• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Инфографика 25 Қазан, 2023

Экономиканы еңселендірген инвестиция

237 рет
көрсетілді

Инвестициялық саясат – экономика мен өндірістің қалыптасуы мен дамуының қайнар көзі, қуатты құралы. Оған басымдық беру – кез келген мемлекеттің ел басқарудағы басты, берік ұстанымдарының бірі. Мемлекет басшысы кезекті Жол­дауында: «Шетелден тікелей инвес­тиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруге тиіс міндеттердің бірі», деп атап көрсетті.

Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздік тұғырына берік орныққалы бері жас мемлекеттің іргетасын бекемдеп, экономикасы мен өндірісін дұрыс жолға қою бағытында атқарылған шаралардың бірегейі қоғам өмірінің барлық саласы бойынша қажетті іс-қимылды, жұмысты жандандыруға шетел инвестициясын тарту болды. Өйткені біз сияқты өркениет көшіне енді қосылған елдің индустриясы мен инновациялық мүмкіндіктерін арттыруда шетел инвесторларының ықпал, әсері ерекше. Оған ел көлемінде сан салалы инвестициялық жобалар аясында бой көтерген өнеркәсіп нысандары мен қолға алынып, жүйелі жүргізіліп келе жатқан байыпты бағдарламалар легі айқын дәлел. Инвестиция тарту – сонымен қатар, салық түсімдерін арттыру мен ел-халық тұрмысын жақсартуға бағытталған қалаулы қадамдардың бірі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ қойнауы кенге, жайлауы малға толы қазақ елі инвестиция үшін тартымды мемлекетке айналды. Оған ішкі ынтымақ пен сыртқы саясаттағы ықпалдастық ұстанымы қосымша себеп болды. Біздің елімізде бүгінгі таңда тұрақтылық, тыныштық барынша берік орныққан. Соның арқасында әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз да қарқынды дамып келеді. Жер-жерлерде, өңірлерде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында түрлі инвестициялық жобалар сәтімен жүзеге асырылуда. Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы ауқымды шаралар негізінде қазірде барлық дерлік облыстарда, қалаларда жаңа өндіріс орындары көптеп ашылып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда.

Кейінгі кезеңде әлемнің түкпір-түк­пірінде орын алып жатқан түрлі толқулар, қақтығыстар, ірі державалар арасындағы саяси шиеленістер, жаһандық дағдарысқа қарамастан, еліміз шетелдік инвестициялар үшін тартымды болып қала береді және осы бағыт бойынша ТМД елдері тұрмақ, Орталық Азия аумағындағы бірден-бір көшбасшы. Тәуелсіздік жылдары елімізге шамамен 400 млрд долларды құрайтын тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартылды. Жан басына шаққандағы ТШИ ағыны бойынша да посткеңестік кеңістікте басты орындамыз.

Дегенмен қазіргі аса күрделі геоэко­номикалық және геосаяси ахуалда осы жағдайды сақтап қалу және нығайту үшін шетелдік инвестициялар тарту ісінде белсенді түрде, оралымды әрекет етіп, инвес­торлар үшін неғұрлым оңтайлы жағдайлар жасауға ұмтыла беруіміз керек.

Қазіргі таңда елімізде инвестициялық қызмет үшін берік нормативтік-құқықтық негіз және қолайлы жағдайлар жасалған. Республика тәуелсіздік алғаннан бері 47 екіжақты және 1 көпжақты (ЕАЭО) Ин­вестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сияқты әртүрлі халықаралық платформаларда белсенді, жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Атал­ған ұйымда Қазақстан инвестициялық ко­митеттің мүшесі, комитет шеңберінде инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында еліміздің инвестициялық саясатына шолулар жасалып отырады.

2022 жылы ел экономикасына 28 млрд долларды құрайтын тікелей шетелдік инвестиция тартылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17,7%-ға жоғары (23,8 млрд). Аталған меже – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Соңғы рет таудай инвестиция 2012 жылы тартылған. Онда қаражаттың жалпы көлемі 28,9 млрд доллар болған.

