• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әскер 24 Қазан, 2023

Алғашқы дайындық

198 рет
көрсетілді

Десанттық-шабуылдау әскерлеріне шақырылған жастар әскери қызметке бейімделуден өтіп жатыр. Бүгінде еліміздің барлық аймағынан келген болашақ Отан қорғаушылар оқу полигондарында әскери қызметтің алғашқы күндерінен қабілеттерін шыңдауды бастап кетті.

Әскерге шақырылушылар бөлімге келген сәттен бастап әскери ант қабылдағанға дейін бір ай дайындалады. Осы кезеңде олар әскери қызметтің негіздерін игеріп, бастапқы пәндерді, оның ішінде саптық дайындықтан өтіп, дене шынықтыру, жалпы әскери жарғылар мен әскери қызметтің қауіпсіздік негіздерін үйренуі керек.

Жауынгерлердің тезірек бейім­де­луі үшін Десанттық-шабуылдау әскер­лерінің әскери бөлімдерінде ең тәжірибелі офицерлерден, сержанттардан, психологтерден тұратын жиын әкімшілігі құрылды. Жиын әкімшілігі бастығының айтуынша, күзгі шақырылған жастардың арасында спортшылар көп. Оның ішінде жиырмадан астам адам спорт шеберлігіне үміткер және жекпе-жектің түрлерінен дәрежелері бар. Маңғыстау облысынан бокстан ел чемпионы және грек-рим күресінен Азия чемпионы да әскерге шақырылып отыр. Мерзімді қызметін өткеру барысында оларға жаттығу үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Спортшылар Қарулы күштердің деңгейінде өтетін жарыстарға қатыса алады. Спорттық аренада Десант­тық-шабуылдау әскерлерінің намысын қорғамақ.

– Алматы облысының «Іле» полигонында Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарынан шақырылған 200-ден астам бозбала жас жауынгер курсынан­ өтіп жатыр. Бүгінгі таңда олар күн тәр­ті­бі мен жаңа режімге үйреніп қалды, – дейді жиын әкімшілігінің бастығы, подполковник Бақытжан Қырғызалиев.

Ол әр сарбаздың жеке басын, мінез-құлқы мен ерекшеліктерін анықтау үшін психолог-офицерлер әңгімелесулер мен тестілеу өткізетінін айтты. Алматы гарнизонының әскери полициясы қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырады, әкім­ші­лік және қылмыстық кодекстер бап­тарының ережелерін түсіндіреді.

Подполковник Б.Қырғызалиев жастар­мен болатын күнделікті әңгі­ме­лесуден кейін 50-ден астам сар­баз­дың әскерге шақырылғанға дейін тұты­нушылық несиелерді рәсімдегені анықталғанын айтты. Қазір оларға «несиелік демалыс» ресімдеу бо­йынша жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және оларды қолдау жөніндегі шаралардың бірі.

Астанадан шақырылған жиырма жастағы Дмитрий Сүлейменов мектептен кейін бірден мерзімді қыз­метті өткеру туралы шешім қабыл­дапты. Бірақ қорғаныс істері жөніндегі басқарманың шақыртуы биыл ғана қолына тиген. Ол колледжді жеңіл және ауылшаруашылық машина­ларының механигі мамандығы бойынша бітірген. Алған мамандығы қызмет барысында кәдеге асатынына сенімді. Жас жігіт өзінің десанттық-шабуылдау әскер­ле­рі­не қызмет етуге келгенін ерек­ше­ бір сезіммен айтады.

– Жуырда ғана біз парашютпен секіру алаңына бардық. Онда көктемде шақырылған жігіттердің алғаш рет парашютпен секіргенін көріп, таң қалдық. Менің де арманым – өзімді сынап көру. Әскердегі қызметтің арқасында көп ұзамай ол арман орындалатынына­ сенімдімін және сол сәтті асыға күте­мін, – дейді жас сарбаз.

Әскер қатарына шақырылған Д.Сүлей­­меновтің үйінде ата-анасы, ден­­сау­лығына байланысты әскерде қыз­мет ете алмайтын сыңары, мектеп­те оқитын кіші қарындасы және бір жарым жасар інісі бар. Дмитрий барлық сарбаз сияқты апта сайын үйіне қоңырау шалып, жаңалықтары мен жетістіктерін, командирлер мен достасып үлгерген әріптестері туралы айтып тұрады.

Жақын арада әскерге шақыры­лу­шы­лар бронді машиналармен және ал­ғашқы атыс қаруларын қолданып сы­нақтан өтеді. Содан кейін оларды Әс­кери ант беру салтанатты рәсімі күтеді.