ету үшін АЭС-ті мүмкіндігінше тезірек салуды қолға алғанымыз абзал. Себебі оның құрылысы басталғаннан кейін салынып бітуі тағы 10 жылға жалғасады. Ал технология күннен-күнге дамып, энергияға қажеттілік те сәт санап артып барады. Қазіргі заманда бір күніңді тиімді пайдалана алмай қалсаң, ондаған жылға татырлық игіліктен қа­ғы­луың әбден кәдік», деді А.Әміртаев.

Мәселеге қайта оралсақ, ана мемлекет анандай, мына мемлекет мынандай деп бөле жарып қарауға болмайды. Десек те қазір Ресей мемлекетінің ауыр санкцияларға көміліп жатқан кезі. Олар АЭС-ті салуға қажет көп құ­­­рыл­ғылар мен бөлшектерді, сондай-ақ микросхемаларды, процессорларды дамыған озық елдерден алатыны мәлім. Бүгінгі геосаяси ахуалға байланысты олар ендігіде құрылысқа қа­жет қат дүниелерге қол жеткізе де алмайды. Демек, олардың құрылысқа қатысуы да екіталай. Қазір АЭС-тер цифрланған, электронды. Қашықтан робот­тар арқылы басқарылады. Оның бәрі Еуропа мен АҚШ-тан ғана шығып жатқаны белгілі. Бұл технологиядан мақрұм елдер Қазақстанда салынғалы тұрған АЭС құрылысына қатысуы да мүмкін емес.

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев аталған ғылым ордасында 600-ден астам сала ғалымдары жұмыс істейтінін айтты. Оның 200-ден астамы Еуропа мен АҚШ, Канаданың озық лабораториялары мен сынақ стансаларында қызмет етіп жүр екен. Бұл институт 1957 жылы ашылған. Онда ядролық физика сала­сында көптеген отандық ғалым-маман­да­рымыз еңбек етеді. Сондықтан, АЭС мамандары елімізде жоқ немесе тым аз деген ақпараттар шындыққа мүлде жанаспайды.

Осы саланың жетекші ғалымы әрі Ядролық физика институтының бас директоры өз өнімдерін МАГАТЭ ке­лі­сімімен көрші елдерге шығара бас­та­ғандарын мысалға келтірді. Кеңес ода­ғынан қалған осы сынды жақсы дү­ние­лер­ді сақтап қала отырып, әрі қа­рай дамытуымыз керек екеніне назар аудартты.

«Жаңа ОК-ның шағын АЭС-тері жөнінде айттыңыздар. Жер аумағы кең байтақ біздің елге, мүмкін сол шағын АЭС-тер қолайлы болар? Сондай-ақ Қазақстанда территория үлкен, бос жат­қан жер көп, сондықтан АЭС-ті елді мекен­дерден аулақ, жапан далаға тұр­ғыз­са халыққа қауіпсіздеу болмай ма?» деген сұрағымызға С.Сахиев жауап берді.

«Біріншіден, Қазақстан неге АЭС-тің ең қауіпсіз түрін таңдап отыр? Бәрімізге мәлім Семей полигонында ядролық бомбалардың үзіліссіз жарылыстары болды. Олардың зардабын халқымыз әлі күнге дейін шегіп отыр. Содан халқымыздың санасына үлкен қорқыныштар ұялап қалған. Сіздің айтып отырғандарыңыз рас. Олар кіші модульді реакторлар деп аталады. Өткен тамыз айының басында 2 апта АҚШ-та іссапармен болып қайттым. АҚШ-тың Энергетика министрлігінің 16 ұлттық лабораториясы бар. Олардың ең кішісінде – 3 500, үлкенінде 16 000 адам жұмыс істейді. Солардың алтауымен біздің Ядролық физика институты тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатыр. Солармен бірге бірқатар жұмысты нәтижелі атқарып келеміз. Оның ішінде зерттеу жұмыстарымен қатар өндіріс те бар.

Аталған кіші модульді реакторлар әлемде енді салынып жатыр. Сондықтан оның тиімділігі мен кері әсері әлі толық сынақтан өтіп болған жоқ. Әйтсе де біз келешекте АҚШ ғалымдарымен бірге серіктесіп, АҚШ – Қазақстан кіші реакторларын жасап шығаруды ойластырып отырмыз. Тіпті тек Қазақстанның жеке реакторын жасап шығаруға да өз потенциалымыз жетеді деп ойлаймыз. Сондықтан бізде АЭС-ке қатысты түк те жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Құдайға шүкір, біздің бұл салада мамандарымыз да, ғалымдарымыз да бар. Мүмкін кейбірінің білімін жетілдіру үшін қысқамерзімді дәрістерге қатыстыру керек шығар. Ал саладағы былайғы кез келген маманды жақсы дайындауға өз біліміміз бен ғылыми дәрменіміз жетеді. Бірақ мұның бәрі – болашақтың жоспары. Күні ертең бола қоймайды. Ал кіші модульді реакторларға келсек, олар тағы 5-10 жыл сынақтан өтсін. Құдай сақтасын, ертең жетілмеген бірер жерінен ақау шығып жарылып кетсе, оның зардабы қалай боларын ойға алудың өзі қорқынышты.