Елдер бөлінісінде ең көп инвестиция Нидерландтан – 8,3 млрд доллар, АҚШ-тан – 5,1 млрд доллар, Швейцариядан – 2,8 млрд доллар, Бельгиядан – 1,6 млрд доллар, Ресейден – 1,5 млрд доллар, Оңтүстік Кореядан – 1,5 млрд доллар, Қытайдан – 1,4 млрд доллар, Франциядан – 770 млн доллар, Ұлыбританиядан – 661 млн доллар, Германиядан – 469,5 млн доллар көлемінде түсті.

Салалық бөліністе инвестициялардың ағыны тау-кен өндіру өнеркәсібіне – 12,1 млрд доллар (25%-ға өсу), өңдеу өнеркәсібіне – 5,6 млрд доллар (+2,7%), көтерме және бөлшек саудаға – 5,1 млрд доллар (+36%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке – 1,2 млрд доллар (2,2 есе), көлік және қоймалауға – 1,2 млрд доллар (+13,5%) көлемінде тиесілі.

Өңірлік бөліністе инвестициялардың көбісі Атырау облысына – 8,3 млрд доллар (өсім 48,3%), Алматы қаласына – 7,6 млрд доллар (+10,9%), Астана қаласына – 2,2 млрд доллар (+107,2%), Шығыс Қазақстан облысына – 2,2 млрд доллар (+3,1%), Ақтөбе облысына – 1,2 млрд доллар (11,2%-ға төмендеу) тиесілі.

Халықаралық рейтингтік агенттіктер де еліміздің инвестициялық саясатының оң нәтижелерін айғақтайды. Fitch, S&P, Moody’s болжамдарына сәйкес, егемен кредиттік рейтингіміз «BBB» деңгейінде, тұрақты қалып ұстанып келеді.

Үкімет осы жағдайды сақтай отырып, одан әрі нығайту үшін елдің инвестициялық ахуалын жақсарта түсу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізіп, инвестицияларды қолдау құралдарын ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес жетілдіре береді.

Инвестициялық экожүйені одан әрі жақсарту үшін 2022 жылғы шілде айында жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және жаңа трендтерді, соның ішінде ESG стандарттарын ескере отырып, инвестицияларды тарту саясатын қайта қарауға ба­ғытталған Инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабыл­данды. Оны іске асыру 2026 жылға қарай негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ішкі жалпы өнімнің 25,1%-на дейін өсіру бойынша Үкіметтің алдына қойылған перс­пективалық мақсатқа қол жеткізуге мүм­кіндік бермекші. Тұжырымдамада қо­сыл­ған құны жоғары та­уарларды өндіру та­ра­бы­на инвестициялардың құрылымын өзгер­ту­ге жағдай жасайтын шаралар кешені көзделген.

«Бұл бір күндік жұмыс емес және мемлекеттік аппараттың ғана емес бизнес-қоғамдастықтың да жоспарлы және стратегиялық қызметі екенін жете түсіну қажет. Осы орайда еліміздің ұстанып отырған саясаты мен инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайлар есебінен елдің инвестициялық тартымдылығын сақтауға және одан әрі дамытуға ықпал ететін барлық мүмкіндігі бар деп батыл айтуға болады», деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Құдайбергенов.

Басым салаларға құны шамамен 49 млн доллар болатын ірі инвестициялық жобаларды тарту үшін соңғы ширек ғасыр иінінде заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ететін Инвестициялар туралы келісім сынды құрал қолданылып келеді. Жобаларды іріктеу саланы дамыту үшін ең жоғары экономикалық тиімділік қағидаты бойынша жүзеге асырылады, инвесторға қажетті барлық жағдай жасалады және мемлекеттен преференцияларға айырбастау үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді.

