• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Басылым 31 Қазан, 2023

Батыр туралы баян

305 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Мәншүк Мәметова туралы жазылған кітап та, тіпті кино да аз емес. Бірақ бұл жолғы екі туындының жөні бөлек.

Екі кітаптың бірі – қазақша, екіншісі орыс тілінде жазылған. Қос туындыны жаз­ған белгілі қаламгер, әдебиеттанушы ға­лым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұраттың айтуын­ша, «Неизвестная вой­на Маншук» кіта­бы ба­тырдың туғанына 100 жыл толуы қар­саңында Мәдениет министрлігінің маңызды әдебиеттер тізімі бойынша жа­рыққа шыққан. Кейін Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ба­тыр туралы баянның қазақшасын әзірлеуді сұраған.

«Қазақтың батыр қызының есімі өшпеуі керек. Ол жайында жазу идеясы 1986 жылы Орал қаласындағы Мәншүк музейіне бар­ғанда туындаған еді. «Мәншүк: мұз бен жалын жыры» атты кітапқа батырдың ғұмыр­намасына қатысты табылған деректер қосылды. Бірақ толық ғұмырнамасы алда түзілуі керек. Кітап – антисоғыстық, анти­милитаристік эссе», дейді Мақсат Тәж-Мұрат.

Қазақтың қайсар қызының туысы, Ден­саулық сақтау ісінің үздігі Шолпан Мұха­медиярдың айтуына қарағанда, Мән­шүк те тағдырдың қатал сынына ұшыраған. Ата-анасынан ерте айырылған. Сол себептен, туысы Ахмет Мәметов оны өз қызындай тәрбиелеген. Алматыдағы №28 мектепті бітірген соң медициналық рабфакта, кейін медицина институтында оқыған.

Алайда 1942 жылы 20 жасында май­данға өз еркімен аттанған. Дала гос­пи­талінде медбике болып, кейін 21-ат­қыш­тар дивизиясына қосылған. «Максим» пулеметімен жауға қарсы оқ жаудырған мерген қыз бір жылдан кейін қаза тапқан. Оған 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Ал елімізде батыр қыздың есімін иеленген бірнеше білім ордасы, өзге де нысандар бар. Мәселен, Оралдағы халық­аралық әуежай, Қызылорда қала­сындағы педагогикалық колледж Мәншүк Мәме­тованың атымен аталады.

 

Атырау облысы