Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.
Атап айтқанда, «Парасат» орденімен Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы Рахат Тоқбаев пен «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» ШЖҚ РМК бас ғылыми қызметкері Жаумбай Қараев марапатталды.
Бір ескеретіні, биыл көптеген педагог пен дәрігер мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың қатарында отандық трансплантологияның сапалы жаңа деңгейге шығуына және мыңдаған науқастың толыққанды өмір сүру мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік беретін бірегей «QazMedics organ care system» отандық жүйесін әзірлеушілер де бар.
«Құрмет» орденімен «Шымкент жүрек орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Дархан Сүйгенбаев, ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Сәуле Шайсұлтанова, «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» ШЖҚ РМК бас ғылыми қызметкері Орденбек Мазбаев, сондай-ақ «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» КеАҚ қызметкерлері: кардиохирургия КАД директоры Тимур Лесбеков, интервенциялық кардиология және радиология КАД директоры Марат Арипов, операциялық бөлімше меңгерушісі Рымбай Қалиев, дәрігер кардиолог Салтанат Андосова, дәрігер кардиохирург Әсел Медресова және Светлана Новикова марапатталды.
«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» КеАҚ операциялық мейіргері Марал Шарденова «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пяға Қазақстан Президентінің Алғысы жарияланды.
Сонымен қатар «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Сауда және интеграция, Туризм және спорт, Цифрлық даму министрліктерінің, сондай-ақ Үкімет Аппаратының қызметкерлері марапатталды.