Екінші сұрақ: АЭС неге Үлкен ауылына салынып жатыр? Ол АЭС екі блоктан тұрады. Қуаттылығы – 1 200 мгават. Қазақстан АЭС компанияларының бас директорының айтуына қарағанда, онда 2 000 адам жұмыс істейтін болады. Олардың 300-і – жоғары білімді, 1 500-і – арнайы мамандықтар бойынша, қалған 200-іне мамандықтың қажеті жоқ. Айтылған 300 жоғары білімді, 1 500 арнайы мамандарды біз Ядролық физика институтының базасында, қысқа мерзімде дайындап бере аламыз. Өйткені 66 жылдық тәжірибеміз бар. Тура осы АЭС-ке қойылатындай реакторымыз да бар. Ол жұмыс істеп тұр.

Ал ендігі айтарым АЭС-ті кез келген жерге салуға болмайды. Онда жұмыс істейтін 2 000 адам бір жерде өмір сүруі керек қой. Олардың әрбірімен келісімшарт жасалады. Олар қу далада қалай тұрады. Ал Үлкен ауылының жанын таңдаудың басты себебі, өткен ғасырдың соңында-ақ ол жерге АЭС салу жоспарланған болатын. Сол кезде ол белгілі себептерге байланысты салынбай қалды. Сөйтіп, елге тиімді жос­пар жүзеге аспады. Енді дайын тұрған алаңды жоғалту біз үшін үлкен қателік болмақ. Өйткені ол өте көп шығындар әкеледі. Қазір Түркия мен Мысырда және Беларусьте осыған ұқсас АЭС-тер салынып жатыр. Мысырда – 2 блок, Түркияда – 4 блок, Беларусьте 2 блок тұрғызылу үстінде. Осы 8 блоктың бәрі бірдей. Бірақ олардың орналасқан жерлері әртүрлі болғандықтан, ішкі құрылым, құрылыстары міндетті түрде біркелкі болмайды. Өйткені ондағы көп дүние климатқа байланысты. Сондықтан сыртқы көрінісі бірдей болғанымен, реакторлардың ішкі құрылымдары сол жердің климатына сай болуы шарт. Ал ауа райы әртүрлі.

Сол сияқты Үлкен ауылына салынатын АЭС-тің де өз ерекшеліктері міндетті түрде болады. Ел-жұрттың жағдайын ойлайтын сұрақтар. Расында, АЭС-тің шығындары бар. Ол – радиация қалдықтары. Қазір ғаламшардағы барлық елдер оны оқ­шау­лап, арнайы сақтау орындарында берік қорғап отыр. Қазақстан оған қосылып, сол стандартпен жұмыс істей алады. Екіншіден, салынатын АЭС Балқаш көлінің бір тамшы да суын пайдаланбайды әрі ластамайды. Оған біз – осы саланың ғалымдары кепілдік бере аламыз.

Ол АЭС керек болса, 3-конторын қосып, үйдегі тұрған қарапайым тоңазытқыш бар ма, соны тоққа тығып қойсаңыз, моторы ыстық болғанымен іші салқын болып тұрады ғой. Сол сияқты сырттан бір тамшы су пайдаланбай 3-конторды қосып қойып пайдалануға да болады. Міне, осы технологияны іске жаратады. Онда ешқандай радиацияны суға шаймайды. Өйткені радиация ауада бар, суда бар, қатты денеде бар. Соның ең қорқыныштысы радиация суға араласса, ол өте күрделі. Сондықтан біз оны міндетті түрде алыс ұстайтын боламыз. Қазір менің сөзіме иланбасаңыздар біздің институтқа ке­лі­ңіздер, сонда реакторды дәлелдеп, бәрін тәжірибе жүзінде жасап, көрсетіп бере­міз. Сонда оның ешқандай қауіп-қатері жоқ екеніне көздеріңіз толық жетеді. Институтта қалталарыңызға радиацияны өлшейтін құрал салып береді. Соның өзі-ақ шырылдаған дыбыс шығарып, ненің не екенін айырып алуға көмектеседі. Негізі зерттеу реакторында әр бұрышта радиацияны өлшейтін детектор тұр. Оны біз сөндіре де алмаймыз. Өйткені ол Энергетика министрлігінің арнайы комитетінің бақылауында тұр. Бір нәрсе бола қалса, ақпарат бірден сонда барып түседі. Ол ақпарат туралы міндетті түрде МАГАТЭ-ге хабар беріледі. Бұл – бүкіл әлемдегі қалыптасқан сондай жүйе. Қазақстан МАГАТЭ-ге 1994 жылы тәуелсіз ел болып кіргендіктен, біз бұл бақылдауда мүлт кетпейміз. Ондай жағымсыз жағдай Ядролық физика институтының 66 жылдық тарихында бір рет те болмаған. Сондықтан мың рет естігенше, бір рет келіп өз көздеріңізбен көргендеріңіз абзал», деді бас директор.

