• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Қазан, 2023

Төрт тарапқа тартылған жол

268 рет
көрсетілді

Ел ішіндегі аймақаралық ком­муни­ка­ция­ны­ қамтамасыз ету мақсатында және экс­порттық әлеуетін арттыру үшін тәуел­сіздік жылдары төрт тарапқа тар­тылған түрлі бағыттағы жолдар­ ашыл­ды. Мыңдаған шақырымға со­зыл­­ған автомагистралдар салынды. Қазақстаннан қанат қаққан күміс ұшақ­­­тар күймесі шартарапқа тарам-та­рам әуе жолдарын ашты. Танапты жа­­рып тыңнан 3 мың шақырымға жуық темір­­жол желілері тартылды. Су жолдары да жаңғырды. Әсіресе соңғы жылдары құлашын кеңге сермеген Ақтау теңіз сауда порты туралы әңгіме тіпті бөлек. Жалпы, бүгінде Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз – 5 теміржол, 6 автомобиль дәлізі өтеді.

Интеграция иіріміндегі әуе жолдары

Қазақстанда әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымы объектілерін жаңғырту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Тәуелсіздік жылдары 21 әуежайда ұшу-қону жолақтарын қайта құру және салу, сондай-ақ 15 әуежайда жолаушылар терминалдарын қайта құру және салу іске асты. 2020 жылы Түркістан қаласында жаңа әуежайдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Былтыр Өскемен, Үшарал, Үржар әуежайларының ұшу-қону жолақтарын, Орал және Қостанай әуежайларының терминалдарын қайта жаңарту жобалары іске асырылды. Жеке инвестициялар есебінен Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларының әуежайларында жаңа жолау­шылар терминалдарын салу жөніндегі ірі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Олардың құрылысы келесі жылы аяқталады.

Ал еліміз ұшу қауіпсіздігі талап­тарына сәйкестік деңгейі бойынша­ ТМД елдері арасында 2-орынды және Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ICAO) қатысушы елдер қатарында 73-орынды иеленеді. Сондай-ақ Азаматтық авиация комитеті талаптардың 80% сәйкестік деңгейіне қол жеткізіп, әлемнің ең дамыған 50 авиа­циялық әкімшілігіне кіруді жос­парлап отыр.

Елімізде 18 әуежай жұмыс істейді. Оның 17-іне халықаралық ұшуға рұқ­сат етілген (Кеңес одағы кезінде халық­ара­лық ұшуға Мәскеу мен Ташкент қала­ла­ры арқылы ғана рұқсат берілетін еді). 2015-2019 жылдарға арналған ИДМБ шеңберінде азаматтық авиация саласында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Ауданы 47 мың шаршы метр және өткізу қабілеті жылына 5 млн жолаушы болатын Астана халықаралық әуежайында жаңа терминал құрылысы аяқталды. Бұрын қолданыста болған терминалмен бірге, ол енді жылына 8,2 млн, ал сағатына 2,5 мың жолаушыға қызмет көрсете алады.

Қазақстанда 59 авиакомпания, оның ішінде авиациялық жұмыстарды орындайтын – 36 пайдаланушы, тұрақты емес рейстерді орындайтын – 11, тұрақты жолаушылар рейстерін атқаратын – 7, жүк авиакомпаниясы – 4 және жалпы мақсаттағы авиация саласында 1 авиа­­компания жұмыс істейді. Әуе кеме­ле­рінің қазіргі заманғы және саны көп флоты «Эйр Астана» АҚ-ға тиесілі.

Халықаралық әуе көлігі қауым­дас­ты­ғы­ның (IATA) баяндамасында Қазақстан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі ең серпінді дамып келе жатқан нарықтардың бірі болып танылды. IATA болжамдары бойынша алдағы 20 жылда авиажолаушылар легі 2 еседен аса өседі. Бұл әуе кеме­ле­рінің тиісті инфрақұрылымын, персо­на­лы мен флотын дайындауды талап ете­ді. 2025 жылға дейін ел халқының өңір­л­ік тасымалдарға қажеттілігін қам­та­­масыз ету үшін кемінде тағы 15 жаңа әуе кемесін пайдалануға енгізу талап етіледі деп болжанған. Тиімді гео­гра­фиялық орналасуы. Қазақстанның әуе­жайлары негізінен Еуропаны Азия­мен, Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыс­ты­ратын әуе трассалары жолында орна­лас­қан, сондықтан халықаралық әуе қа­ты­нас­тарын кеңейтудің және отандық авиа­ком­паниялардың таяу және алыс шетел­дерге ұшуларын ұлғайтудың елеулі әлеуеті бар.

