• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 09:13

Жарыс күнделігі

Испанияның Понтеведра қаласында әртістік жүзуден Әлем кубогінің финалдық сайысы өтті. Алғашқы күні аралас жұптардың техникалық бағдарламасында Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов қола медальға қол жеткізді. Олар Ұлыбритания мен Испания спортшыларынан қалып қойды. Жекелеген са­йыста италиялық Филиппо Пелати мен испаниялық Энеко Санчес Агиларды алға жіберген Алдияр Рамазанов та дәл сол межеден көрінді.

Садақ атушы Ильфат Абдуллин Словениядағы «Veronica’s Cup» турнирінде топ жарды. Финалда ол үндістандық Сачин Гуптыға сан соқтырды. Құрамында Әдел Жексенбинова, Роксана Юнусова, Виктория Лян сынды мергендері бар еліміздің құрамасы блоктық садақ атудың командалық сайысында қола медаль иеленді.

Бокстан еліміздің жастар құрамасы Мажарстанда өткен халықаралық тур­нир­ді 15 жүлдемен қорытындылады. Тар­қатып айтсақ, алты өреніміз алтын тұғыр­ға көтерілді. Алтауы финалда ұтыл­са, үшеуі қола медаль иеленді. Жарыстың ең үздік бапкері атағы Бақыт Сәрсекбаевқа бұйырды.

Сербиялық Александра Круничпен жұп құрған Анна Данилина «Ролан Гарростағы» тұсаукесер кездесуінде Джессика Малечкова/Мириам Шкохқа (Чехия) шаң қаптырса, екінші айналымда Майя Джойнт (Аустралия)/Хенне Вандевинкель (Бельгия) жұбын жең­ді. Одан кейін украиналық Ангелина Калинина/Даяна Ястремскаялардан басым түсті. Сондай-ақ Анна америкалық Джеймс Трэйсимен бірге миксте де табыс­ты өнер көрсетіп, ширек финалға шықты.

Бокстан Алматыда Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұр­мағамбетовті еске түсіруге арналған халық­аралық турнир аяқталды. Оған еліміз­ден бөлек, Өзбекстан, Қытай, Қырығзстан, Тәжікстан құрамалары қатысты. 55 кг сал­мақта көптен бері көрінбей кеткен Сәкен Бибосынов бас жүлдені олжаласа, +90 келі салмақ дәрежесінде Өзбек­станда туып-өскен қандасымыз Мадияр Саидрақымов қарсылас шыдатпады. Сондай-ақ мына былғары қолғап шеберлері жарыс жеңімпазы атанды: 50 кг – Ернар Карап (Абай), 55 кг 60 кг – Асылжан Серікбай (Шымкент), 65 кг – Абзал Серік (Шымкент), 70 кг – Елнұр Сүйінбай (Жамбыл), 75 кг – Еркебұлан Шәйкенов (Жетісу), 80 кг – Нұрқанат Райыс (Маңғыстау), 85 кг – Бекнұр Батырбек (Армияның орталық спорт клубы), 90 кг – Нұржан Думан (Карағанды).

Еліміздің спорттық гимнасшылары Словенияның Коперінде өткен «Challenge Cup» додасында олжаға кенелді. «Ат» жаттығуында Зейнолла Ыдыры­сов күміс медаль жеңіп алды. Ол тек хорватиялық Матео Зугестен қалып қой­ды. Қола жүлдені ұлыбританиялық Джошуа Натан иеленді. Еліміздің тағы бір өкілі, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов жетінші орынды қанағат тұтты.

Жеңіл атлетикадан Гонконгта өтіп жатқан жастардың Азия біріншілігінде (U20) еліміздің құрамасы бес жүлдеге қол жеткізді. Әсіресе Максим Сажнев қуантты. 17 жастағы жас өрен дискіні 60 метр 45 сантиметрлік қашықтыққа лақтырып, бас жүлдені олжалады. Соны­мен қатар ол ел рекордын жаңартты. Сыры­қ­пен секіруші Анна Черкашина күміс­пен күптелсе, үш қарғып секіруші Мария Щипачева, ядро лақтырушы Алина Головина, онсайысшы Асқар Өмірзақ қолаға қол созды.

Парижде жастар арасындағы «Ролан Гаррос» турнирі басталды. Алғаш­қы айналымда Заңғар Нұрланұлы ұлыбри­та­ния­лық Марк Себанға сан соқтырды – 6:3, 6:4. Дамир Жалғасбай франциялық Янник Александрескуден айласын асыра алмады – 2:6, 3:6. Дайындаған –Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар