25 қазан – ата-баба арманы орындалған күн. Бұл күн болашақ ұрпақтың өркендеуін қамтамасыз ете отырып, дербес әрі тәуелсіз даму жолын таңдаған бетбұрыс ретінде тарихта мәңгілікке қалады.
1990 жылы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше. Осындай маңызды құжаттың қабылдануы мемлекет пен халықтың өсіп-өркендеуіне айтарлықтай әсер етті. Еліміздің дамуын әрі қарай жалғастыратын бірқатар үрдістің негізі қаланды. Мемлекеттің біртұтастығы, оның аумағының бөлінбейтіндігі мен қолсұғылмаушылығы егемендіктің негізгі қағидаттарына айналды.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің Әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дербес түрі ретінде түпкілікті қалыптасты. Әскери теңізшілердің міндеті – бірінші кезекте Каспий теңізіндегі Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттік мүдделерін қорғау. Әскери доктринада аумақтық суларда және Каспий теңізі континенттік қайраңының Қазақстан бөлігінде мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғау қажеттілігі атап өтілген. Сол себепті Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің елімізге тиесілі акваториясында мемлекеттің қолсұғылмаушылығы мен аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау сияқты кең ауқымды міндеттерді абыроймен орындап келеді.
Отандық және шетелдік заманауи кемелермен жарақтанған Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы ел аумағында да, одан тыс жерлерде де өткізілетін әскери оқу-жаттығуларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Бұлардың бәрінде экипаждардың даярлық деңгейі жетілдіріліп, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде олардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі пысықталады. Өткізіліп жатқан оқу-жаттығулар еліміздің Әскери-теңіз күштері алға қойылған міндеттерді орындауға және теңіздегі мемлекеттік мүдделерді қорғауға дайын екендігін көрсетті.
Сәкен БЕКЖАНОВ,
контр-адмирал, Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы