Бейсенбі күні Жетісу облысына барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары жұма күні одан әрі Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы аудан орталығы – Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейіне барды. Музей биыл пайдалануға берілген.
Жалпы ауданы 2 520 шаршы метр болатын қос қабатты ғимаратта өлке тарихына қатысты 350-ге жуық экспонат қойылған. Мемлекет басшысына музейдегі археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, Қаратал ауданының тарихы және жазушы Кемел Тоқаев, Қазақ КСР халық әртісі Бикен Римова, осы өңірден шыққан ақын-жыраулар, би-шешендер мен елге еңбегі сіңген басқа да тұлғалар туралы тың деректер таныстырылды.
Президент музейде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесу барысында мұражайды аралап шыққанын, ондағы жәдігерлерді көбейту керектігін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажет екеніне назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев Үштөбе қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Атап айтқанда, биыл ашылған 30 орындық жатақханасы бар Гуманитарлық колледжге барды. Мұнда болашақ педагогтер «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім алады.
Оқу орнында 17 заманауи аудитория, мәжіліс және спортзалдары, медициналық кабинет, асхана мен буфет бар. Колледж инклюзивті орта талаптарына сай жабдықталған, яғни ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін пандус пен арнайы лифт қойылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үштөбедегі орта мектепті аралап көрді. Білім ошағы 1963 жылы салынған. 1996 жылы мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Президентке қаламгер Кемел Тоқаевтың шағын кабинет-мұражайы таныстырылды. Мұнда жазушының шығармалары, тұтынған жеке заттары қойылған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл салынып, халық игілігіне берілген дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Аталған медициналық мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, процедуралық, екпе салу, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.
Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысы Қаратал ауданының Кәлпе ауылына барды. Президентке 200 орындық мәдениет үйі таныстырылды. Бұл нысанның жалпы ауданы – 739 шаршы метр. Мәдениет үйінде бірнеше шығармашылық үйірме жұмыс істейді.
Сонымен қатар Президент осы ауылда бой көтерген спорт кешенінде болды. Нысанның жалпы ауданы – 887,7 шаршы метр. Модульді ғимаратта спортзалы, балалар ойын алаңы және воркаут қарастырылған.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Jetysu Аrena жабық мұзайдынын аралап, спортшылармен әңгімелесті. Спорт нысаны толықтай жеке кәсіпкердің қаражатына салынып, Республика күні ашылған. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 900 миллион теңге. Кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлының айтуынша, бұл нысанда тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады. Сонымен қатар мұнда паралимпиадалық, яғни шаналы хоккеймен шұғылдануға болады. Елімізде хоккейдің бұл түрімен айналысуға арналған екі мұз аренасы бар. Оның бірі – Астанада, екіншісі – осы Талдықорған қаласында ашылып отыр.
Нысанның жалпы аумағы – 2235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен, оның ішінде тоңазытқыш, мұз құю және спорт жабдықтарымен қамтылған. Соның нәтижесінде мұнда жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік бар. Аталған жабық мұзайдыны Құрлықаралық хоккей лигасының және Ұлттық хоккей лигасының стандарттарына сай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді. Президент спортшылармен әңгімелесу кезінде мемлекет аталған саланы одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын айтты.