Теннистен ерлер арасындағы еліміздің бірінші теннисші Александр Бублик Бельгияның Антверпен қаласында өтіп жатқан теннистен «ATP 250» санатындағы турнирдің финалына шықты.
Осы жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген отандасымыз турнирдің жартылай финалында дүниежүзілік рейтингте 127-орында тұрған германиялық Максимилиан Мартерермен шеберлік байқасты. Екі теннисші бұған дейін кортта екі мәрте кездесіп, біреуінде Бубликтің, екіншісінде Мартерердің мерейі үстем болған. Ал үшінші кездесуде жерлесіміздің бағы жанды. Бір жарым сағатқа жалғасқан матчта А.Бублик екі сетте 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің финалдық бәсекесіне жолдама алды.
Жерлесіміз ә дегеннен бірінші партияның бірінші геймін брейкпен бастап, 2:0 есебімен алға шығып алды. Бублик сол қарқынын сет соңына дейін бәсеңдетпей, есептегі басымдығын сақтап қалды – 6:4. Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Бублик тағы бір брейк жасап, бұл партияны да 6:4 есебімен түйіндеді. Отандасымыз турнирдің бас жүлдесін жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы грекиялық Стефанос Циципасты тізе бүктірген франциялық Артюр Фистпен сарапқа салады. Екі теннисші бұған дейін бір-бірімен кездеспеген.