Костенко атындағы шахтадағы өрттен қаза тапқан тағы бір адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Костенко шахтасында 33 кеншінің мәйіті табылды, 13 адам іздестіріліп жатыр. Ақпарат түскен сәттен бастап біз барлық қызметтің әрекетін үйлестіру үшін жедел штаб құрдық. 252 кеншінің 208-і жер бетіне шығарылды, олардың 18-і медициналық көмекке жүгінді», деді әкім баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, зардап шеккендер қазір дәрігерлердің бақылауында.
Еске салайық, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты Костенко шахтасынан өрт шықты. Президент Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Бас Прокуратура аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында орын алған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды. 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.