• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Еңбек 24 Қазан, 2023

Мұратқа жетелеген жол

267 рет
көрсетілді

Сан тарап жол ел өмірінің маңызды буынын құрап, экономиканың даму екпінімен, адамдардың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып жатыр. Өнеркәсіптік, технологиялық әлеуетті дамытуда, өңіраралық және халықаралық байланыстарды нығайтуда көлік кешенінің атқарар рөлі орасан. Осынау күре жолдың сапасы мен қауіпсіздігін, үздіксіз, тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тер төгіп, ел игілігіне қалтқысыз қызмет еткен азаматтардың есімі айрықша атап өтуге тұрарлық. 

Республикамыздың құрметті жолшысы Дамир Әлімов автожол саласында жарты ғасыр бойы тапжылмай еңбек етті. Сонау 1971 жылдан бастап күні кешеге дейін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде табанды жұмыстың үлгісін көрсетіп келген майталман маман үшін жол ісінің мағынасы терең, мәні қастерлі. Әріден қозғасақ, экономика бағытына бейімділік, нақты саланы меңгеруге деген құлшыныс оны 1966 жылы Өске­мен құрылыс-жол институтына алып келді. Авто­мобиль жолдары мамандығы бо­йын­ша білім ала жүріп, талапты жас гео­де­зиялық тәжірибеден өтеді, теодолитпен, нивелирмен жұмыс істеу қағидасын үйреніп, жолдың негізгі элементтерімен таны­сады, автомобиль жолдарын салу мен жөндеуде тәжірибелі маман­дардың ақыл-кеңесін көңілге тоқып, тағылымын молайтады. Айтуынша, дәл осы кезең оның өмірінде ерекше із қалдырып, автожолшы мамандығын жан-жақты игеруге деген ынта-ықыласын арттыра түсіпті.

Институтты ойдағыдай аяқта­ғаннан кейін жас маман еңбек жолын Панфилов қаласында қара­пайым жол шебері болудан бас­таған. Уақыт өте келе аға шебер, кейін жол пайдалану-құрылыс учаскесінің басшысы қызметін атқарды. Сол кездері аудан аумағында облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салумен, жөндеумен және күтіп ұстаумен айналысқан учаске бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Алғаш рет битум құю, қиыршық тас қабатын төсеу және илемдеу технологиясымен жол бетін өңдеу ісі қолға алынып, сәтті жүзеге асырылды. Бар­­лық маңызды бастамаға зор жауапкершілікпен қарайтын іске мығым маман белсенділігімен, тиянақтылығымен танылды. Бұл қабілет 20 жылда атқарылған Талдықорғандағы инженерлік, басшылық қызметтерде де жан-жақты ашылып, ширай түсті. «90-жылдары автомобиль жолдары бойынша жұмыс көлемі күрт төмендеді. Біз бюджетті теңгемен қалыптастыра бастағанда облыс жол­дарындағы жөндеу жұмыс­­тарының көлемі бірден алты есеге төмендеп, 2000 жылға дейін одан әрі құлдырауды жал­ғастырды. Уақтылы және нор­мативтік мерзімде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыс жолдары тағы бірнеше жыл қалыпты жағдайда тұрды», деп еске алды ардагер сол бір қиын-қыстау кезеңді.

Одан соң Д.Әлімов «Қазақ­автожол» РМК бас дирек­торының орынбасары және өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы болып жұмыс істеп, республика бойынша автожолдарды пайдалану мәселелерімен айналысты. Кейін автомобиль жолдары комитетінде инвестициялық жобалар басқармасын басқар­ды. Сол кезеңде еліміз өз қара­жа­тының жетіспеушілігінен хал­ық­аралық қаржы ұйымдарынан автожол­дардың жағдайын оңалту, қозға­лыстың қауіпсіздігі мен жайлы­лығын арттыру үшін ақша ала бастады. Д.Әлімовтің жетекшілігімен басқарма осы қарыздарды игеру кезеңдерін бақылауды, рәсімдерді сақтауды іске асырды, тендерлер мен мердігер ұйымдарды белгіледі.

Дамир Әлімов автокөлік жолдарын дамыту мәселелерін, оларды шешу жолдарын қарастыруға белсенді атсалысып келеді. Бұл тұрғыда жол саласының қыр-сырын терең меңгерген, өмірден түйгені мол байырғы жол­шының айтар келелі ойы, пайым­ды ұсыныс-пікірі аз емес. Ар­дагер автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде сапа та­лап­тарын сақтамау жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына себеп болатынын атап көрсетеді. Бұл проблема мемлекет пен жұрт­шылықтың бақылауы арқылы жол жұмыстарын жобалау мен жүргізуде бақылауды күшейту арқылы біртіндеп шешімін табады. Сол секілді еліміздің күрт континенталды климаты да көп қиындық келтіреді. Ғылыми және жобалау ұйымдары мұның теріс әсерін азайту бойынша үнемі жұмыс жүргізіп жатыр. «Өкінішке қарай, бұл факторды толығымен жою мүмкін емес. Сондықтан жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу шығындарын жоспарлау кезінде ескеру қажет», деп кеңес береді Дамир Тұқымұлы.

Тағы бір мәселе ‒ рұқсат етілген жүктемелерді асырғаны үшін автожолды пайдаланушылардың жауапкершілігін келтірілген залалды толық өтей отырып, заң жүзінде қатаңдату қажет. Жол жабындарын жөндеу арасындағы нормативтік мерзімдерді сақтау, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеу бойын­ша жұмыстарды уақтылы әрі жеткілікті көлемде орындау жіті назарда болуға тиіс.

Сондай-ақ Д.Әлімов кейінгі 30 жылда автожолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша орындалатын жұмыстар көлемі жөндеу аралық мерзімдер бойынша талап етілгеннен 3-5 есе аз болғанын айтады. «Мысалы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасында жер­­гілікті маңызы бар 27 мың ша­қырым жолды жөндеу жоспар­ланған. Бағдарламадағыдай жөн­деу қарқынымен жолдың әрбір километрі белгіленген 5 жылдың орнына орта есеппен 15 жылдан кейін жөнделеді. Яғни бейнелі түрде айтқанда, мұндай жоспарлау кезінде жол пайдаланушылары шамамен 5 жыл нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетін жолмен қозғалып, одан кейін 10 жылдан аса уақыт бойы жолдардың сынған, қираған учас­келерімен жүреді», дейді тәжі­рибелі жолшы.

Жол ‒ елдің деңгейін «баян­дайтын» экономиканың күре та­мыры, өңірлер дамуының, өмір сапасының көрсеткіші. Кез келген мемлекетті нақты ұйым­дас­тырылған көлік-логис­тика саласы мен инфра­құры­лымсыз елестету қиын. Жолаушы тасымалынсыз, жүк жеткізілімінсіз өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және экономиканың басқа да салала­рының тыныс-тіршілігін қам­та­масыз ету мүмкін емес.