 

Тас жолдардың жаңа тынысы

Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақ­стандағы жалпы пайдаланымдағы авто­мо­биль жолдарының ұзындығы 83,1 мың шақырымды құраған болатын. Ондағы республикалық желі – 20,2 мың км, жергілікті желі – 62,9 мың км еді. Бүгінде бұл көрсеткіш өсті. Қазір жал­пы пайдаланымдағы жолдардың ұзақ­ты­ғы – 96 мың км. Республикалық жолдар – 25 мың км-ді және жергілікті жолдар – 71 мың км. Тәуелсіздіктің 32 жылында республикалық жолдардың 12,5 мың км-ге жуығы салынып, ре­кон­струк­­цияланған. Ал жергілікті 3 мың км жол салынды және қайта жаңартылды. Сон­дай-ақ облыстық және аудандық ма­ңы­зы бар 27 мың км жол жөндеуден өтті.

Жол саласы 2001 жылды «Жолдар жылы» деп жарияланған кезден бас­тап ерекше серпінмен дами бастады. Қаржыландыру көлемі еселеп артты. Өйткені Халықаралық қаржы инс­ти­­тут­тарымен, атап айтқанда, Азия даму, Еуропа Қайта Құру және даму, Ислам даму, Халықаралық Қайта Құру және даму банктерімен ынтымақтаса баста­дық. Тиісінше, жол жұмыстарының көлемі де едәуір ұлғайды. Сол жылы автожол саласын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған алғашқы мемлекеттік бағдарламасы бекітілген еді.

Ең ауқымды жоба – жалпы ұзындығы 8 445 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін реконструкциялау болып табылады. Қазақстан аумағы арқылы 2 787 шақырымы өтеді. Дәліз – Орталық Азия елдерінің Еуропамен көлік байланысын қамтамасыз етудің ең қысқа жолы. Аталған дәліздің қазіргі балама дәліздермен, яғни Транссібір теміржолы және Суэц каналымен салыстырғандағы негізгі артықшылығы – жолды еңсеруге кететін уақыт.

Жоба негізгі үш бағыт бойынша жүк тасымалдауды қамтамасыз етті: «Қытай – Қазақстан» (25%), «Қытай – Орталық Азия» (35%), «Қытай – Қазақстан – Ресей – Батыс Еуропа» (40%). «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын іске асыру тұтастай алғанда Қазақстандағы, сондай-ақ жекелеген өңірлердегі әлеу­меттік-экономикалық ахуалын жақ­сарт­қаны сөзсіз. Өйткені дәліз халық тығыз орналасқан бес өңірінен – Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының аумағы арқылы өтеді. Онда 7,9 млн адам немесе Қазақ­стан халқының жартысына жуығы тұрады. Жобаны іске асыру нәтижесінде 1 390 шақырым автожол I санатқа және 1 061 шақырым автожол II санатқа ауыс­тырылды. 121 елді мекенмен сенімді көлік қатынасы қамтамасыз етілді. 24 ірі елді­ мекенді айналып өту жолдары және ұзындығы 421 шақырым болатын 2 асу салынды. Жобаны іске асырудан түсетін орташа жылдық экономикалық тиімділігі жүк тасымалдары мен транзит көлемдерін 2,5 есеге ұлғайту және жол жүру уақытын 2 есеге қысқарту есебінен 190 млрд теңгеден асады. Бұдан бөлек, жобаның арқасында халықаралық сауда-саттық жанданып, халықаралық қаржы және сауда байланысы нығайтылды.

