Жылда Республика күні жақындаған сайын Егемендік декларациясын қабылдайтын сәтте білімі мен білігін, жанкештілігі мен қайсарлығын танытқан тұлғалар еске түседі. Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбаев бастаған елдіктің еңсесін биіктеткен алыптар қатарына Александр Княгининді де қосуға болар еді.
Қазақ мемлекеттілігінің іргетасын заңдық тұрғыдан бекітіп, Егемендік декларациясын, Тәуелсіздік туралы заңды қабылдау кезінде Александр Княгининнің табандылығы пікірталасқа ұласқан өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне септігін тигізді. Әсіресе қазақ халқының тағдырына қатысты мәселе тығырыққа тірелген тұста Александр Александровичтің ұтымды ұсынысы, керек десеңіз жанайқайы талқыланып отырған бапқа депутаттардың сергектікпен қарауына мәжбүр етті. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруге байланысты сан сағатқа ұласқан дау-дамай барысында Княгининнің пайым-парасаты шешуші рөл атқарғанын айтқан болар едік.
Ресейлік патша тұсында да, кейінгі кеңес өкіметі кезінде де аз халықтардың көрген құқайы аз болған жоқ. «Мың өліп, мың тірілген» халық мың бірінші мүмкіндігін, яғни азаттық алу сәтін уыстан шығарып алмауға тиіс еді. Алайда қазақ елінің егемендігіне қарсылар аз болмай шықты. Шерағаның, Шерхан Мұртазаның айтқаны осыны еске салады: «...Міне, осылардың кебін кимес үшін Қазақстан тәуелсіз мемлекет болсын дедік. Мұны ізгі талапты, адал ниетті депутаттар түгел түсінеді, қолдайды деп үміттендік. Обалы не керек, депутат Княгинин сияқты түсінгендері де бар. Ал бірақ осы басы ашық талассыз ақиқат дода көкпарға айналады деп кім ойлаған».
Ұлтыңның сөзін сөйлеген кісі қандай құрмет көрсетуге де лайықты. Княгининге деген құрметіміз ерекше болатыны да сол. Бізге Александр Александровичпен тікелей танысып, алғыс айтудың сәті түскен жоқ. Теледидардан сөйлегенін көрдік, газетке басылған сөзін оқыдық. Риза болдық. Санасына өктем халықтың идеологиясы әбден сіңіп кеткендер ана тілінің төрге озуына қарсы болғанда, қазақ тілінің айбынын асыруға ұмтылған Княгининдікі ерлік қой. Астананың «Шұбар» алабындағы Княгинин көшесімен өткен сайын осы тұлғаның қадір-қасиетіне жете алдық па деген ой келеді.
Егемендік туралы декларацияны қабылдайтын сәтте қазақ халқының мүддесін қолдап, Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді ірі халықаралық ұйымдарда Қазақстан атынан қазақ халқының өкілеттігі танылатын болсын деп табандылық танытқан осы – Сан Саныч.
«Мұны Қазақстанда тұратын өзге ұлттық топтар түсініп қабылдайды деген ойдамын. Себебі аталған халықаралық ұйымда, айталық, украин халқының өкілеттігін Украина, белорус халқының өкілеттігін Белоруссия танытады», деген-ді Александр Александрович. Іргелі ұйымға Қазақстан атынан қазақ халқының өкілеттігі танылғаны өз алдына, бүгінде БҰҰ-ның халықаралық деңгейде беделі биік болуына үлес қосып келеді. Күні кеше ғана АҚШ-қа барған сапарында мәртебелі ұйымның төрінен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі осының дәлелі.
Жоғарғы кеңестің депутаты ретінде Александр Александрович қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру үшін күш-жігерін жұмсағанын ұмытуға бола ма, сірә.
«Кез келген ұлтшылдық тамыры тәуелсіздік жолындағы, азаттық, өз ұлты үшін күресте жатыр. Бұл – қастерлі сезім. Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар, бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық» деген-ді мемлекеттік тіл төңірегінде пікірталас өрбігенде.
