• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Пікір 30 Қазан, 2023

Кеншілер қамын күйттейтін заң қажет

194 рет
көрсетілді

Костенко шахтасында қаза болған кеншілердің отбасына көңіл айтамыз. Апат салдарынан жарақат алып, емханада жатқан жұмысшылардың амандығын тілейміз. Іздестіріліп жатқан кеншілер тезірек табылса дейміз.

Әділ, таза тергеу жүріп, кінәлі басшылар жауапқа тартылуы керек. Өйткені кешегі Ленин, Абай кеніштеріндегі оқиға көптің жадынан шыға қойған жоқ. Біз бұрын қала ішіндегі шахталарда қауіпсіздік қатаң сақталады деп ойлайтынбыз. Мұнымыз бекер екен. Қазір кеніштегі басқа да шахтерлердің денесі табылса, одан әрі апаттың себеп-салдары толық зерделенеді. Апаттың неден және қалай болғаны анықталады.

Иә, шахтерлердің әлеуметтік ахуалы туралы бұған дейін де талай мәрте айтқанбыз. Соны түсінетіндер болса? Шахтада жұмыс істеуді айтпағанда, бір түскеннің өзі қауіпті. Ал күнде барып жұмыс істеу дегеннің қандай болатынын кеншілер біледі. Кеншілер «жұмыстың машақатын шахтаны білмейтін, шахтаға түспеген адамдар түсінбейді» деп дұрыс айтады. Жер астында екінің бірі жұмыс істей алмайды. Мен өзім бірнеше шахтаға түсіп, шахтерлердің жұмысын көрдім. Сонда бізбен бірге түскен кейбір азаматтардың тынысы тарылып, үрейленгенін байқайтынмын. Осыған дейін Президент Жол­дауында шахтерлер 55 жасқа толғанда зейнетке шығуы керек екенін айтқан еді. Менің ойымша, Үкімет осы заңды қайта қарайтын болар. Шахтада жарақат алып, арбаға таңылғандардың төлеміне, сосын шахтерлердің зейнетке шығуына қатысты мәселелерді ескеріп, жоба дайындап, шұғыл қарайтын шығар. Президент кешегі оқиғадан кейін Үкіметке тиісті тапсырма жүктегенін айтты. Осыдан соң көп ұзамай тиісті бағдарлама қабылдап, Парламентке жіберіп, жұмысты қарқынды бастау керек. Қалай дегенде де қаншама кенші осы жұмыспен отбасын асырап отыр ғой. Жұмыс орнын да кешіктірмей ашу қажет. Енді көп ұзамай Үкіметтен қандай шешімдер қабылданатынын біле жатармыз.

Орта есеппен жердің астында еңбек ететін кеншілер 450 мың теңге мөлшерінде жалақы алады екен. Мұнда әр жұмысшының табысы еңбек өтіліне, мамандығына қарай белгіленетіні белгілі ғой. Бірақ орташа еңбекақының көле­міне қарап, кеншілердің алып отырған жалақысы көп деп ай­та алмаймын. Оқиғадан кейін құрылған Жедел штаб құрамында Үкімет мүшелері, жергілікті атқа­рушы органдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Кеше түнге дейін штабта отыр­дық. Мүмкін апаттан аман қал­ғандар табылар деп үміттендік. Бірақ, өкінішке қарай, жағдай біз ойлағандай болмады. Әзірге біз Қарағандыдамыз. Әріптесіміз, Мәжіліс депутаты Арман Қалықов та осында. Ол – сонда еңбек жолын шахтер болып бастап, бас директорлыққа дейін көтерілген азамат. Енді Үкімет қандай жоба әзірлейтінін, Президенттің тапсырмасы қалай орындалатынын күтеміз. Бастысы, бұл мәселе жедел әрі нақты шешілуі керек деп ойлаймын.

 

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты