• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сараптама 24 Қазан, 2023

Жаһан экономикасының тұрақсыздығына не себеп?

176 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік банктің жақында жариялаған баяндамасына қара­сақ, 2023 жылы әлемдік эко­номика өсімі (2022 жылғы 3,1 пайыздан) 2,1 пайызға баяу­лайды. Банк сарапшыларының бол­жамынша дамушы елдердегі пайыздық мөлшерлеменің көте­рілуі экономикалық өсімнің баяу­лауына себеп болмақ.

«Кедейлікті қысқартып, халықтың әл-ауқатын арттырудың ең сенімді жолы – жұмыспен қамту. Алайда эко­но­микалық өсімнің баяулауы жұмыс орындарын құруды айтарлықтай қиын­да­тады. Өсім болжамының үкім емес екенін де ескеру керек. Бізде жағдайды өзгертетіндей мүмкіндік бар, бірақ ол үшін бәріміз бірлесіп еңбек етуіміз керек», дейді Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга.

Қалыптасушы нарықтар және дамушы экономика елдері әзірге жақында болған банк дағдарысынан зардап шеге қойған жоқ. Бірақ қазіргі жүріп бара жатқан жолдары да біршама қатерлі. Әлем­дік нарықтағы несиелеу шарт­та­рының қатаңдатылуы салдарынан қа­лыптасушы нарық және дамушы экономика елдері халықаралық облигация нарығына деген қолжетімділіктен айы­рылған. Несие қолжетімділігінің тө­мендеуі ондай елдерде қатты сезіліп отыр.

«Әлем экономикасы қауіпті жағдай­да. Шығыс және Оңтүстік Азиядан басқа барлық аймақ кедейлікті жою, климаттың өзгеруімен күресу және адам капиталын толықтыру үшін қажетті даму динамикасынан алшақ. 2023 жылы сауда өсімі пандемияға дейінгі жылдардағы өсімнің үштен бірінен аз болады. Даму­шы экономикалардағы пайыздық мөл­шер­лемелердің өсуіне байланысты қа­рыз ауыртпалығы көбейеді. Бұл ретте тұрақты даму мақсаттарына жету үшін тиісті қаржыландыру қажеттілігі жеке ин­вестициялар көлемінің ең оптимистік бол­­жамды көрсеткіштерінен әлдеқайда асып түседі», дейді Дүниежүзілік банк­­тің даму экономикасы бойынша вице-президенті және бас экономисі Индермит Гилл.

Дүниежүзілік банк бас экономисінің орынбасары Айхан Косенің айтуынша, экономикасы дамып келе жат­қан көптеген ел экономиканың әлсіз өсуі, тұрақты жоғары инфляция және қа­рыз­дың рекордтық деңгейі мәсе­ле­лерін шешуге тырысып жатыр. Алайда жаңа қа­уіптер, мәселен, дамы­ған эко­но­ми­ка­лар­дағы қаржылық шие­ле­ніс­тің қай­та өсуінің салдарының кең таралу ық­ти­мал­дығы жағдайды одан әрі нашарлатуы мүмкін.

Олардың болжамынша, осы жылы дамыған экономикалардағы өсім 0,7 пайызға (2022 жылы ол 2,6 пайыз болды) баяулайды және 2024 жылы төмен деңгейде қалады. 2023 жылы 1,1 пайызға өсім көрсететін АҚШ-та соңғы бір жарым жыл ішінде пайыздық мөлшерлеме күрт өсімі әсерінің жалғасуына байланысты 2024 жылы өсім қарқынының төмендеуі 0,8 пайызға дейін әлсіреуі мүмкін. Еуроаймақта 2023 жылы өсім 0,4 пайызға дейін құлдырайды деген болжам бар (2022 жылы ол 3,5 пайыз болды). Бұған ақша-кредит саясатының қатаңдауы және энергия ресурстарының бағасын көтерудің ұзаққа созылған әсері себеп.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуын­ша, жаһандық экономикада әртүрлі ахуал қалыптасып отыр. Тамыз­да сырт­қы на­рық­тарда картина әрқа­лай қа­лыптасты, қаржы нарығына қа­ты­су­шылар әлі де Федералды Резерв Жүйесінің (ФРЖ) риторикасын мұқият қадағалауда дейді ол.

«Қатаң риторика аясында АҚШ долларының DXY индексі тамыз айының қорытындысы бойынша 1,7 пайызға, ал дамушы нарықтардағы валюталардың индексі 1,9 пайызға төмендеді. Қытайдың жылжымайтын мүлік секторындағы дағдарыс қаржы секторына таралып, Қытай үшін экономикалық тәуекелдерді күшейту үстінде. АҚШ қор нарығы жыл басынан бері айтарлықтай көтерілуден кейін тамызда доллардың нығаюы аясында шоғырланғаны байқалды. Бұл жағдай ФРЖ мөлшерлемелерін төмендету циклінің басталуын күтушілердің кешігуімен байланысты болды. Мыса­лы, нарыққа қатысушылар ФРЖ-ның негізгі мөлшерлемені қаншалықты жоғары көтеруі туралы мәселеден не­гізгі мөлшерлеме осы деңгейде қан­ша­­лықты ұзақ уақыт сақталып тұра­тыны туралы мәселеге ауысты. АҚШ-тағы рецессияның басталуын күту қыс­қарды», дейді.

Оның айтуынша, ФРЖ-ның негізгі мөлшерлемеге қатысты «higher for longer» риторикасы, тамыз басында АҚШ-тың кредиттік рейтингін Fitch рейтингтік агенттігінің «AAA»-дан «AA+»-ке дейін бір сатыға төмендету туралы жаңалығы АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің өсуіне және акциялар нарығындағы саты­лым­дарға алып келді. Осы орайда барлық актив кластары қысымға ұшы­ра­ған. Осылайша, Ұлттық қордың ин­вес­тициялық кірісі тамызда теріс қалып­та­сыпты.

Алдын ала деректерге сәйкес Ұлт­тық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда шамамен 300 млн долларға төмендеп, тамыз айының соңында 59,9 млрд долларды құраған.

Еуразиялық даму банкінің дере­гін­ше 2023 жылы қаңтар-тамыз ара­лы­ғын­да Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,9 пайызға өскен (2023 жылғы қаңтар-шілдедегі 4,8 пайыздан кейін). Өсімге инвестиция факторы (жылдық +12,2 па­йыз) оң әсер еткен. Өнеркәсіптік өндіріс пен қызмет көрсету секторында жоғарғы деңгейдегі айналым байқалады дейді ЕАДБ сарапшылары. ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттеме (мұнай өндірісін қысқарту туралы) ішкі жалпы өнім өсіміне тежеу болуы мүмкін. Банк сарапшылары 2023 жылы еліміздің ішкі жалпы өнімі 4,3 пайыз болады деп күтеді.