Кейде қоғам қорғансыздың өзін айыптап жататын жағдайлар жиі ұшырасады. Мұны Еуропа «виктимблэйминг» деп атайды. Бұл терминді алғаш рет психолог Уильям Райан 1971 жылы жарық көрген «Blaming the Victim» атты кітабында қолданған. Ағылшын тілінен аударғанда «жәбірленушіні кінәлау» дегенді білдіреді. Қазақтың сөзімен айтқанда, «жығылғанға – жұдырық» дегенге саяды.
Қазіргі таңда психикалық саулық деген мәселеге ерекше маңыз беріп отыр. Әлеуметтік психологияда абьюзер, буллинг, сонымен қатар виктимблэйминг бәрі – бір-бірімен ұстасқан әбжіл құбылыстар. Адамзат бойындағы қадым заманнан қалмай келе жатқан жауыздық бүгінгі заманда мейлінше ашық әрі радикалды көрініс беріп, қоғамның бас ауруына айналып отыр. Сондықтан біз де мұндай ұғымдарды өркениетті тұрғыда зерттеп, психологиялық сауат пен мәдениетті сана қалыптастыруға қам жасауымыз қажет. Осы ретте виктимблэйминг мәселесі де түйткілді тақырыпты бірі екені сөзсіз.
Білікті халықаралық заңгер, феминист Әйгерім Құсайынқызы виктимблэймингтің көп қырлы мәселе екенін айта келе, әсіресе әйелдерге қатысты жағына тоқталып өтті.
«Әлеуметтік психологияда, криминологияда виктимология деген ғылым саласы бар. Сол ғылым саласында 70-80-жылдардан бастап кең ауқымды қолданыста болды. Бұл терминнің біздің қоғамда жиі айтылуының себебі сексуалды зорлық-зомбылықта оған әйелдің өзін кінәлайды. Бізде «әйел кінәлі» дегенді көтеретіндер – еркекті ақтағысы келетін азаматтар. Себебі әйел физиологиялық тұрғыда әлсіз. Еркектің өзінен әлсіз адамға күш көрсетуін, ұрғанын еркек болғаны үшін ақтау қай заңгерге барсаңыз да әділетсіздік. Жәбір көрушіні кінәлау – қоғам дерті. Мәселен, «Тальго» пойызындағы қыз бала зорланғанда көпшілік зорлаған адамды емес, қыздың өзін айыптады. «Қыз неге арақ ішіп алды?» деп сынға алды. Неге? Ер азаматтар ішімдік ішкен қызды зорлауына рұқсат деген талап бар ма? Біріншіден, жәбірленуші мен агрессорды анықтап алуымыз керек. Қоғам болып агрессорды жазалауымыз қажет. Онсыз да туыстары теріс айналған, зорланған азаматты кінәлау – жүрексіздік, санасыздық», деп түсіндіреді заңгер.
Ал Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, 11 және 13 жастағы әрбір бесінші, 15 жастағы әрбір оныншы жасөспірім мектепте буллингке ұшырайды. Ондай қысым көріп, жәбірленген жеткіншектерді қолдаудың орнына оның өзін көзіне шұқып, көңіліне қаяу түсіретін оқиға көп кездеседі екен. Бұған қатысты халықаралық әлеуметтік сауалдамаға жауап берген ата-аналар білім ордасындағы мұндай жағдайдан кейін баланың өзіне деген бағасы төмендеп, қатты күйзелгенін айтқан. Осы орайда сарапшылар балалар мен жасөспірімдердің бір-біріне қысым көрсету себебін түсіндіріп, агрессор мен жәбірленушіге қалай қолұшын созуға болатынынан хабардар етті. Мәселен, Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова жәбірленуші тарап қана емес, агрессорға да үлкен көмек қажет екенін айтады. Осы орайда ол оқушы қыздың басынан өткен оқиғасын айтып берді.
«Мамандық таңдауға байланысты отбасынан қысым көретіндер көп. Көбіне-көп ата-аналар әнші, биші немесе актер болғысы келген балаларын тыйып тастайды. Балет бишісі болғысы келетін ұл балаларға «Біздің отбасымызда олай болуы мүмкін емес. Ер балаға жараспайды» деп ұрысады. Бірде маған мамандығын ата-анасы таңдап берген қыз бала келді. Әке-шешесі қинап жіберген оқуын тәмамдаса да, бұл мамандық бойынша бір күн де жұмыс істемеген. Депрессияға шалдығып, 10 жыл бойы үйінен шықпаған. Енді ата-анасы қалағаныңды істе дейді. Бірақ қыз баланың он жыл өмірі қайда қалды?», деді маман.
