• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қазан, 2023

Бір қала мен екі облыста халық саны 2 миллионнан асты

616 рет
көрсетілді

Ұлттық статистика бюросы кейінгі жылдары   елімізде  халық санының өсуі 20%-ға  артқанын  жария етті. Соңғы жүргізілген 2021 жылғы санақ бойынша  Қазақстанда   жан саны 19 186 015 адамға жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бір қала мен екі облыстың тұрғыны екі миллионнан асты:  Алматы қаласы тұрғындарының саны 2 030  285 адамға жетсе,   Алматы облысында осы күнде 2 146 576 адам тұрып жатыр.

Бес жыл бұрын жеке облыс болып қайта  құрылған  Түркістан облысында  2 054 021 тұрғын бар. Словения,  Македония сынды елдердің халқы  2 миллионнан енді асып жатыр. Ал біздің бір облыс пен екі  мегаполистың тұрғыны осы межеге жетті.

2009 жылдан 2021 жылға дейінгі мерзімде Астана қаласындағы тұрғындар саны 613 мыңнан 1 234  мыңға артқан.  Үшінші мегаполис статусын алған Шымкент қаласында  он жыл бұрын 730 мың халық болса, бүгінде бұл шаһарда 1 122,4 мың адам тұрады.  Маңғыстау облысының халқы да соңғы он жылдықта күрт артып, 485 мың деген цифр 735 мыңға  жетті.  

Ұлттық статистика бюросының зерттеушілері елде урбанизация көші күн санап ұлғайып бара жатқанын да айтты. Бұрын қала халқының үлесі 56,1%  болса, бір мүшел мерзім ішінде 5%-ға артып, 61,2%-ға жеткен. Есесіне ауыл тұрғындарының саны 43,9%-дан 38,8 пайызға  төмендеді.

Ақтөбе,  Атырау, Батыс Қазақстан,  Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында  қала тұрғындарының санында өсім жоғары. Урбанизация демекші,  Қарағанды облысындағы тұрғынның 80 пайызы яғни 1 миллионнан аса адам ауылдан қала статусына ие  көрікті мекенде тұру үшін   көшінің басын шаһарға бұрған. Бұл күнде кенге бай өңірдегі 1 миллионнан астам адам  қалалық саналады.

Астана, Алматы һәм  Шымкент  сынды үш қалада  кейінгі 12 жыл ішінде үш бірдей жаңа аудан құрылды. Халық саны 50 мыңнан 100 мыңға дейін  жететін шағын қалалардың саны бұрын 8 болса,  бүгінде олардың  қатары 14-ке жетті.