Қазақстанның Халық әртісі атағы қайта оралатынын және бұл марапатты алғаш иеленетіндердің қатарында өзімнің болатынымды маған Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі ұшақта бірге келе жатқанымызда айтқан болатын. Әрине, естігенде өте қатты қуандым.
Бұл құрметті өзімнің азды-көп жасап жатқан еңбегімнің бағаланғаны және халық тарапынан көрсетілген қолдау ретінде қабылдаймын. Дегенмен біз секілді өнер адамдары үшін ең басты байлық – ол халықтың ықыласы мен махаббаты. Елдің құрмет-қошеметін ешбір марапатпен алмастыра алмайды. Бүгінгі алған атағыма лайықпын ба, жоқ па, оны да халық айтады. Мүмкіндігінше осы биіктен көрінуге, халық әртісі деген атқа сай болуға тырысып, өнерімді бағалайтын жұртшылықты жақсы әндерімізбен қуанта береміз.
Әу бастан менің әрбір аяқ алысымды қолдап-қуаттап келе жатқан халқыма және бүгін Ақорданың төрінде өз қолынан марапатты тапсырған Президентке басымды иіп рахмет айтамын. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Қазақстанның Халық әртісі, әнші