• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қазан, 2023

Әлеуметтік реформалар табысы

279 рет
көрсетілді

Ұлт ұстазы Ақаң жүйесімен айтсақ, әне-міне «әлхамдулла, 20 миллион бол­дық» дейтін күнге де жеткелі отыр­мыз. Енді сонша халықты қалай асыраймыз деуге де, демеу­ге де болады. «Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар-ды. Өйткені демографияның өсуі – экономиканың тірегі екені заңды құбылыс.

Күнкөрістің өзгерісі

Егемен­діктің елең-алаңында кедей­шілік пен жұ­мыс­сыздық, тұрақсыздық пен әлеуметтік шие­леністер шегіне жетіп, тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңіне тұспа-тұс келген еліміз оны да еппен еңсеріп шыққаны бүгінде бәзбіреулерге ертегідей-ақ көрінуі мүмкін. Әйткенмен азаттықтың алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінен бастап мемлекет халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік қолдау шараларын бірден қолға алып, қордаланған түйткілдің түйінін шешуге белсене кіріскені белгілі. Оның куәсі – халықтың мазасы қашқан сонау тұста негізгі заңда еліміз «әлеуметтік бағдарлы мем­лекет» деп жарияланғаны еді.

Осылайша, әлеуметтік бағытқа ерекше басымдық берілгені рас. Оның аясында халықтың демографиясы мен әл-ауқатын дамыту мақсатында мемлекеттік ұзақмерзімді стратегиялық бағдар белгіленіп, еліміз нарықтық экономикаға сай әлеуметтік қолдаудың жаңа үлгісін жасауға бел буды.

«Атыңа батса алтын ер, алып ұр да, отқа жақ» демей ме, халқымыз. Жұрттың арқасына аяздай батқан батпан ауырлық аз болған жоқ. Оның бір ғана мысалы – 1998 жылға дейін зейнетақылар мен жәр­демақылар бойынша мемлекеттің бере­шегі 36 млрд теңгеге жеткенін айтуға бола­ды. Бұл ретте 1998 жылдан бастап зей­нетақы жүйесінде реформа басталғанын бай­қай­мыз. Өйткені еліміз ТМД кеңістігінде алғашқы болып жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өткені белгілі. Дәл сол кезеңде эко­номикалық әлеуетті одан әрі орнықты да­мыту қажеттілігі туды. Жаһандану үдері­сімен қатар қоғамдық дамудың бар­лық саласында орын алған қарқынды өзге­ріс­тер әлеуметтік қамсыздандыруды ұйымдас­тыруда тиісті түзетулерді талап етті. Осы­ған орай, әлеуметтік реформаларды одан әрі дамытудың 2005-2007 жылдарға ар­налған бағдарламасы әзірленді. Соның нә­ти­жесінде зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекеттің, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында тиімді етіп бөлуге негізделген толыққанды көп деңгейлі зейнетақы жүйесі құрылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметтеріне сүйен­сек, 2005 жылдан бас­тап базалық әлеу­меттік стандартқа сай ең төменгі жа­лақы мөлшері, базалық зейнетақы төлем­дері мен мүгедектігі бар жандар, асыраушысынан айырылғандар және жасына байланысты жәрдемақылар белгіленді. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 1997 жылы 3 505 теңге болса, 2005 жылы – 6 014, 2009 жылы 13 717 теңге болды. Кейінгі он жылда бұл төрт есе өсті. Өтпелі кезеңнің қар­жы-экономикалық мүмкіндіктеріне сәй­кес 2004 жылдан бастап ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінен аса бастады, ал 2009 жылы оның мөлшері 13 717 теңге болды. Ал бүгінде ең төменгі күнкөрістің өрісі өсті.

Қазіргі кезде ең төменгі күнкөріс дең­гейінің ұлғаюына байланысты асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 8,5 пайызға артты. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еңбекке жарамсыз адамға – 34 888 теңге, еңбекке жарамсыз отбасы мү­ше­лерінің саны екеу болса – 60 445 теңге, үшеу болса – 75 049 теңге, төртеу болса – 79 512 теңге, ал бесеу болса – 82 352 теңге бері­­леді. Отбасының алты және одан да көп еңбекке жарамсыз мүшелері болған жағ­дайда әрбір адамға берілетін жәрдемақы мөл­шері 85 597 теңгенің тең үлесі ретінде есеп­теледі.

Сол секілді азаматтардың аз қамтамасыз етілген топтарын әлеуметтік қамсыздандыру бағытында қандай шаралар қабылданғаны да белгілі. Мәселен, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған зейнетақы заңнамасына сәйкес, науқас салдарынан туындаған мү­гедектік бойынша және асыраушысынан айы­рылуына байланысты зейнетақылар әлеу­­меттік қатер туындаған сәтке дейін ең­бек өтілі болған жағдайда жалақысын еске­ре отырып, тағайындалып келген еді. Әлеуметтік төлемдермен қатар мүгедектігі бар адам­дардың ерекше мұқтаждықтарына да баса назар аударылды. «Мүгедектерді әлеу­­мет­тік қорғау туралы», «Арнаулы әлеумет­тік қызметтер туралы» жаңа заңдар қабыл­данды, қиын жағдайға тап болған мү­гедек­­терді медициналық, әлеуметтік және кәсіп­тік оңалту жөнінде кешенді шаралар әзірленді.