Арт-терапевт Мақпал Қаратай кез келген істе жауапты болу өзін кінәлі сезіну емес екенін айтады.
«Виктимблэйминг деген терминнің мағынасы – жәбір көрсетушіні емес, жәбір көрушіні айыптау. Қоғамда осындай түсінік көп. Әдетте біз жәбір көрсеткен жанды емес, жапа шеккенді айыптаймыз. Мәселен, біреу затын жоғалтса – «неге жан-жағыңа қарап жүрмейсің?», әйел адам, қыз бала зорлық көрсе – «өзі де кінәлі ғой, жеңілтек жан еді» немесе әйел күйеуінен таяқ жесе – «тілінен тапқан болар» деген сияқты айыптаулар кездеседі. Психология «не көрсең де жауапты өзіңнен ізде!» дегенді айтады. Расында да, жауапты өзіңнен іздеу керек. Бірақ бұл жерде жауапты ізде деген бұғып, көніп жата беру емес, жауап өзіңді қорға, құрметте дегенді ұқтырады», дейді М.Қаратай.
Оның айтуынша, зорлық-зомбылықтың жылы жабылып қалғанымен зорлықтың арты – қорлық. Адам жан дүниесінде жараның табы қала береді.
«Бір келіншек хат жазды. Күйеуі шашынан сүйреп сабайды екен. Кішкентай бөпесі бар. Қандай шешім шығарарын білмей, менен ақыл-кеңес сұрайды. Шынымды айтсам, әрине, оқиғаның толық мән-жайын білмей тұрып, біржақты жауап беру қиын. Мәселен, жас кезінде үнемі күйеуі сабаған ерлі-зайыптыларды білемін. Әйелі жылады, шыдады. Қазір екеуі қартайған, түк болмағандай бірін-бірі еркелетіп, өмір сүріп жатыр. Бірақ барлық оқиға осылай аяқталады деп те айта алмайсың. Ана әйелдің жастық шағы тек жылаумен, қиналумен өтті», дейді М.Қаратай.
Осы орайда бұл мәселені заңмен реттеуге бола ма деген сауал туады. Мұның жауабын заңгер Әйгерім Құсайынқызынан сұрап көрген едік. Оның айтуынша, бұл адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеу деген секілді қарапайым заңдылыққа жатады.
«Елімізде бұл салаға нақты белгіленген заң жоқ. Бірақ кейбір заңдарда мазмұны бойынша болады. Мысалы, азаматтық, қылмыстық немесе еңбек қатынасы секілді заңдар да бар. Бірақ ол заң тармақтары өзге детальдарға тәуелді. Өзін-өзі қорғау кезінде біреуді өлтіріп алу немесе жеке құпиялықты сақтау сияқты тармақтарға кіреді. Жалпы, мұны тек заң ғана шешпейді деп ойлаймын. Бұл көбіне-көп психологиялық феноменге жатады, қылмыстық іс емес. Мұны заң жүзінде реттеу керек болса, бөлек заң емес, бір заңға қосып толықтырса жетеді. Өйткені кез келген адамның қадір-қасиетін негізгі заң қорғауға тиіс. Мысалы, бір жәбірленген адамды біреулер қорлаған пост жазып жатса, оны жазба дей алмайсың. Себебі оны ол буллинг емес, сөз бостандығы деп түсіндіреді. Сол үшін біз қарапайым ғана адам құқықтарын жақсы түсінуіміз керек. Біреуді кінәлауға асығу да адам құғығын дұрыс түсінбеуден орын алады. Сондықтан құқықтық сауаттылық қажет», дейді заңгер.
Қорыта айтқанда, бұрынғы дәуірден жеткен кейбір құндылықтардан мүлде бас тартпасақ та, қайта қарастыруға тура келеді. Мысалы, «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді», «Өзің де сау сиырдың жапасы емессің», «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды», т.б. мақал-мәтелдің ар жағынан жығылғанға жұдырық болатын, жәбір көріп, жапа шеккенді жазғыратын, күстанәлайтын ойдың басы қылтиып тұратыны рас. Мұның бәрі, түптеп келгенде, виктимблэйминг болып шығатынын енді ұғып отырғандаймыз.