Бүгін Ақтөбе қаласында ересектер арасында ұлттық спорт – асық ату бойынша Қазақстан кубогі басталды. Дүбірлі дода 1 қарашаға дейін жалғасады, деп жазады Egemen.kz.
Ulttyq sport qauymdastygy баспасөз қызметінің мәліметінше ерлер – «асық атудан» жарысып, қыздар – «бес асықтан» сайысатын дүбірлі додада Астана, Шымкент, Ақтөбе қалалары және Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары бойынша барлығы 100-ден астам спортшы шеберлік байқасады.
Қазақстан кубогі жеңімпаз командалары ақшалай сыйақы алады және жеңімпаздар мен жүлдегерлер ведомствоға қарасты Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің кубогімен, дипломдарымен, медальдарымен марапатталады.
Ашылу салтанаты Асық ату федерациясының президенті Аслан Сұлтанов пен Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржановтың қатысуымен өтті.
«Федерация ұлттық спортты дамытуға күш салып келеді. Жеке өз басым жаңадан сайланған басшы ретінде осы істі зерттеп-зерделеп, жан-жақты жұмыс жүргізуге кірісіп кеттім. Биылғы жылдың соңына дейін және келесі жылы жүзеге асыратын нақты жобаларымыз бар. Ал бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін», деді Аслан Сұлтанов.
«Асық ату» республикалық федерациясының президенті - отандық кәсіпкер Аслан Сұлтанов федерация жетекшілігі қызметіне осы жылдың тамыз айында сайланды.
Аталған федерация Ұлттық спорт қауымдастығына мүше. Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Дәстүрлі садақ ату», «Тоғызқұмалақ», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Асық ату», федерациялары кіреді.
Айта кетсек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті – белгілі кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов.