Елордада «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы өтті. Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларға қолдау көрсету, олардың қабілетін ашуға мүмкіндік беру. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бағытта биыл атқарған жұмысын қорытындыланды.
Қайырымдылық – отандастарымыздың бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыратын игі іс. Жыл басынан бері Ассамблея осы ұлттық құндылықты дәріптеп, 250 мыңнан аса адамға көмек қолын созды. Жақсылықтың жаршысына айналған жандар жалпы көлемі 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсаған.
– Еліміздің егемендігі туралы Декларация қабылданған бұл айтулы дата – елдің тұғыры берік мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның нышаны ретінде айрықша маңызға ие мереке. Бұл күн біртұтас халқымыздың бірлігін арттыруға, мемлекеттігімізді нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізумен ерекшеленеді. Осындай іс-шаралардың бірі әрі бірегейі – «Қайырымдылық керуені» акциясы. Форумда қайырымдылық жасаушылардың ізгі ниеті мен жомарттығына құрмет көрсетеміз. Өйткені Ассамблея ел басына күн туған шақта көппен бірге сүрінгенге – сүйеу, қиналғанға демеу бола білді. Әр мың санының артында нақты бір адам, отбасы тұр. Мәселен, «Мектепке жол» акциясы аясында ғана балаларға 153 млн теңге көлемінде көмек көрсеттік. Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге де 47 млн теңге көлемінде көмек берілді. Біз көмекке мұқтаж әрбір жан мемлекет пен қоғамның қолдауын сезінетіндей қоғам құрып жатырмыз. Әділетті Қазақстан ең алдымен, инклюзивті мемлекеттен бастау алады. «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында біз қоғамның назарын балалардың өнері мен шығармашылығына аударамыз. Осы орайда, 40-тан аса құлағы естімейтін және нашар еститін балалардан құралған Солтүстік Қазақстан облысының «Sensitive» би ансамблін ерекше атап өткім келеді, – деді Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.
Форумда жыл қорытындысы бойынша қайырымдылық саласына үлес қосқан және ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларға қолдау көрсеткен азаматтар Ассамблея атынан «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталды. Жан-жақтан жиналған көрерменге шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Сондай-ақ алаңда мамандардың инклюзивті және арнайы білім берудегі инновациялық әдістемелерінің тәжірибелік кейстері таныстырылды. Ым-ишара тілін қолдану, көру қабілеті бұзылған балаларды оқыту және тәрбиелеу, ата-аналарға, педагогтерге және ҮЕҰ-ға әдістемелік көмек көрсету мәселелері қаралды.
– Депутаттық корпус инклюзивті балалар мәселелеріне қатысты арнайы дөңгелек үстел өткізді. Жиында білім беру, психологтердің деңгейі, кәсіби сарапшылар арасында қандай сұрақтар көтеріледі және арнайы орталықтарда сарапшылар қандай болуы керек сынды тақырыптар көтерілді. Қатысушылар арасында ҚХА мүшелері, Оқу-ағарту министрлігі өкілдері, Мәжіліс депутаттары да бар. Өйткені ҚХА биыл еліміздегі партиялармен меморандумға қол қойды. Соның негізінде партия атынан депутаттық мандат алған азаматтармен түрлі қоғамдық мәселені бірлесе талқылаймыз, – Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова.