Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде еліміздің басты мейрамы Республика күнімен құттықтап, ел болып ұйысудағы басты құндылықтарды атады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақта «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік. Соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керек. Өйткені, оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі», деді Қ.Тоқаев.
Президент тәуелсіздік алған жылдар ішінде өрлеумен қатар қателіктің де болғанын айтты. Қазақстанның тұрақты дамуында тежеу болмас үшін өткеннен сабақ алып, қорытынды шығару маңызды екенін жеткізді.