• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Тағзым 23 Қазан, 2023

Еңбек батырының еңсесі биік

164 рет
көрсетілді

«Дала академигі» атанып, елінің абыройын аспанға көтерген алып тұлға Нұрмолда Алдабергеновтің халқына көрсеткен қыз­­меті қыруар. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында омы­рауына қос «Алтын Жұлдыз» тақты, қазақ қаламгерлерімен үзең­гі­лес дос-жаран болды. Қонаевтың сеніміне ие болып, аядай ауылын әлемге танытты. Сол еңбек батырының ерлігін ұлық­та­ған жерлестері Талдықорған төріне ескерткіш бюст орнатты.

Оның өмірі де өте күрделі. Алды-артынан сүйейтін тіреуі болмаса да, ауыл баласы атқа қонып, елдің игілігіне айналған сан шаруаның басын қайырды. Жалпы, болашақ ұрпақ үшін есте қалуға лайықты жан. Ол туралы осы күнге дейін талай кітап, мақала, естелік жазылды. Ал бү­гін­гі күн тұрғысынан жұрт біле жүруге тиісті, жастар үлгі-өнеге алуы керек-ті. Мұны облыс әкімдігі жақсы түйсінсе керек, Н.Алда­бергенов көшесінің бойына шағын саябақ жасап, арнайы тұғыртас қойды. «Бюст қаланың 6-шағын ауданында орналасып, маңайы саябақ ретінде абаттандырыл­ды. Республика күні қарсаңында өткен шара­ның тәрбиелік мәні зор болды», деп хабар­лайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен ескерткіштің шымылдығы түрі­ліп, етегіне гүл шоқтары қойылды. Жинал­ған көпшілікті қуанышты оқиғамен құт­тықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев бү­гінгі қоғамда еңбек құндылығын арт­тырудың маңызына тоқталды.

«Нұрмолда Алдабергеновтің есімін Жетісу өңірінде, тіпті тұтас Қазақстанда білмейтін жан кемде-кем. Ол – дүниенің кілті, барша игіліктің бастауы адал еңбекте екенін өзінің өнегелі өмірімен дәлелдеген нар тұлғалардың бірі. Өз кезеңінде колхоз ұйымдастырып, ауылдастарын еңбекке жұмылдырып, нәтижеге жұмыс істеудің тамаша үлгісін көрсетті. Жетісу жерінде Нұрмолда Алдабергенов ескерткішінің бой көтеруі тарихқа тағзым, еңбек адамына жасал­ған құрмет, туған жерге адал қызмет ету­дің үлгісін насихаттау деп білеміз. Еңбек – қоғамды бойкүйездік, енжарлық, ерін­шектік, бос мақтан секілді жағымсыз әдет­тен арылтатын, жастар тәрбиесінің қай­нар көзі болған құндылық. Сондықтан бүгін­гі­дей шаралардың мән-маңызы зор», деді Б.Исабаев.

Өңір басшысының ыстық лебізінен кейін сөз алған асылдың сынығы, Нұр­мол­да Алдабергеновтің қызы Рабиға апа­мыз тарихтан тағылымды ой сабақтап, ұлы тұлғаның қарапайымдылығы мен елжандылығы жөнінде сыр шертті.

«Бүгін облыс орталығында әкеме арнап ескерткіш орнатылып жатқанына қуаныштымын. Нұрмолда Алдабергенов – менің ғана әкем емес, барша халықтың әкесі бола білген десем, артық айтқандық емес. Ең алғаш, 1960 жылы көзінің тірісінде Шұбар ауылында ескерткіш қойылды. Мұнан соң 1973 жылы орнатылды, енді 50 жылдан соң Талдықорғанда қойылып отыр. Бүгін әкемнің еңбегін ұмытпай, рухын жаңғыртып, қола мүсінін орнатқан бастамашы қауымға рахмет айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Алдабергеновтей елдің, жердің атын шыға­ра­тын ер азамат, жас ұрпақ өсе берсін», деді Р.Нұрмолдақызы.

Жиналған жұртшылық ескерткіштің қос қапталына қойылған көрмемен танысты. Онда Нұрмолда Алдабергеновтің тұтынған жеке заттары, Еңбек Ері туралы жазылған кітаптар, қайраткердің өмірі мен еңбегі жайлы ақпараттық баннерлер көпшілік назарына ұсынылды. «Жетісу сазы» ансамблі қазақтың күйлерін төгілтіп, әншілер рухты әндерімен мерекенің шырайын кіргізді.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәлі­метінше, ескерткіш бюстің авторлары – сәулетші Қаби Баулықов пен мүсінші Нұр­ғалым Исабаев. Ескерткіштің биіктігі – 1,4 метр, тұғырының биіктігі – 2,9 метр. Бюст қоладан құйылып, тұғыры гра­нит­тен­ қойылған. Ескерткіштің маңа­йын абат­­тандыруға жергілікті бюджеттен 115­­­­ млн­­ тең­ге бөлініп, саябақ жасалды. ­Мұн­­да 80-дей­ жапырақты және қылқан жа­пы­рақ­ты­ ағаш отырғызылып, 16 орындық қо­йыл­ған. Газон төселіп, 42 жарық шам ор­на­­­тыл­ған. Автосуару жүйесі жұмыс істейді.

Еске салсақ, Нұрмолда Алдабергенов Кербұлақ ауданында туған. Қазақстанда ұжымшар ұйымдастыру ісіне белсене­ қа­тыс­қан, ұжымшарды басқарған. Екі мәрте Социа­листік Еңбек Ері (1948, 1958). Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, қоғам қайрат­кері. Даңқты еңбек адамы туралы Сәбит Мұқа­н­ов «Алдабергенов туралы аңыз» атты поэ­ма жазған, жазушылар Сәуірбек Бақ­бер­генов, Ұзақбай Доспанбетов, Құттыбек Баян­дин деректі кітаптар жазған. Қазір Ескелді ауданындағы Шұбар ауылына Алдабергеновтің есімі берілді. Ауылда сол елді мекеннен шыққан 20 Социалистік Еңбек Еріне қоладан ескерткіш қойыл­ған саябақ бар, қақ ортасында Нұрмолда Алдабергеновтің мүсіні тұр.

 

Жетісу облысы