Осыдан екі жыл бұрын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Мемлекет басшысы: «Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Бізде жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде шөп қорыған иттің кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы керек», деген еді. Бірақ Үкіметтен біраз жылға жалға алғандар басқа жері жоқтарға жалға беріп, солардың үстінен пайда көріп отырғандары жетерлік.
Көп ұзамай, Президенттің тапсырмасынан кейін, игерілмей жатқан жерлерге тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеріс барысында шамамен 1,5 млн гектар жердің бос жатқаны анықталған. Құзырлы органдар жекеге өткен, бірақ берілген мақсатта пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтаруда құқықтық тетіктің жоқтығымен түсіндірсе, мамандар елімізде игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекетке қайтарудың керек екенін және оны 2003 жылы Жер кодексін қабылдаған кезінде орын алған олқылықтармен байланыстырады. Ресми мәліметтерде, біздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 1,5 пайызы жекеменшікке сатылған, ал 98,5 пайызы мемлекеттің меншігінде. 20 жыл бұрын қабылданған Жер кодексін «жерді пайдалану құқығын сатып алғандарға жер тегін беріледі» делінген баптарға сүйеніп, сол кездің өзінде 4,5-5,5 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер біреулердің қолына өткен.
Бүгінгі таңда Қазақстан Еуразия құрлығының орталығында 272,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметіне сәйкес, қазіргі күні елімізде ауылшаруашылығы мақсатындағы жер – 115,9 млн га (115 966,2 мың га), елдi мекендердiң (қалалар, кенттер мен ауылдық елдi мекендер) жерi – 24 592,8 мың га, өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер – 2 273 мың га, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер – 7 811,3 мың га, орман қорының жері – 22 963,5 мың га және су қорының жері – 4 209,4 мың га, сонымен қатар босалқы жерлер 85 114,6 мың гектарды құрайды. Өткен жылғы есепке қарағанда елімізде игерілмей жатқан 12,8 млн гектар жердің 8 млн аса гектары мемлекетке қайтарылыпты.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен бір отырыста игерілмей жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жөнінде көтерілген мәселе де қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің дерегі бойынша, өткен жылдың басынан бері мемлекетке 8,3 млн га (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылдың өткен кезеңінде – 2,9 млн га) жер қайтарылған. Тексеру қорытындысына сәйкес, аталған комитеттің аумақтық бөлімшелері 835,9 мың га аумақта жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 615 ұйғарым, 271,5 мың га бойынша 183 іс сот органдарының қарауында жатқаны белгілі болды. Тексеру қорытындысында 797 заңбұзушылық орын алып, жалпы сомасы 156,3 млн теңге айыппұл салынған. Яғни 68%-ы өндіріліп алынды. Айта кетерлігі, тиісті шара қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 689 мың га ауыл шаруашылығы жерін қайта игеруге кіріскен.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, былтыр жалпы жерді ерікті қайтару үлесі 72,2% құраған. Биыл бұл үлес 62%-ға дейін төмендепті. «Әкімдіктер қабылдаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру туралы шешімдердің заңдылығына келетін болсақ, 2022 жылдан бастап тексеру барысында 526,3 мың гектар жердің 515-і заңсыз алынғаны анықталып, 135-інің күші жойылды. Қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді комитет басшысы.
Сонымен қатар ол пайдаланылмаған жерлерді қайтару үдерісі бірнеше маңызды фактормен қиындық туғызып отырғанын айтты. Негізгілері – талап қою шағымдарының рәсімдері бойынша соттармен келіспеушіліктер және өткен жылы енгізілген Кәсіпкерлік кодекстің жаңа талаптарына байланысты бұрын берілген нұсқамалар жөнінде бақылау жүргізу мүмкін емес екені. Сондай-ақ спикер Жер ресурстарын басқару комитетінің өңірлік бөлімшелерінде адам ресурстарының жетіспеушілігін де атап өтті.
Биыл жер иелеріне өз учаскелерін және жергілікті атқарушы органдарды ауыл шаруашылығы жерлерін берудің заң жүзінде пайдалану жауапкершілігі күшейтіліп, наурыз айында жергілікті атқарушы органдарындағы лауазымды тұлғалардың жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін белгілеу бөлігінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы жылдың 8 қазанынан бастап 1 тамызда қабылданған Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры инфожүйесі шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары күшіне енді. Сонымен қатар Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп, соған сай мемлекеттік жер инспекторларының саны артады.
«Жер біздің басқа да табиғи ресурстарымыз сияқты Қазақстан Конституциясымен халыққа тиесілі деп айқындалған. Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару мәселесі – мұны мемлекеттік меншікке қайтару ғана емес әрі қарай әділ бөлу. Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасында жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын дамытуды ынталандыру міндетін нақты атап өтті. Бірақ егер ауылдарда жайылымдық жерлер болмаса, онда қандай даму туралы айтуға болады? Жерлер бюрократиялық кедергілерге байланысты пайдаланылмай қалмауға тиіс, оны ел экономикасы үшін пайдалану керек. Бұл мәселені тезірек және әділ шешудің басқа тәсілдері мен тетіктерін әзірлеп, барлық көтерілген мәселені егжей-тегжей қарастырғаннан кейін нақты ұсыныстар енгізу керек. Ал әкімдіктерге өнеркәсіп, цифрлық даму, ауыл шаруашылығы министрліктерінің үйлестіруімен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын толтыру және өңірлік геоақпараттық жүйелерді іске қосу жөніндегі жұмысты жеделдетуге тиіс», деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ жұмыс барысын бақылауды күшейту мақсатында комиссия отырысын тоқсанына бір рет емес, ай сайын өткізу туралы шешім қабылданды.