 

Ана мен баланың амандығы

Әлеуметтік саланың тағы бір үлкен саласы – ана мен баланы қолдау. Бұл ретте 2006 жылдан бастап мемлекет көпбалалы отбасыларды қолдаудың тұтас жүйесін қалыптастыра бастады. Онда барлық от­басыға жаңа туған нәрестеге біржолғы жөр­гекпұл, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне қатысты жәрдемақы төлеу, аз қамтамасыз етілген отбасындағы 18 жас­қа толмаған балаларға жәрдемақы берілу қарастырылды. Балалар жәрдемақысының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай белгіленеді. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы 30 АЕК болса, одан кейінгі балаларға 2010 жылдан бастап 50 АЕК төленеді. Бала күтімі жөніндегі ай сайынғы төлемдер кезең-кезе­ңімен өсті. Ал әлеуметтік төлемнің тағы бір жаңа түрі – мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға 2010 жылдан бастап ең төмен жалақы мөлшерінде жәрдемақы енгізілді. Еліміз 2010 жылдан бас­тап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» бел­гілерімен көп балалы аналарды марапаттау шарттарын өзгертті.

Ал жұмыспен қамту және еңбек нары­ғындағы елеулі шешімдер де – ел есінде. Алғашқы кәсіпорындардың жұмысы тоқы­рауы, азаматтардың жылдап жалақы алмағаны жөнінде жылнаманы айтсақ, әңгіме ұзақ. Алайда сол қи­ындықтар азаматтардың еңбек қаты­настары саласындағы консти­туциялық құқықтарының заңды түрде қор­ғалмауына алып келгенін айрықша айтуға болады. Мәселен, еліміздің «Еңбек туралы», «Ұжымдық шарттар туралы», «Кә­сіптік одақтар туралы», «Ұжымдық ең­бек даулары мен ереуілдер туралы», «Әлеу­меттік әріптестік туралы» және басқа да бірқатар заң қабылданды. Бұл заңдар еңбек қатынастарын тұрақтандыруға зор мүмкіндік берді. Осылайша, жұмыспен қамту саясатын одан әрі қалыптастыру үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру шеңберінде де белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді.

 

Әлеуметтік кодекстің әсері

Биыл елімізде Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі сарапшылар­мен бірлесіп, Әлеуметтік кодексті әзірлеп, қабыл­дады. Онда біз жоғарыда тілге тиек еткен бұған дейінгі қолданыстағы заңдар­дың кейбір кем-кетігі қайта түзетіліп, толық­тырылып бір жүйеге келтірілді. Азамат­тарға әлеуметтік саланы, өз құқық­тарын бі­луге бағыт беретін жаңа кодекс қараң­ғыда қолға шырақ ұстатқандай шырайлы жұ­мыс болғаны рас. Құжаттың ауқы­мы кең. Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тарау­дан және 267 баптан тұрады. Онда еңбек­теген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін түгел қам­тылған. Біз мұнда бәрін тізбектеп жат­паймыз, тек маңыздыларына тоқталып өтеміз.

Ең әуелгісі – балалар жайы. Жалпы, биыл мемлекет балалар үшін біраз игілікті істерді қолға алды. Бала күтімі бойынша бері­летін төлемдердің мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылып, (500 мыңнан аса ананы қам­тиды), Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бастапқы капитал ре­тінде енгізу қолға алынбақ (6 млн-нан аса баланы қамтиды), Алтыдан көп баланы дүниеге әкелген аналарға «Наградталған ана» деген жаңа мәртебе қаралып, жәр­демақы мөл­шері өсті (250 мыңнан аса ананы қам­тиды). Айтпақшы 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін ке­дей­лік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейімен емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анық­та­латынын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар зейнеткерлерге де ерекше зейін қойыла бастады. Расын айту керек, еліміздің зейнетақы жүйесіне қатысты сын көп айтылып келді. Қазір зейнеткерлер үш санатқа бөлінеді. Бірінші санат – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шық­қан және толық еңбек өтілі бар азаматтар. Олардың саны 300 мыңнан асады, базалық және еңбек зейнетақыларын мемле­кеттік бюджеттен алады. Басым көбісінің зей­нетақы мөлшері – 120 мыңнан 160 мың тең­геге дейін. Екінші санат – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен зейнеткерлер, олар еңбек өтілі болғандықтан, еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр. Олардың саны 1,9 млн адамды құрайды, 2030 жылға қарай 2,6 млн жетуі мүмкін. Бұл топтың жиынтық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен төмендетіледі, өйткені ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына және жинақтау жүйе­сіндегі қысқамерзімді кезеңдегі жет­кіліксіз зейнетақы жинақтарына байланысты. Яғни әуелдегі қорға түсімдердің аздығы алдағы уақытта кедергі етпек. Ал үшінші санат – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, БЖЗҚ-дан базалық және жинақтаушы зейнетақысын алады.

Қорыта айтқанда, жаңа кодекстің игі­ліктері мол. Оны бір мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Дей тұрғанмен біз шолып өткен деректерге қарағанда, демо­графиялық ахуал қанша өскенімен, әлеу­меттік қолдау да бірге өсе беретініне көз жеткізгендей болдық.