Бүгінгі күні шамамен 290 млн долларға 4 Инвестициялар туралы келісім жасалды. Сондай-ақ заңнамада инвесторлар үшін инвестицияның орнына (150 млн айлық есептік көрсеткіш немесе 1 млрд доллар) ин­вестициялық салықтық кредит алу құқы­ғы және 10 жылға салық заңнамасының тұрақ­тылығына кепілдік беріледі.

2022 жылдан бастап инвестициялар үшін салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беруді көздейтін жаңа құрал – Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім енгізілді. Келісім жасау шеңберінде 75 миллион еселенген айлық есептік көрсеткіш сомасын (500 миллион доллар) инвестициялау кезінде кемінде 10 жылға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі. Кепілдік қосымша құн салығы, акциздер, қоршаған ортаға эмиссия­лар үшін төлем, төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы және корпоративтік табыс салығы сияқты салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша ұсынылады.

Дубай халықаралық қаржы орталығы үлгісінде құрылған және посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында инвесторларға бизнес жүргізу үшін бұрын-соңды болмаған жағдай жасалған. АХҚО базасында инвестициялық дауларды шешу мүмкіндігіне ие жалпы құқық негізінде баламалы юрисдикция қолданылады. Салықтық демалыс беріледі, икемді еңбек қағидалары белгіленеді, операцияларды кез келген валютада жүргізуге рұқсат етіледі.

«Биыл біз «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңды айтарлықтай жаңарта отырып, МЖӘ-нің жаңа үлгісіне көштік: жекеше әріптесті айқындау кезінде конкурстық рәсімдерді міндетті қолдануды, құрылған веб-портал арқылы жекеше әріптестерді іріктеу рәсімдерінің ашықтығын, бизнесті мемлекеттік жобаларды іске асыруға тарту жағдайларын жасауды, жобалардың тиімділігін сапалы арттыруды қамтамасыз ететін түзетулер қабылданды», дейді Б.Құдайбергенов.

2015 жылы «МЖӘ туралы» заң қабыл­дан­ғаннан бері Қазақстанда эконо­миканың барлық саласында МЖӘ жо­баларының белсенді өсуі байқалады. 2023 жылғы 1 қа­зандағы жағдай бойынша жалпы құны 2 216,1 млрд теңгені құрайтын 1 086 МЖӘ және концессия шарты жасалды (оның ішінде: 789-ы іске асырылып жатқан және 297-сі іске асырылған жоба), оның ішінде: құны 1 250,4 млрд теңгеге 15 республикалық жоба, құны 965,7 млрд теңгеге 1071 жергілікті жоба қарастырылған.

МЖӘ жобаларының тәжірибесі мемле­кет­тік маңызы бар нысандарға жеке қаржы­лан­дыру көздерін тарту, мемлекет пен биз­нес арасындағы тәуекелдерді тең бөлу, бас­қару функцияларын жеке инвесторға беру арқылы тиімді басқаруды қамтамасыз етуден байқалатын айтарлықтай оң нәтиже көрсетті.

Қазіргі уақытта әлеуметтік салада МЖӘ дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірлеу бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. Жоспар аясында әлеуметтік нысандардың тапшылығын азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік объектілердің материалдық-техникалық базасын жаңарту есебінен көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапа­сын жақсартуға мүмкіндік беретін жоға­ры білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қыз­меттер, спорт, оқу-ағарту саласында 43 әлеу­меттік нысан құру көзделеді.

Жалпы алғанда, еліміз өзінің орналасу орнының стратегиялық тұрғыдан оңтайлы болуы, қалыпты бизнес орта, инвес­торлардың құқықтарын қорғау, инвес­тициялық ынталандыру, саяси тұрақтылық, бай шикізат базасы негізінде өзінің инвес­тициялық әлеуеті жоғары екенін танытып отыр деп сеніммен айтуға болады.