Әйтеке би, Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз, Хромтау аудандарында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер, спорттық-сауықтыру кешендері, кіреберіс жолдар, бірнеше мектеп жауапсыз мердігерлердің кесірінен жыл соңына дейін бітпейтін түрі бар. Оның үстіне Ақтөбе облысы автокөлік жолдарының сапасы жөнінен соңғы орынды бермей келеді.
Жұрттың жүйкесін жол құрылысында жүрген жосықсыз мердігерлер жұқартып барады. Мәселен, екі жыл бұрын жергілікті бюджеттің 460 млн теңге қаражаты жұмсалып, «жаңа технологиямен салынды» деген «Ойыл-Көптоғай» жолын көктемде еріген су ағызып кетті. Ақтөбе мен Мұғалжар ауданының арасындағы 80 шақырымды екі жыл бойы жөндеп үлгермей жатыр. Жол құрылысындағы алаяқтардан әбден ығыр болған жұрт ендігі жерде «Қандыағаш-Ақтөбе», «Шалқар-Ақтөбе», «Ырғыз-Шалқар» жолдарын сапалы жөндеуден өткізуді талап етіп отыр.
Жағымды жаңалық – келесі жылдан бастап «Самара-Шымкент» тасжолының «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бөлігі төрт жолақты болып кеңейтіледі. Оның жобалық-сметалық құжаттары дайын. 1960-1970 жылдары салынғаннан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолы да кезек күтіп тұр. Қандыағаштан оңтүстікке қарай 20 шақырымына жөндеу жүргізген «Ассана Дорстрой» ЖШС келесі көктемде Қотыртас ауылына дейінгі 75 шақырымына кіріспекші Мұнайлы екі ауданның күретамыры – «Қандыағаш-Ембі», «Қандыағаш-Жұрын» жолдарында күз бен көктемдегі лайсаңда көлік қатынасы қиындап жұрт әбігерге түседі.
Ақтөбенің сапасыз салынған жолдарына аяқталмаған әлеуметтік нысандар құрылысы да қосылды. Төрт аудан орталығында көпбалалы отбасылар, мүгедек азаматтар, жетім балалар үшін салынып жатқан көппәтерлі әлеуметтік үйлер мерзімінен кешікті. Былтыр пайдалануға берілуге тиіс үйлердің іргетасы мен жартылай біткен қабырғалары ғана тұр. Алыс ауылдарда салынып жатқан шағын мектептер құрылысында да осындай келеңсіздік орын алған. Шалқар ауданындағы Қарашоқат, Қобда ауданындағы Терісаққан, Мұғалжар ауданындағы Алтынды, Ырғыз ауданындағы Жарма ауылдарының мектептері салынбай қалды. Бар-жоғы 60 орындық осы білім ошақтары бес жыл бұрын салынуға тиіс еді. Ең қиыны, жаңа мектеп саламыз деген соң Қарашоқат пен Алтындыдағы саманнан салынған ескі мектептер бұзылған. Енді екі ауылдың адамдары ескі мектепті неге бұздырдық деп қатты өкініп отыр. Мұндай жауапсыздық Ақтөбе қаласының іргесіндегі Шилісай мен Шалқар қаласындағы 320 орындық мектептер құрылысында да бар. Шалқардағы Вокзал көшесіндегі мектеп 2018 жылдың 3 желтоқсанында басталып, 2019 жылдың соңында пайдалануға берілуі керек еді. Алайда жауапсыз мердігер жұмысты созғылап жүріп бір ай бұрын ғана банкрот деп жариялады. Мұны құрылыс саласындағы жауапсыздық не алаяқтық деуге болады. Бұл жерде мемлекеттік тапсырысқа қатысып, әлеуметтік нысанды салуға тендер ұтып алған бас мердігер барлық жұмысты не маманы, не техникасы жоқ қосалқы мердігерлерге бөліп береді. Шалқардағы 320 орындық мектептің аяқталуына былтыр 208 млн теңге жетпей қалып, тиесілі қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Бес жыл ішінде оған бас-аяғы 1 млрд 320 млн теңге жұмсалды. Бас мердігер «Град Строй Сервис» ЖШС, техникалық жағынан қадағалаушы «Нисан-Ақтөбе» ЖШС, жобалаушы «Иншаб» ЖШС мектеп құрылысына өте жауапсыз қарады.
