Мұқағали Мақатаевтың «Шәмілге жазған хаттардан» деген атақты топтамасы бар. Ақын іште тұншыққан шерін Шәмілге мұң шағу арқылы жеткізеді. Өзіне сұрақ қойып, содан жауап іздейді.
Шәміл-ау!Хал-жайымды білсең еді,Білмеймін қайтерімді...Кім сенеді?Он жетімде өшіріп алған отым,Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?Осылай басталған өлең одан әрі:Ойласам, талай-талай қыр басыппын,Досым деп, «доңызбен» де мұңдасыппын....Шәміл-ау!Қалың достан қалған сен ең,Қайтемін?Ғашықпын мен,Шын ғашықпын!!! – деп жалғасады.
Мұқағали махаббат сезімінің қалтарыс-бұлтарысын, достар ортасындағы жалғыздығын, өткен күнге деген сағынышы мен өкінішін өлеңіне арқау ете келіп, махаббатты ән арқылы сақтауды ұсынады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма?Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,Шәміл-ау!Шәмші қайда?Шәмші қайда? – деп досына қайырылып, Шәмшіден жүректі жындандыратын һәм жандандыратын мәңгілік өлмейтін ән қалдыруын қиыла сұрайды.
Мұқағали одан кейін де «Шәміл-оу! Білесің бе? Шын махаббат – Осылай қарамаудан жаралады!», «Шәміл-оу! Күндер өтті, Айлар өтті. Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?», «Шәміл, Шәміл! Айналдым жазылмасқа. Күйрейтұғын түрім бар, жазым бассам», «Жоқ, Шәміл, Менің ойым бөлек еді, Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді», «Шәміл, Шәміл! Шаршадым, қалжырадым. Ет жүрегім езілді, қан жылады» деп бір өлеңнің ішінде досының есімін бірнеше мәрте қайталайды. Бұл да болса «Шәміл-оу» деп оқырманды өзіне қаратып алып, іштегі шерін ақтарудың бір тәсілі болатын.
Мұқағали ақын мұң шаққан Шәміл кім? Ол – ақынның досы, өзі де тамаша ақын Шәміл Мұхамеджанов еді. Ол да Мұқағали секілді көркем поэзияны жанына серік етті. Екеуі араларынан қыл өтпес дос болды. Олардың адал достығын Мұқағалидың «Шәміл-ау, қалың достан қалған сен ең» деген бірауыз сөзінің өзі айғақтайды. Ол аздай екеуі түйдей құрдас еді. «Менің анкетам» өлеңінде Мұқағали мұны: «Туған жылың? – 1931. Құрдасымын Шәмілдің...», – деп әзілдеп жеткізеді. Ал «Құрдастарға» өлеңінде «Мынау – әзер қаз басқан төрт жасында, Мұхамеджан қартыңның мешелі ғой» деп тағы бір тиісіп өтеді. Шәміл де орайы келгенде құрдасын қағытып қалады екен. Бірде Мұқағали өлең оқып отырса, Шәміл кіріп келіп: «Ит жоқ жерде шошқа үредi деген. Мына шошқа не деп үрiп тұр?» – депті. Осындай қағытпа сөздері-ақ олардың арасындағы құрдастық әзіл мен етене жақындықты аңғартады.
Шәмілге әзілдеп өлең жазған тағы бір ақын – Жұмекен Нәжімеденов. Жұмекеннің адам мінезінің тұрақсыздығын, қоғамдағы жасанды «заңдылықтарды», жалған пафос пен шынайы тірліктің арасындағы алшақтықты шебер бейнелейтін «Шәмағаң мен жас ақын» өлеңі бар. Өлеңде бір жас ақынның философиялық ой түйе келіп, Шәмілге қайырылғаны баяндалады. Сол кезде Шәміл ақынның сауалына келеке түрінде жауап береді.
Шәміл айтты:
– Құтырма, ойлай білем деп аздап,түк түйсік жоқ – аппақсың,өзің де аппақ, қағаз да ақ.Жаңғырықтан адасып қалдым дейсің – қосылам,заңдылықтың қанша тек қатысы бар осыған?!
Жұмекен мен Шәміл де әзілі жарасқан сыйлас достар болған. Екеуі баспада бірге қызмет істеген. Өзімен бір бөлмеде отыратын әріптесімен әзіл-қалжыңы жарасқан. Досының есімін өлеңіне арқау еткені содан болса керек.
Осы секілді өлеңдерге қарағанда Шәмілдің өзі де әзіл-қалжыңға жақын адам болған секілді. Мұны қаламгер аға-бауырларының жылы естеліктері де растайды. Ғафу Қайырбеков Шәміл жайында былай деген екен: «...Бiр жолы бiр фотограф ағасы Шәмiлге келiп, мұң шағыпты. «Қазақ қадiрiмдi бiлмедi, қырғызға кетем. Олар қоярда қоймай шақырып жатыр. Осыған не ақыл айтасың?» – депті. Сонда Шәмiл: «Е, онда қырғыздар да таусылған екен!» – дептi». Серікбай Оспан да бір естелігінде «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза Әлидің жыр жолдарына Шәмілдің «Дедің-ау сен. Бала, байқа! Нағыз орыс – орыс емес, Нағыз орыс – балалайка!» деп пародия жазғанын айтқан болатын. Шәмілдің әзілге жақын, ақжарқын мінезін жақсы білген достары да оны қағытып, қалжыңға тартып отырғанды ұнатқан секілді. Бүгінде елеусіз қалып, ұмыт бола бастаған ақынның бірі осы – Шәміл Мұхамеджанов. Алайда ақынның есімі мен болмысы оған арналған шумақтар