Тәуелсіздік тарихындағы алғашқы автобан – ұзындығы 224 км болатын алты жолақты «Астана – Щучинск» күре жолының құрылысы. Мұнда 2013 жылы елімізде алғаш рет ақылы жол жүйесі енгізілді. Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру кезінде 3 мың км жол салынып реконструкцияланды және 10 мың км-ге жуығы жөнделді. Жергілікті маңызы бар 15 мың км жол түзелді. Бұл өңірлердің қатынасын жақсартуға мүмкіндік берді, әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті. «Астана – Қостанай – Челябі», «Омбы – Павлодар», «Алматы – Талдықорған», «Астана – Теміртау», «Бейнеу – Ақтау», «Щучинск – Көкшетау – Петропавл», «Таскескен – Бақты» сияқты бірқатар ауқымды жоба, сондай-ақ Ертіс өзені арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ұзын көпір өткелінің құры­лысы аяқталды.

Жалпытәуелсіздік алғалы бері 28 мың­ км-ден астам автомобиль жолдары салынып, нормативтік жағдайға келтірілді.

 

Шойын жолдың жүгі ауыр

Елдегі теміржолдың ғасырдан аса тарихы бар. Осы кезеңде біздің шойын жолдар ел аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де жолау­шылар мен жүк тасымалын жүзеге асыру бойынша маңызды мемлекеттік міндеттерді қамтамасыз етті және орындауды жалғастырып жатыр. Бүгінде бұл сала айтарлықтай дамуға қол жеткізді. Көлік-логистикалық орталықтардың құрылысы қатты қар­қынмен жалғасып жатыр. Отандық және шетелдік жүк жөнелтушілерге жаңа тартымды бағыттар құрылуда.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында 3 мың км жуық жаңа темір­жол магистралдары салынды. 2001 жылы ұзындығы 184 км «Ақсу-Деге­лең» теміржол желісі тартылып, ол Пав­ло­дарды Семеймен байланыс­тыр­ды. Ал 2004 жылы Қостанай мен Ақтөбені жалғаған ұзақтығы 402 км­ «Алтынсарин-Хром­тау» темір­жол­ желісі салынды. Шығыс өңірінің бір­ың­­ғай теміржол инфрақұрылымын қа­лып­тастырған ұзындығы 151 км «Шар – Өскемен» теміржол желісі 2008 жылы пайдалануға берілді. Айтылған жолдар елдің теміржол желісін оңтайландырды. РФ-ның шека­ра­сын кесіп өту қажеттігінсіз, ел өңір­лері арасында тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Оның бір дәлелі – тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Ақтөбеден солтүстік облыс­тарға тікелей баратын жолдың бол­мағаны. Әсіресе ел астанасы Арқаға көші­рілген тұста, мұның қиындығы қат­ты­ байқалды. Ақтөбеліктер елордаға барып келу үшін Ресей арқылы айналып, 4 рет шекарадан өтуге мәжбүр болды.

2012 жылы еліміздің батысынан Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына дейін тіке маршрутты қамтамасыз ететін ұзындығы 146 км «Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісі салынды. Дәл сол жылы ұзақтығы 293 км «Жетіген – Қорғас» теміржол желісі тартылды. Ол еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Қытайдан Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 км-ге қысқартуға мүмкіндік тудырды. Ал 2015 жылы ұзындығы 214 км «Арқалық – Шұбаркөл» теміржол желісі салынды, ол Орталық Қазақстаннан солтүстік өңірлерге дейінгі қашықтықты 540 км қысқартуға жағдай жасады. Келесі жылы ұзындығы 1 036 шақырым болатын «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісі төселді. Бұл жол Қытайдан Еуропаға дейінгі қашықтықты 1 200 шақырымға қысқартты. Сол жылы ұзындығы 14 км «Боржақты – Ерсай» желісі де пайдалануға берілді. Ол Құрық портын теміржолмен байланыстырды. 2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекет­тік бағдарламасы аясында ұзындығы 112 км­ «Алматы – Шу» учаскесінде екінші жол салынды. Бұл желі жеткізу уақы­тын қысқарту және тиісінше көлік шығыстарын азайту есебінен шетелдік жүк жөнелтушілер үшін біздің бағыттың тартымдылығын арттырды.