Қазір жел энергиясын ең көп пайдаланып жатқан ел – Қытай. Жел энер­гиясын өндіретін бағандар мен қа­лақ­шалар да біршама уақыт өткен соң сынады. Оны қайта жөндеп, қалпына келтіру жұмысы тым қымбатқа түсіп жатыр. Өйткені қалақшаның біреуі сынса, міндетті түрде үшеуін де түгел алмастыру керек. Себе­бі олар бір-біріне жалғанып жатыр. Оның үшеуін бірдей жөндеу шығыны қазіргі күнде өзін-өзі ақтамайды. Нәти­же­сінде, сол жаратылған энергия өзі жасаған энергия­сына татымайды. Сон­дық­тан ол әзірше өзін-өзі ақтай алмай келеді. Бұл кемшілік пен мол шығынды саладағы көпшілік ғалым-мамандар айта бермейді. Бірақ бұл – мойын­дал­ған дүние. Десе де Қазақстан бұл энергия көзін де дамытып жатыр. Ашығын айтқанда, бұл қалақтар арқылы өнді­рі­ле­тін энергия 10 пайызға да жет­пей­тін болады. Әйтсе де бұл саланы жан-жақты дамыту ісі жалғасып жатыр. Сол үшін де бір ғана АЭС-ті салып тастап барлық энергия мәселесін шеше аламыз деген ой жоқ. Жаңағы айтылған кіші модульді стансаларды дамыту ісі де қатар жүргізіле береді дейді сала мамандары.

«АЭС-ке Балқаштың суы пайдаланылмайды. Жоғарыда айтылғандай 3 контр қойылып, өзін-өзі сумен қамти береді. Ал қауіпсіздік жөнінде тағы бір мысал айтайын. АҚШ-тағы ең үлкен қаланың бірі Бостонның орталығына орналасқан АЭС ешкімге зиянын ти­гіз­бей неше жылдан бері жұмыс істеп тұр. Одан бар-жоғы 20 метр жерде археология факультеті бар. 40 метр жерде жатақхана, 100 метр жерде лаборатория ғимараты тұр. Сондай-ақ 120 метр жерде қоғамдық тамақтану орны бар. Әрине, Америка қауіпсіздікке қатаң қарайды. Қазіргі мүмкіндікті жіберіп алғысы келмейтін Қазақстанда бірінші кезекте қауіпсіздікке мұқият болады деп ойлаймын.

Айтқандай Чернобыль атом электр стансасы жарылғаннан кейін әлем ел­дерінің бәрі стансалардың қорғаныс қабырғаларына қатты мән бере бас­тады. Оны да ұмытпау керек. Қазір олардың мықты болғаны сондай, егер әлемдегі ең үлкен А-38 ұшағы АЭС-тің үстіне әуеден 10 шақырым биіктіктен келіп құлайтын болса, оған ешқандай зақым келтіре алмайды. Осы сияқты қорғанысы мен қауіпсіздігі же­теді. Мұндағы ең жаманы – мың жылға дейін қауіптілігі жойылмайтын ра­диациялық шығындысы. Қазір оны қа­уіпсіздендіру үшін ғалымдар жұ­мыс істеп жатыр. Бұл үдеріс еш­қа­шан тоқтамақ емес», деді ғалым С.Сахиев.

Таяуда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысына қа­­­­тыс­ты жалпыұлттық референдум өткі­зу­­ге қажетті барлық сараптама да­йын еке­нін мәлімдеді. Референдумда елі­міз­дің энер­гетикалық тұр­ғы­да тәуел­сіздігін ойлаған және эконо­ми­ка­ның еңбектеп емес, еңсе тіктеп дамығанын қалайтын азаматтар саналы түрде дұрыс таңдау жасайды деген үміт бар.