Бірнеше мектеп, денешынықтыру-спорт кешендерін, автокөлік жолдарын салуға мемлекеттік тапсырыс ұтып алып, төрт жыл бойы ештеңе бітірмей келе жатқан серіктестіктердің бірі – Қызылорда облысында тіркелген «Абай-Б» ЖШС. Аты дардай, бірақ не жібі түзу техникасы, не сауатты құрылысшысы жоқ мердігер Ырғыз ауданының Құмтоғай, Құрылыс ауылдарының кіреберіс жолын жөндеуге мемлекеттік тапсырыс алған. Осы мекеме екі жылда Құмтоғай ауылындағы 26 шақырым жолдың 8 шақырымына ғана асфальт төсеп, Құрылыс ауылының 6,9 шақырымын аяқсыз қалдырды. Бұл мердігер 2021 жылы Ырғыз елді мекені мен Құтикөл ауылы арасындағы 30 шақырым автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстарын бастады. Бюджеті – 559 млн теңге, тапсырыс беруші – Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесі. Биылғы қазанда жол бітуге тиіс еді. «Абай-Б» ЖШС-ның жөндеу жұмыстарын қадағалауға жауапты «Ақтаустройэксперт» ЖШС-ға бюджеттен 13 млн 934 мың теңге аударылған. Жөндеу жұмыстарына қадағалауға жауапты осы серіктестік ештеңе бітірмеген. «Абай-Б» мекемесі Ақтөбе қаласындағы Арынов көшесін үш жылда әзер бітірген. Міне, осындай жұмысы өте сылбыр, техникасы да жеткіліксіз серіктестік бірнеше миллиардтаған тапсырыстарға қалайша оңай қол жеткізіп жүр? Қазанның соңында күн райы бұзылып, жаңбырдың соңы қар мен көктайғаққа ұласады. Ендеше, үш ауылдың аяқталмаған жолының жыры келесі көктемде жалғасады. Мердігерлер бітірмеген жұмыстары үшін келесі жылы бюджеттен қаржы алатын болған соң еш асықпайды. Басты сылтауы – құрылыс материалдарының қымбаттап кетуі. Мұндайда тапсырыс беруші мемлекеттік органдар мердігерлерге жұмсақтық танытады. Қоғамдық бақылау болмаған соң екі жақ та білгенін істейді. Өкініштісі, мемлекеттік тапсырыстарға оңай қол жеткізіп жүрген жауапсыз мердігерлер сапалы тұрғын үйлер, жақсы жолдар салып келе жатқан жергілікті компанияларды ығыстырып шығарды. Соңғылары тапсырыс ала алмаған соң тарап кетті.
Мұғалжар ауданы Алтынды ауылындағы 60 орындық мектепті «Ер-Қанат Сервис» СК» ЖШС жеті айда салып бітіруге тиіс еді. Бастапқы бюджеті 400 млн теңге болатын. Бес жыл өтті, мектеп те жоқ, бөлінген бюджет қаражаты тағы жоқ. Қазір Алтындының жүзден аса оқушысы мен мұғалімдері алтын өндіріп жатқан ресейлік компанияның кеңсесінде оқып жүр.
Мемлекеттік тапсырыс заңының осалдығынан тұрғын үй және жол құрылысында толып жүрген жауапсыз мердігерлер әрбір өңірде бірнеше нысан салуға миллиардтаған қаржыны алып алады да, қаражатты айналымға салып жүреді. Бұлардың жауапсыздығынан ауыл балалары зардап шегіп, әркімнің босағасында сабақ оқып жүр. Қажетті техникасы, тиісті мамандары жоқ мердігерлерге мектеп, балабақша, әлеуметтік тұрғын үй салуды сеніп тапсыру өте қауіпті болып барады. Мемлекеттік тапсырыс заңының бас мердігердің қосалқы мердігерлерді өзі таңдауына мүмкіндік беруінен көшедегі кім көрінген құрылысшы болып шыға келді. Сапасыз құрылыстар қайдан шығады дегенге жауап – осы.
Ақтөбе облысы