Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Депутаттардың талқылауына Эстониямен адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарау ұсынылады.
Құжат екі ел арасындағы ынтымақтастық тетігін құруға, сондай-ақ заңсыз көші-қонға қарсы күрестің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Келісім Қазақстан мен Эстония аумақтарында ұлттық заңнамаларды бұзған адамдарды қабылдау, беру және транзиттеу мәселелері бойынша тараптардың құзыретті органдары арасындағы қарым-қатынасты реттейді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарау ұсынылды.
Жалпы отырыста Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алу көзделіп отыр.