• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қазан, 2023

Қара тақтада – қоңыр үн

391 рет
көрсетілді

«Кездессең ұрлана қараймын, асаудай тулайды жас жүрек...», деп «Жас қалам» әнін шырайын кіргізіп шырқайтын Арқаның аяу­лы әншісі Сейіл Аяғановтың орны, өкінішке қарай, ойсырап тұр. Жақында ғана сұлу әнге адалдық танытып өткен өнерпаздың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі мар­құмның туған күніне орай ұйым­дастырылды. Та­ғы­­лымды іс-шара басталмас бұрын әншінің «Жас қа­лам», «Таң самалы» әнде­рін жиылған жұрт терең тебі­реніспен тыңдады. Аяулы ұлын сағынған елдің көзіне еріксіз жас іркілді.

Мемориалдық тақтаны об­лыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов, ұлт руха­ниятының жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облы­сының Құрметті азаматы Рым­бала Омарбекова, Сейіл марқұмның досы, дарынды әнші Ерлан Төлеутай, туған бауыры, сазгер Шыңғыс Мұқаев ашты. Әкімнің орынбасары Б.Асанов сөз сөйлеп, халқының аяулы перзенті ха­қында жылы лебізін жеткізді. «Сейіл Аяған – ғұмырын әнге арнаған шын талант. Оның есімі, дауы­сы елінің жү­ре­гінде сақталары сөзсіз. Сіз­дердей тыңдарманы барда Сейіл әнші өлмейді. Осындай асыл туған ұлдарға құрмет көрсету – біздің парызымыз. Қазақ әнінің одан әрі жаң­ғыруына зор үлес қосты. Аянбай еңбек етті. Соңына дейін әнге берген сертінен таймады», деді Бауыржан Қоңырбайұлы.

Алматыдан арнайы келген Е.Төлеутай әнші бауырының жылы жүзін, сыршыл жүрегін сағынғанын айтып, көзіне жас алды. «Сейіл бауырымның екін­ші ғұмыры ұзақ болады деп сенеміз. Рухына көр­се­тілген құрмет мұнымен тоқта­майды деп ойлаймын. Ке­лешекте Сейіл әншіні еске алу кештері өтеді деп күтеміз. Сонымен қатар Сейілге Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясынан орын беру керек деген ұсыныс білдіремін», деді өнер жанашыры.

Дәстүрлі әннің дүлдүлі Жақ­сыгелді Кемалов та ән­ші бауырына деген ыстық сағынышымен бөлісті: «Сейіл екеуміздің туған кү­німіз қатар. Екеуміз бір-бірімізді күн қырдан көтеріле бергенде құттықтап оты­рушы едік. Биыл бауырым хабарласпады. Телефоным үнсіз. Өзегіме өксік ты­ғылды. Қай­ран бауырым-ай! Өзгенің ба­қы­тына баладай қуанатын таза жүрегі тоқтады. Ән де кім­ге қонарын біледі ғой, шіркін».

Ақын, Қазақстан Жазу­шылар ода­ғының мүшесі Қай­рат Асқар әншіге ар­наған өлеңін оқып берді. Мәдени іс-шара аяулы әншінің со­ңында қалған шырақшысы Қымбат Түсіпбекованың осындай игілікті шараға атсалысқан азаматтарға ризашылық біл­діруімен түйін­делді. Осы­лайша, Сейіл сері Қарағанды жұртшылығына қара тақтадан қарады. Қара тақтаға мойын бұрып сіз қарасаңыз, әншінің жылы жүзі көз алдыңызға, қоңыр үні құлағыңызға ке­леді. «Жұлдыздар аллея­сын­да жұлдызы жарқыраса», деген Ер­лан Төлеутайдың сөзін біз де қуаттаймыз.

 

Қарағанды облысы