 

Су жолдарына да сұраныс бар

Транскаспий бағдарының дамуымен Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы көлік қатынасы жанданды. Ақтау теңіз порты Каспий теңізінің жүк ағындарын қалыптастыруда және ауыс­тырып тиеуде жетекші орын алады. 2003-2005 жылдары порт айлақтарын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді. 2015 жылы Ақтау порты солтүстік бағытта кеңейтіліп, порттың өткізу қабілеті 21 млн тоннаға дейін артты. Контейнерлік тасымалдарды дамыту мақсатында Ақтау порты, Баку Әзербайжан порты және Каспий Иран порты арасында тұрақты фидерлік желілер ашылды. Қазіргі уақытта Ақтау порты базасында «Контейнерлік хаб» құру бойынша шешім қабылданды. 2025 жылға қарай контейнер ағынының болжамды өсімі жылына шамамен 100 мың ЖФЭ құрайды.

Құрық порты «Нұрлы Жол» бағ­дар­ламасы аясында дамыды. 2015-2018 жылдары мұнда жылына 6 млн тоннаға дейін өңдейтін паром кешені салынды. Қазір Құрық портында Каспий маңы Баку және Анзали порттарымен тұрақты паромдық қатынас бар. Қуатты инфрақұрылымдық даму нәтижесінде елдегі теңіз порттарының өткізу қабілеті 27 млн тоннаға дейін жеткізілді. Отандық теңіз флоты 300 кемеден тұрады. Олар Каспий теңізінің қазақ секторында мұнай кен орындарын игеретін танкерлер, құрғақ жүк тасушылар, контейнер тасушылар және сервистік кемелер. Отандық флоттың Каспий нарығына кіруі 1998 жылы, «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз тасымалдаушысы құрылған кезде бас­талды. Компанияның негізгі қызметі Ұлттық теңіз сауда флотын дамытуға бағытталған. Бұл Қазақстанның су көлігін әлемдік көлік жүйесіне инте­грациялауға ықпал етеді. 2005 жылдан бастап 12 мың тонна дедвейтті меншікті мұнай құю танкерлерімен операция басталды. Дами келіп 2017 жылы жүк көтергіштігі 7 мың тонна болатын тағы 2 құрғақ жүк танкері салынды. Сондай-ақ ашық теңіздерде 115 мың тонна Aframax типті 2 танкер жұмыс істейді. Бұйыртса 2025 жылға дейін сауда флотын паром, контейнер кеме және тағы 2 ірі тонналы танкерлермен толықтыру жоспарланған. Кеме экипаждары құрамындағы ел азаматтарының үлесі соңғы 10 жылда 3 есе өсті. 2021 жылы Халықаралық теңіз ұйымы Қазақстанды «ақ тізімге» енгізді. Бұл біздің теңізшілерді даярлау жүйесі сапасының халықаралық стандарттарға сәйкестігін және олардың дипломдарының әлемдік заңдылығын білдіреді.

Өзен кеме қатынасы Ертіс, Орал-Каспий және Іле-Балқаш бас­сейн­дері арқылы жүзеге асырылады. Өзен көлігімен тасымалдау толық бәсе­ке­лестік ортада. Бүгінгі таңда көлік флоты 306 кемеден тұрады. Ертіс өзенінің біздің жақ бөлігінде толассыз кеме қатынасын қамтамасыз ету мақсатында 2004 жылы Үлбі кеме шлюзі пайдалануға енгізілді. 2005 жылы Орал-Каспий каналын қайта құру жобасы аяқталды. Нәтижесінде, жүк тасымалдау көлемі 132 мың тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін өсті. ЕЭО шеңберінде қол қойылған кеме қатынасы туралы келісімнің арқасында отандық тасымалдаушылар Ресейдің ішкі су жолдарымен Қара теңіздегі порттарға дейін транзиттік өтуді жеңілдетілген схема бойынша жүзеге асыруға, сондай-ақ өзен тасымалдарын Обь-Ертіс алабына дейін кеңейтуге мүмкіндік алды. 2025 жылға қарай өзен тасымалдарының көлемін 3,8 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Бүгінде 400 мыңнан астам отандасымыз еңбек ететін жол саласы ел экономикасын дамытудың нақ драйвері десек болады.