КСРО Президенті Михаил Горбачев алып ел ыдырап, қолынан билігі сусып бара жатқан тұста Қазақстанның солтүстік облыстарына қатысты көңілге қонбайтын әңгімені бықсытқаны бар. Жер тұтастығына күмән келтіріп. Осындай сәтте Александр Княгинин үнсіз қала алмады.
«Кейбіреулер тарих пен бүгінгі жағдайдың аражігін шатастыратын секілді. Бүгінге өткен күннің өлшемімен қарауға болмайды. Айталық, республикамыздың бірқатар облысын Ресейге қосу жөнінде баз біреулер даурығып жүр, мен оларды үзілді-кесілді айыптаймын. Мәселен, Орал қазақтың жері ме – қазақтың жері! Оған енді ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ!»
Бұл пікір қазір құлаққа үйреншікті болып көрінер. Ал осыдан отыз жылдан аса уақыт бұрын заң шығарушы органның мінберінен осылайша сөз қозғау, сөз жоқ, батылдықты талап ететін еді. Оған қоса, өзіміз ғасырлар бойы «ұлылығына» бас иіп келген ұлттың өкілі қазақ ұлтының мүддесін қорғауы мүмкін еместей көрінетін. Ол задында, ердің ерінің қолынан келер іс-ті.
Александр Александрович ел тәуелсіздігін жариялай салысымен мемлекеттің көш-керуені бірден өркениет жолына түсе қоймайтынын жақсы түсінді. Оған халықтың талап-тілегіне құлақ асатын, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, жұртын игі істерге жұмылдыратын күшті билік керек. Билік болған да қатып қалған мемлекеттік аппарат емес, қарапайым халқының мұң-мұқтажын шешетін, ауыр жүгін жеңілдететін «ел үшін туған ерлерден» жасақталған билік. Жеке мүдденің ыңғайына қызмет ететін биліктің ақыры жақсылыққа апармайтынын Сан Саныч жақсы түсінді. Түсінгені сол, биліктің бұра тартып бара жатқанына күйініп, жанайқайын газет арқылы жеткізуге ұмтылды. 1998 жылы қыркүйекте Қазақстан Президентіне ашық хат жазуы осының дәлелі. Тақырыбы – «Қазақстан халқының бүгіні мен болашағы» деп аталады.
«Өзімді қазақ халқының орыс баласы санаймын. Сізге қазақтардың да, орыстардың да, тұтас алғанда, біздің жас мемлекетіміздің қалыптасқан өмірі туралы алаңдаушылықпен қайырылып отырмын. Көптеген жұрттың есінде болар, мен қазақ халқының өзін-өзі билеуіне деген құқын қорғадым, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану туралы, құқық қорғау, экология, экономика салаларында, Конституциялық комиссияда белсенді жұмыс істедім. Менің Жоғарғы кеңестің сессиясында, телеарнада, бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеген сөздерім әртүрлі қабылданды. Біреулері мақұлдаса, енді біреулері жеккөрінішпен қабылдап, қазақтың мүддесіне бола орыстарды ұмытып кеткенімді айтып, кінәлады. Ал мен ар-ұятым не дейді, соған сәйкес әрекет еттім және солай ете беремін де», деді абзал азамат. Александр Княгинин бақилыққа озғанға дейін де осы ұстанымынан айныған жоқ.
Күні кеше ғана Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған байқаудың үздіктерін марапаттады. Ел бірлігіне елеулі үлес қосатын игі бастама дер едік. Осы байқау аясында ел егемендігі мен тәуелсіздігін алу жолында ерекше еңбек сіңірген Александр Княгинин атындағы арнайы сыйлық тағайындалғаны жөн болар еді. «Қазақтың орыс баласы» осындай құрметке әбден лайықты.