Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айдағы қорытындысы бойынша облыс әкімдігінде болған отырыста есеп берген экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов өңірдің өсіп-өркендеуінде баяулаудың орын алғанын жеткізді. Өткен 9 айдағы көрсеткіш бойынша облыстың экономикалық индикаторы республикалық деңгейде 19 орынға құлдыраған. Егер былтырғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда республика бойынша орташа көрсеткіш 104,6 пайыздық өсімді көрсетсе, біздің облыс керісінше 3,7 пайызға төмендеген.
Соның ішінде жалпы өңір экономикасының драйвері болып табылатын ауыл шаруашылығы саласында биылғы тоғыз айда 685,8 млрд теңгенің өнімі шығарылып, былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 15,9%-ға кеміп кеткен. Әрине, биыл жалпы республика бойынша да 9 айдағы өнім көлемі былтырғымен салыстырғанда төмендеген. Алайда төмендеудің орташа көрсеткіші республика бойынша 9,9% болса бізде одан сәл де болса жоғарылау.
Биылғы ауа райының қолайсыздығы ауыл шаруашылығын барынша тығырыққа тіреп бақты. Диқандар маңдай терін тамшылатып еккен өнімін уақытында жинай алмай, тамыздың аяғында тоқтаусыз құйған жаңбырдың астында қалдыруға мәжбүр болды. Дестеде жатқан егін көктеп кеткен жағдайлар да аз болған жоқ. Танаптарға комбайндар кіре алмай, жер кебу үшін бірнеше күн қатарынан күннің ашықтығын күтіп тұрып қалды. Алайда ашық болған екі күн үшінші күні нөсер жауынға ұласып отырды. Мұндай жағдайда мол өнімге қол жеткізу қиындау, әрине. «Жығылғанға жұдырық» дегендей дәл орақ басталған кезде облыстың іскер әкімін ауыстырып жіберіп, оның орны 19 күн бойы бос тұрғаны да бұл іске жанама болса да кесірін тигізіп кеткенін жасыруға келмес...
Міне, осындай тікелей және жанама кесірлердің себебінен егіс өнімдері былтырғымен салыстырғанда 21,2%-ға құлдырады. Сөйтіп, былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында 735,8 млрд теңгенің өнімі алынса, биылғы меже 440 млрд теңгеден әрі аспады. Ауыл шаруашылығында көңіл көншітетін жалғыз көрсеткіш мал шаруашылығында ғана болып тұр. Оның көлемі 242,7 млрд теңгеге жетіп, былтырғыдан 2,8%-ға асты.
Ал облыс бойынша жалғыз жұбантарлық жағдай өнеркәсіп саласында ғана тұрақты өсім көрсетті. Биылғы 9 айда 457,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,5 пайызға өскен. Оның ішінде өңдеу кәсіпорындарындағы өсім – 12%, тау-кен өндірісіндегі өсім – 12,1%, электр энергиясының өсімі 20,8%-ға артқан.
Инфляция өсімімен облыс экономикасына биылғы 9 айда құйылған инвестиция көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға артып, 296,2 млрд теңгеге жеткен. Құрылыс қарқыны да былтырғымен салыстырғанда артып, 102 млрд теңгеге жетіп отыр. Өсім – 22,2 пайыз. Соның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының артуы нәтижесіндегі өсім – 23,4%, күрделі жөндеу жұмыстарының артуындағы өсім – 1,5 есе.
Былтырғы тоғыз аймен салыстырғанда биыл пайдалануға берілген тұрғын-үй қоры көлемі де артып отыр. Биыл оның жалпы көлемі 137,6 мың шаршы метр болып, былтырғыдан 112,4%-ға өскен.
Биыл облыс бойынша 22 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылған, алайда бұл – жоспардың 90,7%-ы ғана. Айта кететін және бір жайт, 9 айдағы инфляция көлемі 7,7% болып, республикалық орташа көрсеткіштен 0,7 пайызға асып кетті. Соның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 7,4% болды, ал республикалық орташа көрсеткіш 6,2% болатын.
Қорытындылай келгенде айтпағымыз, облыс деңгейінде негізгі көрсеткіштер бойынша оң нәтиже байқалғанмен, аудандар кесіндісінде бірнеше көрсеткішке қол жеткізбеген аудандар бар. Ең көп теріс нәтиже көрсеткен – Аққайың ауданы 4 көрсеткіш (ауылшаруашылық, инвестиция, құрылыс, тұрғын үй енгізу), Айыртау ауданы – 3 көрсеткіш (ауылшаруашылық, өнеркәсіп, құрылыс), Жамбыл ауданы – 3 көрсеткіш (ауылшаруашылық, өнеркәсіп, құрылыс), Мамлют ауданы – 3 көрсеткіш (ауылшаруашылық, өнеркәсіп, тұрғын үй енгізу), Уәлихан ауданы – 3 көрсеткіш бойынша (ауылшаруашылық, бөлшек сауда, тұрғын үй енгізу) артта келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы