Алға ауданы Бестамақ ауылындағы «Болашақ» балалар бақшасының педагог-зерттеушісі Айман Досова тәрбиенің негізі балдырғанды еңбекке баулудан басталады дейді. Өйткені жастайынан еңбектенбеген бала өскенде де ештеңенің қадірін білмейді. «Екінші жағынан баласына қарап ата-анасының қандай екенін көруге болады. Өйткені балаңа берген тәрбиең – сенің ішкі жан дүниеңнің көрінісі. Сәби дүниеге келген күннен бастап онымен дұрыс қарым-қатынас қалыптастырып, есейген кезде де үнемі үлгі бола білу керек. Бұл ата-ана есепке алатын ең маңызды қағида» дейді тәжірибелі тәрбиеші.
Ол – бес баланың анасы, немерелерінің сүйікті әжесі. «Қазақстан Тәуелсіздік алған жылы мен 25 жастамын, ол кезде Қарақалпақстанда тұратынбыз. Біз сол күннен бастап Отанымызға оралуды армандасақ, ең алдымен ата-анамыз аса құштар болды. 2005 жылы Алға ауданының Бестамақ ауылына көшіп келдік. Сол жақта мектепті бітіріп келген үлкен қызым Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің биология факультетіне қабылданып, үш қызым Бестамақ мектебінде оқуларын жалғастырды. Бұл кезде кенже ұлым үш жаста еді. Ересек балаларым басында аздап жатырқаса да, ұстаздары мен сыныптастарының қолдауымен ортаға тез сіңісіп кетті. 2007 жылы Бестамақта ашылған балабақшаға мамандығым бойынша орналастым», дейді Айман Бектұрғанқызы.
Бүгінде Айман апайдың тобында 26 балдырған бар, мұнымен бірге ол ұжымдағы жас тәрбиешілерге әдістемелік көмек көрсетеді. «Қазіргі уақытта балабақшаларға қарапайым нәрселерге алданбайтын интернет дәуірінің балалары келіп жатыр. Олардың қызығушылығын ояту үшін танымдық ойындарды түрлендіріп өткізу керек. Мақсат – үш жастағы балдырғанның ой-өрісін және сөйлеу тілін жетілдіру, қол еңбегіне дағдыландыру, ортамен қарым-қатынас жасауға үйрету. Жасыратыны жоқ, қазіргі сәбилердің тілі кеш шығады. Балабақшаға келген төрт-бес жастағылардың сөздік қоры жұтаң, олар қарапайым дағдыларды біле бермейді. Бұл сәбилерді туғанынан смартфонға телміртудің кесірі», дейді ол.
Бабаларымыз жасты сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген емес пе? Айман Бектұрғанқызының тәрбие мәселесінде таразының басын тең ұстай бермейтін заманауи әжелерге де базынасы бар. «Немересінің алдында әке-шеше рөлін ойнап кететін әжелер бар. Олар баланың ата-анасын «аға-жеңге» деп үйретеді. Мен мұны ата-әже махаббатының шектен шығуы деп түсінемін. Екіншіден, немере алдында әже бейнесі дұрыс қалыптасуы керек. Қазіргі әжелер осыдан жиырма жыл бұрынғы әжелерден өзгеше. Тіпті киіміне қарап ана мен әжені ажырату қиын болып барады. Әже ақылды, қамқоршы, мейірбан, жақсы мен жаманды бағамдап отыратын болуға тиіс. Үшінші жағынан жұмысбастылық салдарынан кей әже немересіне онша уақыт бөле бермейді. Уақыт бөлгеннің өзінде де олар смартфон беріп қойғанды жөн көреді. Әже тәрбиесі баланың тұлғалық жағынан қалыптасуы үшін де өте маңызды. Немересіне ертегі, батырлар жырын оқып беріп, есті әңгімелерді білмейтін әжелер ең алдымен өздеріне сын көзбен қарауға тиіс», дейді Айман апай.
Мектепке дейінгі мекемелерде көбінесе бүлдіршіндерді жақсы көретін мейірбан жандар еңбек етеді. Қатыгез адам балабақшада көп тұрақтамайды. Ұзақ жыл бойы осы салада еңбек еткен маман психолог болып кетеді екен. Күн сайын таңертеңгілік балабақша табалдырығынан аттаған балдырғанның көзқарасы, көңіл күйі үйдегі ахуалды аңғартып тұрады ғой. Әке-шешесі ажырасып жүрген сәбилерді бірден аңғаруға болады. Олар өте көңілсіз, көп жағдайда жарқырап-жайнап жүре бермейді. Әсіресе 4-5 жастағы ер балалар іштей тынып жүреді екен. «Ажырасудан балалар ең көп қасірет шегеді. Отбасындағы ұрыс-керіс, ерлі-зайыптылардың баланың көзінше бірін-бірі балағаттауы, әкенің қол көтеруі баланың жанына жазылмас жара салады. Бала қамкөңіл, ызақор, тұйық болып өседі. Себебі сәбиге әке-шешенің екеуі де керек. Ата-ананың әрқайсысының орны бөлек», дейді ол.
Айман апай балдырғандарын түрлі сайыстарға қатыстырудан жалықпайды. Бұл баланың көпшіліктен қысылмай, пікірін емін-еркін айтатындай өсуі үшін керек. Ол мектепке дейінгі тәрбие саласында жаңашылдықты енгізгені үшін талай марапаттарға қол жеткізді, «Үздік педагог-2022» аудандық байқауында үздік шықты.
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы