Тұмса табиғаттың ғажайыбына зер салып, сұлу келбетін қылқаламмен ақ қағазға түсіруге әуес балауса дарын иелерінің өнерін ұштауға суретші әрі өлкетанушы Болат Сәрсенбай ұшан-теңіз еңбек сіңіріп жүр.
Көрікті келбеті талайды тамсантқан Жалаңаш ауылындағы Кеген ауданы бойынша техникалық, шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының бейнелеу өнері үйірмесіне бұл күні мектеп оқушыларының қызығушылығы арта түскен. Оған сан бояулы өнерді сүю мен оны түсінуге деген талпыныстары себеп.
«Әлемде байқампаз екі топ бар, бірі – суретші, екіншісі – бала» деген. Екеуі де бір объектіге қарайды. Неге олай, неге бұлай деп зерттейді. Білмегенін сұрайды, ізденеді. Осы зерделеу олардың логикалық ойлау жүйесін дамытады. Ата-аналар, ұстаздар осы жүйенің әрі қарай өрістеуіне жол ашуы керек. Есте сақтау қабілетін дамытудың жолы өлең жаттау болса, кәсіптік бағыттағы талантын ашу шыдамдылық пен ізденісті, еңбекті қажет етеді», деген ұлағаты мол ұстаз Болат Сәрсенбай шәкірттерін әрдайым табандылыққа, табысты болуға баулып келеді.
Бүгінде өзінен тәлім алып жүрген 30-дан астам балдырғанның талантын ашып, суретшілік шеберлігін шыңдау нәтижесінде олардың 20-ға жуығы республикалық көркемсурет байқауларына қатысып, 4-еуі бас жүлде иеленгенін айрықша атағымыз келеді.
Жалпы, өнерге құштар оқушылардың арасында үздіктер көптеп кездесетінін әңгіме арқауы еткен Болат Жапсарбайұлы Финляндияда оқушылардың дені қосымша біліммен қамтамасыз етілетіндігін, соның арқасында әр фин азаматының сан қырлы таланты ашылып, тұлғалық қасиетке ие болатындығын тілге тиек ете келе, мұндай мүмкіндіктен ауыл балалары шет қалмағандығын атап өтті.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген даналықты темірқазық еткен суретші-ұстаз тәуелсіз еліміздің талантты ұл-қыздарының қиялына қанат бітірумен қатар, суретшілік өнердің қыр-сырына қанығуына барынша ықпал етіп келеді. Балғын суретшілерді табиғат төсіне шығарып, ұшқан құс, тербелген гүлдің қимыл-қозғалысы мен ауылдың тыныс-тіршілігін қалт жібермей, қағаз бетінде өрнектеуге үйретуден жалықпайды.
Алматы облысы