Қазақстан Ханчжоу-2022 IV Азия Пара ойындарын аяқтады. Байрақты бәсекеде 131 атлетіміз спорттың 14 түрінен қатысып, 8 «алтын», 12 «күміс» және 21 «қола» медальмен командалық есепте 11 орынға тұрақтады. Жарыста спортышларымыз 3 Азия және 4 Азия Пара ойындарының рекордын орнатты, деп хабарлайды Egemen.kz Спорт және туризм министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүлделер келесі спорт түрлерінен бұйырды:
Пара каноэде Бибарыс Спатай KL2 және VL3 санатында қос күмісті қанжығасына байласа, Жалғас Тайкенов KL3 санатында күміс жүлдегер атанды. Ал Жаныл Балтабаева KL3 санаты Максим Богатырев KL1 санаттары бойынша қола жүлдеге болды.
Пара пауэрлифтингте Давид Дегтярев Азия пара ойындарында алғашқы алтын медальді жеңіп алды. 54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол 186 кг бағындырып, Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Ал 41 келіде Тұрсынай Қабыл мен 73 келіде Раушан Қойшыбаева күміс медаль жеңіп алды. 45 келіде Гүлім Құрманбаева мен 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рахметжан Хамаев қола жүлдені қанжығасына байлады.
Пара дзюдо күресінде жерлестеріміз Ақмарал Науатбек (45 кг/ J2), Ерғали Шамей (73 кг/ J1) және Олжас Оразалыұлы (73 кг/ J2) алтын медальді жеңіп алды. Күміс жүлдеге Асылан Нұрдаулетов (73 кг/ J1), Жанбота Аманжол (-90 кг/ J2), Зарина Раифова (70 кг/ J2) және Ерлан Өтепов (+90 кг/ J2) ие болды. Ал Бауыржан Арстанбек (-90 кг/ J1) , Даяна Федосова (52 кг/ J2), Динара Куджулова (70 кг/ J1), Ғалымжан Смағұлұлы (-90 кг/ J2), Ерлан Конкиев (+90 кг/ J2) ,Талғат Ажгалиев (+90 кг/ J2) және Ануар Сариев (60 кг/ J2) қола жүлдені еншіледі. Ұлттық құрама дзюдо күресінен командалық есепте екінші орынға жайғасты. Пара жеңіл атлетикада қазақстандық Дастан Мұқашбеков ядро итеруден алтын медаль иегері атанды. Ол -15,74 м нәтижесімен Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Сондай-ақ, осы санатта қазақтандық Иван Зелезняк 12,39 м нәтижесімен қола медаль жеңіп алды, ал екінші орын БАӘ спортшысына бұйырды.
Пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағали екі алтын жеңіп алды (100 м брасс және 200 м комплекстік стиль). Оған қоса 200 м комплекстік жүзуде Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Диас Кенжебек 100 м қашықтықты 1:05:42-де жүзіп өтіп, Азия және Азия пара ойындарының рекордын орнатып, ел қоржынына 7-ші алтын медальді қосты. Ал Нұрәлі Советқанов 100 метр брасста, Роман Потапов 100 метр шалқалап жүзуде және 4х50 м аралас комплекстік эстафетада өнер көрсеткен Зульфия Габидуллина, Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева және Айсұлтан Кулкаев қола медаль жеңіп алды.
Пара таеквондода Нышан Өмірәлі (80 кг) мен Камиля Досмалова (57 кг) күміс жүлдегер атанса, Мариям Салимгереева (65 кг), Нұрлан Донбаев (80 кг) пен Алишер Гариполлаев (+80 кг) қола жүлдегер атанды. Шахматтан ерлер командасы қола медаль жеңіп алды. Жұптық команда сапында Алимжан Аяпов пен Серік Солтанов өнер көрсетті. Пара велоспортта Сейтжан Кенжеғұл мен оның пилоты Антон Лаврентьев қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, жекелей уақыт есебіндегі бәсекеде Сейтжан ел қоржынына тағы қола медаль салды.
Волейболды отырып ойнауда ұлттық құрама спортшылары күміс жүлдеге ие болды. Спортшыларымыз жартылай финалда алаң қожайындары Қытай елінің командасын 3:2 есебімен жеңіп, финалдық кездесуде әлемнің және Азияның бірнеше дүркін чемпионы Иран мемлекетіне 3:0 есебімен есе жіберді.
Еске сала кетсек, өткен 2018 жығы Индонезия өткен Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 33 медальмен (5 алтын, 15 күміс, 13 қола) 13 орынға табан тіреген болатын.
IV Азия Пара ойындары 22-28 қазан аралығында қытайдың Ханчжоу қаласында өтті. Жарысқа 43 мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысты.